БӨЛТІРІК ШЕШЕННІҢ АЙТҚАНДАРЫ

Ұры-қары деген екі ат қалыпты

— Іргелес ауылдың малын ұрлаудай-ақ ұрлаймын-ау, бірақ иелері із қуалап келіп, бәрін айдап әкетеді. «Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» мен ұрламасам да, мал жоғалтқандар маған келе береді. Менде еш нәрсе қалмады ғой, – деп мұң-сырын ашыпты бір ұры Бөлтірікке. Бөлтірік шешен:

— Сенде әлі де талай-талай нәрсе қалған екен… – дейді. Аң-таң болған ұры:

— Ол не нәрсе, менде ешкімнің малы қалған жоқ еді ғой, — дейді. Сонда Бөлтірік шешен:

— Сенде «ұры-қары» деген екі атақ қалыпты, — деген екен.

Аппақ сақал қараңғыда айдай боп көрінеді

Бөлтірік ауылының бір кісісі ұрлыққа түсуін қартайғанша қоймапты. Ұрлық болғанда біреудің ұсақ-түйек бұйымын жымқырып кете береді екен. Бір күні түнделетіп көрші ауылдағы тойдан қайтып келе жатса, әлгі шал ұшырай кетеді. Оны танып қалған Бөлтірік:

— Түнделетіп неғып жүрсің? — десе, анау:

— Жәй, әшейін Бөлтеке, — деп қипақтайды.

— Арқалап алғаның не?

— Қауын, дарбыз еді.

— Оны қайдан алдың?

— Мына ауылдың қауыны пісіп жатыр екен, содан ала салдым.

— Ұрлап алғаныңыз жарамайды ғой, ақсақал.

— Қараңғы түнде кім көреді дейсіз.

— Аппақ сақал қараңғы түнде айдай көрінеді.

— Қап, мына сөзің өңменімнен өтті-ау, енді қойдым, қойдым! — депті шымбайына батқан шал.

Сол-сол екен, әлгі ақсақал ұрлық қылуын пышақ кескендей қойып кетіпті деседі ел.

Жарық дүниеге жалаңаш келген болатын

…Ауылдың төрт түлігі түгел өскен дәулетті адамы дүние салады.

— Бұ кісі жалғанды жалпағынан басып-ақ еді, міне, енді дүниеден бір кебінмен кетіп барады, — дейді көп ішінен біреу.

— Аз дүниемен кетіп бара жатқан жоқ, — дейді сонда Бөлтірік шешен. – Бұ кісі жарық дүниеге жалаңаш келген болатын.

«Үшеуміз»

Бөлтіріктің өзімен тұстас бір туысы оған кездесіп қалғанда мынадай әңгіме айтады:

— Түн ортасында бір атты адам үй тұсына келіп, «кім бар-ау, құдайы қонақпыз» деді. Нешеусің деп едім, «үшеуміз» деді. Үшеу болсаң басқа үйге барып қон, үйім тарлау дедім. Кетіп қалды. Кім болды екен деп артынан қарасам, бір-ақ адам екен. Сонда Бөлтеке, оның «үшеуміз» дегені несі? Бөлтірік ойланбастан:

— Ей, құрдасым-ай, — депті. — Ол адамның үшеуміз дегені — өзін, атын, тазысын айтқаны ғой, өзіме бір тостақ ас, атыма бір бау шөп, итіме бір сүйек болса жетеді, дегені еді, бекер қондырмағансың, «қонақ ақысы жолдан» дегенді білмеуші ме ең? – депті.