Болат Бақауов: «Ұлы дала» фестивалі халық асыға күтетін шараға айналды

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов жиналған жұртшылықты дәстүрге айналған «Ұлы дала» фестивалінің ашылуымен құттықтады.

— Киелі Ертіс-Баян жерінде мұндай ірі шара осымен үшінші жыл ауқымды түрде өтіп жатыр, — деді Болат Бақауов. — «Ұлы дала» фестивалі халық асыға күтетін шараға айналды. Бүгінгі думанға жиналған бұқара халық соның куәсі. Мұндағы басты мақсат ұлттық санамызды жаңғыртып, салтымызды сақтау және дәстүрімізді дәріптеуге бағытталған. Дана халқымыз «Өткенді ұлықтау — тарихты ұмытпау» деп бекер айтпаса керек. Бүгінгі таңда бабаларымыз аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізіп, «Рухани жаңғыру» арқылы жоғымызды түгендеу — баршамыз үшін зор міндет. Осыдан үш жыл бұрын Елбасымыз Қазақстанның символдық атауын бүкіл елге паш ету жөнінде айтқан. Ұлы дала идеясы халқымызды әлемге кеңінен таныту мақсатынды белсенді жүргізілуде. Үш күн бойы жалғасатын Ұлы дала дүбірі баршаңызға құтты болсын!

Айта кетейік, Ленин кенті жанындағы 100 киіз үйден құрылған этноауылда көпшілік серуен екі күнге жалғасады. Этнофестивальдің бағдарламасында сазды-әдеби композиция, театраландырылған көрініс, ақындар айтысы, ұлттық спорт ойындары өтеді.

Бас сахнада «Сүйінбай сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі және «Ертіс-Баян әуендері» шығармашылық ұжымдары өнер көрсетеді. Спорттық алаңда аударыспақ, теңге алу, қазақ күресі, көкпар, асық ату, құсбегі, тас көтеру сияқты ұлттық ойындар көрсетіледі. Сонымен бірге, «Өнерлі елдің өрісі биік» атты қолданбалы өнер шеберлерінің көрмесін тамашалауға болады.

Әлихан Рахметоллаұлы