Бос орындар жәрмеңкесі өз нәтижесін берді
Жұмыссыздық мәселесін шешу және азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту – кез келген қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін маңызды аспектілердің бірі. Осы мақсатта Мойынқұм ауданында 2025 жылдың 11 ақпанында Мансап орталығының ұйымдастыруымен «Жұмысшы мамандығы – мақтанышым» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Бұл шара аудан тұрғындарына жаңа жұмыс мүмкіндіктерін ұсынып, жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты нығайтуға септігін тигізді.
Жәрмеңкеге 16 мекемеден 213 бос жұмыс орны ұсынылып, оған 117 азамат қатысты. Іс-шараға аудан прокуратурасының прокуроры Орынбеков Диас Жанайдарұлы, «Қазақ Майнинг компаниясы» ЖШС-нің бас директор орынбасары Адильбеков Серик Жамболатұлы, осы мекеменің өндіріс директоры Қайым Еркінбек, Пробация қызметінің басшысы Тналиев Ақан, №8 колледжінің оқу ісінің меңгерушісі Қуанышұлы Асқар, «Аманат» партиясының өкілі Сағымбаев Ернар қатысып, жұмыс іздеушілерге тегін кеңестер берді.
Жәрмеңке нәтижесінде «Қазақ Майнинг компаниясы» ЖШС-нің өкілдері ауданның 27 резюмесін қабылдады. Сонымен қатар, гранит кесу және дайындау жұмыстары 1 сәуірде басталатыны хабарланып, сол уақыттан бастап Мойынқұм ауданының тұрғындары жұмыспен қамтылатыны мәлім болды. Бұдан бөлек, жәрмеңке аясында 22 адам белсенді шараларға (жастар іс-тәжірибесіне, қоғамдық жұмыстарға) тартылса, 12 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Бұл жәрмеңке жұмыссыз азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ұсынып, олардың еңбек нарығында өз орындарын табуға үлкен көмегін тигізді. Алдағы уақытта да осындай шаралар жалғасып, аудан тұрғындарының жұмыспен қамтылу деңгейі арта береді деп күтілуде.