Босанған әйелдің қолынан 40 күнге дейін ас ішуге болмайды.
Жас босанған әйелдің 40 күн бойы өзін күтуі керек екенін кез келген әйел білетін болар. Десек те, осыны ұстана бермейтін, аз күндік талаптарды орындау арқылы өз денсаулығын күтпейтін әйелдер де баршылық.
Ал 40 күн бойына өз жағдайын жасауға мүмкіндігі жоқтар да жетерлік… Келер ұрпақтың саулығы үшін, ана мен баланың денсаулығын күту үшін қаншама ырым-тыйымдар да бар.
Соның барлығы жәй еріккеннің ермегі, сандырақ емес, астарына үңілсек талай тағылым жатқанын түсінер едік.
Жас босанған ана мен нәрестенің күтіміне ерекше қараған ата-бабамыздан жалғасқан осынау ғұрыптың мән-мағынасын кейде көпті білген апа-әжелеріміз естір құлаққа ерсілеу ырым-тыйыммен де түсіндіргісі келетін сияқты көрінеді маған. Осындай ойға келуімнің себебі, бір құдағиымыздың өз әулетінде ұстанар салты себеп болған еді.
Ауылдан қалаға келгенде жолай әпкемнің үйіне міндетті түрде соға кетемін. Енесі адуынды, көп адам жақтыра бермесе де сол кісінің батылдығы әрі турасын айтатыны маған ұнайтын.
Қанша жерден әпкеме ұрысқанын көрсем де сол кемпірге ренжіген де емеспін. Расын айтып, турасын түсіндіріп жатады дауыс көтерсе де. Өткен жылы әпкем келін алып, қолы ұзарған еді. Биыл сол келіні әулетті қуанышқа бөлеп, шекесі торсықтай ұл әкелді өмірге.
Жолым түсіп тағы да әпкемнің үйіне барып қалдым. Үйде жиен қыздар зыр жүгіріп әпкеме көмектесіп жатты. Құдағимен шай ішіп отырғанымызда іштен келін шығып сәлемін салды да, асүйге кірді.
Ас қамымен жүрген енесіне қолқабыс жасағысы келді ме, жақын отырған бізге дауыстары естіліп жатты. «Жеңіл киінгенің не? Бар, жылы киін де жат бөлмеңде.
Бір тамақты өзім де істей аламын», деген әпкеме келіні қарсыласып жатыр. «Ыстықтап кеттім. Болған шығар, әбден терледім ғой… Сізге көмектесейін, ешнәрсе етпес», – дейді ол.
Өз келіні мен немере келінінің әңгімелері құдағиға жақпай жатқанын түйіле бастаған қабағынан білдім. «Әй! Айтқанды тыңдаса қайтеді бұл деген?! Босанған әйелді 40 күн қазанға жолатуға болмайды.
Бойың тазарған жоқ сенің… Неге түсінбейді осыны?! Сен істеген тамақты ішпейміз бәрібір! Бар, жат! Демал, балаңа қара!», – деген кемпірдің дауысынан соң келін ішке қарай зып берді. Әпкем де күле сөйлеп бізге қарай келе жатты.
Бірақ құдағидың мына сөзі маған біртүрлі естілді. О несі екен деп ойланып қалдым. Тіліме оралған сауалымды қоя алмай тұра алмадым. Босанған әйел неге 40 күн қазанға жоламайды? Неге «таза емес» ол?!
«Бүгіннің келіндерінің айтқанға көніп, айдауға жүре қоюы екіталай. Ә дегенге қарсы айтар жауабы да дайын тұрады.
Бізден бұрын өмір сүргендер хат танымаса да мына әлемді зерттеп, бүгіннің ғалымдары ашып жатқан жаңалығын біліп қойған. Соны салт-дәстүрге салып, тәрбиеге арқау етіп кеткендерін түсіне бермейді ғой бұлар?!
Баяғыда, өзім келін болып түскенде енеміз бен абысындардың айтқанына құдайдай сеніп, бұлжытпай орындаушы едік. Әсіресе, босанғанда 40 күнсіз далаға шығармайтын. Енемнің менен басқа келіні болмады, екі қайным өмірден үйленбей жатып ерте кетті.
Сонда да осылардың әрбірін босанғанда өзі еңкіш тартып қалған болса да, ауылдағы абысындарды шақырып, үйдің шаруасын істетіп алатын. «Босанған әйелді 40 күн қазанға жолатуға болмайды» дегенді мен сол кісіден естігенмін.
Соны рас деп ойлап, шынында өзімді біртүрлі сезінуші едім. Кейін түсіндім ғой. Сөйтсем, бізді жассынған енеміз әдейі айтады екен. Қазанға араласқан әйелдің қолы судан шықпасы белгілі. Ол кезде ауылда қайдағы жылы су?
Қазіргі келіндердің жағдайы жұмақ қой. Бұрын самауырдан қалған суға суымай жатып ыдыс жуып, беліміз майысып су таситын едік. Ал босанған әйелге қолын суық суға салуға, беліне салмақ түсіріп, ауыр көтеруге болмайды.
Ең ақыры, босанған соң тұмса тәні балбырап, 40 күнге дейін терлеп, бусанып жүретіні тағы бар. Мұндайда сәл салқын самалдың өзі ет пен терінің арасына кіреді. Оның шығуы қиын. Ертеңгі күні қит етсе ауырып қала беретін болады.
Одан басқа, босанған әйелдің 40 күн бойына бой тазалығын сақтаудың өзі бір жұмыс… Босанғаннан соң оны сақтау да оңай емес. Бойынан жиындысы шығып біткенше абыржиды…
Осыны білетін ауылдағы шешейлер мен енелеріміз әдейі ойлап тапқан қулық екен. Оны кейін біліп жатырмыз ғой. Сондағысы, жаман оймен емес, әбден белін көтеріп, қалпына келгенше күтім керек екенін түсіндіру ғой жас келіндерге.
Әйтпесе, өздері ана болып отырса да, бұлардың ақылы тоқтағанша қайда әлі?! Өздері бала, балалық жасап денсаулықтарын бірінші босанғаннан бұзып алса, келесі баласын қалай әкеледі өмірге?», – деп әлгі тыйымының мәнісін сыбырлай айтып түсіндіріп берді құдағи.
«Сенің әпкеңді де мына бесеуін босанғанда да солай 40 күн жолтпағанмын қазанға. Өтірік болса өзі айтсын, міне!», – деп адуынды кемпір күлімсірей мені өзімсіне иығымнан түйіп қалды…
Ал менің есіме перзентханада көргендерім түсті. Жеңіл-желпі киініп, «осы басқа ұлттың әйелдер туа сала көшеде жүреді ғой, соларға түк те болмайды» деп газды су ішіп, үлкендердің айтқанына құлақ аспайтын әйелдерге біздің құдағи сияқты бір ене керек пе деп ойлап, өз ойыма еріксіз жымидым…
Маржан Садықова.