Боралдай шахтасы
Жерінде егіні жайқалған, төсінде малы мыңғырған Жуалы жері түрлі кен байлығынан да кенде емес. Соның бірі – Боралдай өңіріндегі «Боралдай» деп аталатын көмір шахтасының орны. Мұнда көмір кенінің бар екені сонау 1867 жылы-ақ белгілі болған. Жер бетіне тым жақын орналасқан оның кенін игеруге аудан жұртшылығы елуінші жылдардың бас кезінде кірісті.
Орыс ғалымдары бұл жерде көмір кенінің 1 миллион 27 мың тонна қоры барын айтқан. Боралдай көмірі Қарағанды шахтасына қарағанда жер бетіне өте жақын жатыр.
Шахта ашылған кезде осы жерден жылына 60 мың тонна көмір өндіру жоспарланған. Алайда, шахтада жұмыстың 33 пайызы қол күшімен атқарылуы, қажетті техникалардың жетіспеуі жоспарлы көмірді өндіруге тұсау болған. Соған қарамастан, шахта жуалылықтарды отынмен толық қамтамасыз еткен. Көршілес Қырғыз Республикасына да көмір сатылып тұрған. 1955 жылы мұнда 130 адам жұмыс істеген.
Боралдайда өндірілген көмірдің қызуы бүгінгі күні шеттен жеткізіліп жатқан көмірден жақсы болған. Шахтада өндірілген көмірді тұрғындар қағаз жағып-ақ тұтата берген. Шахта орналасқан жер Көлтоған ауылынан 15-16 километр. Жол ойлы-қырлы болғандықтан, оған қатынау оңай емес. Елдің айтуына қарағанда, 1959 жылы басшылар «Жол жаман, Боралдайдың көмірін өндіруге шығын көп кетеді» деген сылтаумен шахтаны жауып тастаған.
Кен орны ашылған алғашқы кезде тәп-тәуір жұмыс істеген. Табыс та мол болған. Алайда, оның басшысы көп ұзамай өз бас пайдасын көбірек ойлап, ел байлығын талан-таражға салған. Сонысы үшін көп ұзамай қызметтен қуылған. Ол кезде мұнда кадр жоққа тән. Шахтаға тағайындалған келесі басшы да істі алып жүре алмаған. Дәл осы кезде одақты басқарған Н. Хрущевтің өзін өзі ақтамайтын ұсақ өнеркәсіптерді жабу туралы жарлығы шығып, жылына 20-30 мың тоннаға дейін көмір өндіріп келген шахта жабылып қалды.
Марат ҚҰЛИБАЕВ.