Болат Бақауов Тоқаев пен Путинге Қазақстан мен Ресей шекарасындағы жүк тасымалының қиындықтары туралы айтып берді
Омбыда өткен XVI өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысқан Павлодар облысының әкімі шекарадағы ұзын-сонар кезектің салдарынан кәсіпкерлер шығынға батып жатқанын атап өтті.
Өңіраралық әріптестіктің өзекті мәселелеріне арналған форумның пленарлық отырысында Болат Бақауов қос президенттің алдында сөз сөйледі. Павлодар облысының әкімі Ресей Федерациясының шекаралық өткізу бекеттерінен жүк пен жолаушылар өтуінің қарқыны төмен екендігін атап өтті.
— Тез бүлінетін жүктерді тасымалдайтын кәсіпкерлер шекарадағы тексеріс қызметтерінің, яғни, ветеринарлық, фитосанитарлық және көлік инспекциясы, салық органдарының арасында белгіленген іс-қимыл регламентінің болмауынан зардап шегуде, — деді аймақ басшысы. – Әр көлік жіті тексеріліп, құжаттар ұзақ уақыт сканерден өткізіледі. Кейбір ауыр жүк көліктерін талаптарды сақтамағаны үшін кері қайтарады. Осы мәселені шешу бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет.
Сонымен қатар, Болат Бақауов ресейлік әріптестерін энергетика және көмір өнеркәсібі саласындағы әріптестікке шақырды. Ол Павлодар облысында электр энергиясының бір кВт-ы 2 рубльден сатылатын энергия тасымалдауыштардың артық қоры бар екендігін айтты.
Екі мемлекет басшысының қатысуымен өтетін дәстүрлі Қазақстан-Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумы осымен 16-шы рет өтіп жатыр. Осы жылы форум Омбы қаласында өтті.
Әлихан Рахметоллаұлы