«Ботайды» тапқан Есләмбек, әлемге танытқан Зайберт

2018 жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты ауданымызда «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» құрылған болатын. Осы орайда біз «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры Уәлихан Құлбаевпен сұхбаттасқан едік.

 

Жылқының 70 мың  қаңқасы табылған

— Ал енді оқырмандарымызға түсінікті болу үшін қысқаша Ботай мәдениетіне тоқталып өтсеңіз.
— Ботай мәдениеті — энеолит дәуірінде Солтүстік Қазақстанды мекендеген тайпалар мәдениеті. Ол біздің ауданымызға қарасты Никольское ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 1,5 шақырым жерде Ботай қоныстарына байланысты аталған.
Ботайдың әкесі Досан Абылай ханның замандасы, жақын серіктерінің бірі болған. 18 жасынан хан жасағына қосылып, ерлік істерімен көзге түскен. Досан батыр Абылай ханның Петерборға жіберген елшілерін екі рет басқарып барған. Бұл мұрағат құжаттары Сырымбет ауылындағы Шоқан Уәлихановтың мұражайында сақтаулы тұр. Ботай бабамыз Айғаным ханшамен көрші қонған. Кенесары ханның көтерілісіне кенже ұлын аттандырған. Оқыған-тоқығаны, өмірден түйгені көп қажы отаршыл әрекеттерге қарсы шығып, патшаға қызмет етуден саналы түрде бас тартқан. Ауылдастарының басын біріктіріп, елдіктен, жерден айырылмаудың барлық жағдайларын қарастырып отырған. Енді бұл атауға «мәдениет» деген сөз тіркесіп, ғұн мен сақ бабаларымыздың ат тұяғы тиген Айыртау өңірін мекендеген бағзы замандардағы ежелгі адамдар өркениеті жайлы әлем құлақтанып отыр.
Ботай мәдениеті жайлы алғашқы мәліметтер өткен ғасырдың 70-жылдары жариялана бастады. Ғылымға беймәлім жәдігерлер мен құнды заттарды алғаш рет тарих пәнінің мұғалімі, республиканың еңбек сіңірген ұстазы, марқұм Есләмбек Зәкіриянов кездейсоқ тапқанын атап өткен жөн. Жергілікті өлкетанушы оқушыларды Ботай ауылының ескі жұртына апара жүріп, шашылып жатқан мал сүйектерінің қалдықтарын, аңшылық құралдар сынықтарын, тастан, балшықтан жасалған ыдыстарды кезіктірген. Олардың бұл жерде жай жатпағанын сезіп, Көкшетау облыстық мұражайына экспонат ретінде ұсынған. Бәлкім, оның туған жер тарихын зерттеуге деген құлшынысы мен ерен сүйіспеншілігі келешектегі үлкен тарихқа қозғау салған болар. Әлемді дүрліктірген оқиға осындай көзге көрінбейтін елеусіз істен өріс алғанын, оның бастауында Есләмбек аға тұрғанын біреу білер, біреу білмес.
1980 жылдары Петропавл педагогикалық институты тарих пәнінің оқытушысы Виктор Зайберт экспонат ретінде қойылған тастан, сүйектен, балшықтан, мүйізден жасалған құралдар мен қаруларға көңіл бөлмегенде шаң басып жата берер ме еді. Жас ғалым Ботай қалашығына арнайы экспедициялар ұйымдастырып, қазба жұмыстарын талмай жүргізді. Сөйтіп, 158 елді мекеннен 120 мыңға жуық заттай айғақтар ұшырасты. Басты олжа сол, жылқының 70 мың сүйегі табылған. В.Зайбертке «Ботай — ежелгі адамдар мекені» еңбегі үшін Берлин институтының корреспондент-мүшесі ғылыми атағы берілді. Тың тақырыпты одан әрі індете зерттеп, Ботайды айдай әлемге танытты. Алайда, Ботай ауылынан ежелгі адамдар қонысының табылуы әлем ғалымдарының назарын аударып, ашық күндегі найзағайдай әсер еткенімен, мұндай тосын оқиғаға сенбеушілер табылмай қалған жоқ. Әсіресе, Кеңес Одағының ғалымдары тың жаңалыққа тосырқай қарап, «ұлы державалық» көзқарастан аса алмай жатты.
1983 жылы Ботай жерінде бүкілодақтық, 1995 жылы бүкіләлемдік семинар-симпозиумдар өткізіліп, осыдан 40-50 ғасыр бұрын қылқұйрықтың алғаш қолға үйретіліп, үй малы ретінде өсірілгені, бие сүтінен қымыз ашытылғаны, бағзы заман адамдары бүгінгі қазақтардай жылқы малын көлік, етін тамақ, сүтін сусын ретінде пайдаланғаны ғылыми тұрғыдан тұжырымдалды. Қазба жұмыстары жылқымен бірге арбаның да бірінші болып қолданылғанын дәлелдеді.
Ботай мәдениетінің ашылуы Қазақстанның тарихын одан әрі ұлғайтып, тарих тегершігін 53 ғасыр кейін айналдырды деуге әбден болады. Бұл — даусыз шындық. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Ботай мәдениетін зерттеу одан әрі жалғастырылды. Шетелдік ғалымдарды Ботайдың біздің заманымыздан төрт-бес мың жыл бұрынғы тарихи дәуірдің мәдени мұрасы болып табылатыны өте-мөте қызықтырды. Америкалық оқымысты Д.Энтонидің «қазіргі заманның ғалымдары әлемдік тарихтың көптеген сауалдарына жауапты «Ботайдан табады» деген салиқалы пікірі кері тартушыларға тоқтау салды. Кембридж университетінің профессоры М.Левина бастаған ғалымдар ғылыми-зерттеу экспедициясын ұйымдастырды. Би-Би-Си телекомпаниясы ерте дәуір адамдарының өмірі, олардың тыныс-тіршілігінің бөлінбес бір бөлігіне айналған жылқы жайлы телехабарлар түсірді. В.Зайберт Корольдік ғылым академиясының шақыруымен Лондонға барып, Белфаст, Оксфорд, Эдинбург секілді беделді университеттерде дала өркениеттері жайында дәріс оқыды. Кембридж археологиялық мұражайында Ботай мәдениеті туралы көрме ұйымдастырылып, әлемдік археологияның үздігі деп танылды.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарлама аясында да біраз шаруалар тындырылды. Көкшетау ұлттық паркінің бастамасымен бұл мекенде тарихи-археологиялық қорық ұйымдастырылды. 1,5 гектар аймақты алып жатқан қалашық айнала қоршалып, 158 үйдің орны қазылып, қалпына келтірілді. Олар қабырғалары бір-біріне жалғастыра салынған бірнеше тұйықталған бөліктерден тұрады. Мұндай томаға-тұйық жоспарланған орындарға жататын құрылыстар 30-ға тақау. Олардың ішінен белгілі бір жүйемен ені 4-8 метр, ал ұзындығы 50 метрге дейін жететін қаз-қатар көшелердің екі жағына кейде 15-16 үйден салынған. Шаруашылық құралдары да көз қызықтырарлық. Көбіне алуан түрлі тастан, саз балшықтан, сүйектен жасалғаны бірден байқалады. Ал, құрал-саймандарға қарап шаруашылықтың күрделі болғанын аңғаруға болады. Тас тоқпақтар, пышақтар, қанжарлар, сүңгілер, найзалардың ұштары, тағы аңдар, шанышқылар, балық аулауға, жүгеннің сүйек тетіктер мен ілгектері жылқы ұстауға арналғанын болжау қиын емес. Тұрғын үйлер салу кезінде балға, шот, қашау, кескіш, қырғыш секілді ағаш өңдейтін аспаптар молынан пайдаланылған. Қосалқы саймандар арасында шой балғалар, түрпілер, шақпақтастан жасалған бұрғылар жиі кездеседі. Тері өңдеу ісінің, керамика өндірісінің, тігіншіліктің жолға қойылғанын айғақтайтын заттар жеткілікті. Орасан зор мөлшердегі остеологиялық материалдардың басым көпшілігіне жылқы сүйектері жұмсалған. Жерлеу ғұрпына байланысты бірқатар символдық заттар бабаларға табыну дәстүрінің болғанын көрсетеді.
Ботай — Қазақстандағы ерте дүние аймағының ең көне мекені, біздің заманымызға дейінгі 53 ғасыр бұрынғы тарихи дәуірдің асыл мұрасы. Осы жерден дала өркениеті басталды деуге толық негіз бар. Жылқы малының қолға үйретілуінің саяси-әлеуметтік маңызын да жоққа шығаруға болмайды. Тұрмыс-тіршілігі жылқының тісі мен тұяғына тікелей байланысты көшпелі қазақ халқы бұл өлкеге келімсек емес, керісінше, 4-5 мың жылдан бері арда түліктің қазысын кертіп жеп келе жатқан байырғы тұрғын екенін айғақтайды.

 

53 ғасырлық тарихи мекенге туристер де қызығады

— «Ботай» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының қызметі мен келешегіне қысқаша тоқталсаңыз.
— Музей — қорықтың негізі Солтүстік өңірде мәдени-туристік кластерлерді дамытуға, сондай-ақ, ауданымыздағы киелі орындарды қорғауға, насихаттауға бағытталған.
Музейді құру жөніндегі жобаның негізгі мақсаты — аймақтың табиғи-географиялық және тарихи ландшафтын сақтау, оны тереңдете ғылыми зерттеу. «Тірі» археологиялық ескерткіштер мен олардың тұрмыс ортасы өңірлік және халықаралық туризм объектілерін жетілдіру.
Бұл жоба Солтүстік Қазақстан облысының туристік әлеуеті артырып, қазіргі заманғы автоматтандырылған ақпараттық жүйелердің тиімділігін жетілдіріп, тарих және археология саласындағы мұражай құрылымының консультативтік базасын нығайтады. «Ботай» туристік орталығы ормансыз алқаптарда қоныстанған аудандардың тұрғындары үшін демалысқа таптырмайтын мекен. Күзгі-қысқы туризмді дамытуға ыңғайлы.
Қорық маңындағы елді мекендерді, соның ішінде әсем табиғатты Иман-Бұрлық өзенінің бойындағы Никольск ауылын абаттандыру өте маңызды. Себебі, бұл мекендер Көкшетау-Қостанай күре жолы бойында орналасқан. Жоба арқылы келешегі жоқ ауылдар мен шалғай елді мекендердің тұрғындарына жайлы жағдай жасауға мүмкіндік туады. Ауылда туристік кеңселер, базарлар, тұрақтар, туристік индустрия өнімдерін өндіру және сату жөніндегі шағын бизнес кәсіпорындары орналасуы мүмкін. Қазірдің өзінде бұл көне қонысқа қызығушылық жоғары. Сол жерге туристердің қиындықсыз жетуі үшін жақсы тас жолын салу мәселесі де шешілетін болады.
Бірегей кешеннің сақталуын қамтамасыз ету үшін тиісті инфрақұрылым құру қажет. Музейдің құрылысы ғылыми-зерттеу, консервациялау және археологиялық бағдарламаларды жүргізу үшін ғана емес, туристерді тарту бойынша бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Ғылыми зертхананы құру ғылыми-зерттеу, консервациялау жұмыстарын, егжей-тегжейлі ғылыми зерттеулерді жүргізу, жер бетінің өзгеруін және климаттық жағдайларды, ағартушылық және білім беру бағдарламаларын зерделеу үшін жағдайларды қамтамасыз етеді.
Жобаны іске асыру туристерді тарту бойынша бәсекеге қабілеттілікті арттырып, нарықта экспорттың әлеуетін кеңейтіп, туристер тартуды жақсартады. Бірақ, жоба іске асу кезеңінде туристерді коммерциялық негізде тарту қарастырылмайды. Себебі, «Ботай» мұражайы ғылыми-зерттеу, консервациялау, археологиялық, ағартушылық және білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету үшін құрылған.
Осылайша, ғылыми мамандар қорық аумағында тегін тұратын болады, бұл олардың санын 15 адамға дейін арттыруға мүмкіндік береді. «Ботай» музейі құрылысының нәтижесімен 2021 жылы туристер ағынын 245 пайызға ұлғайту жоспарлануда. Болжамдық деректер бойынша 2021 жылдан 2024 жылға дейін туристер ағынының тиісінше 7000-ға 9000-ға дейін артуы күтілуде. Сондай-ақ, жоба іске асырылған жағдайда қосымша 30-ға жуық тұрақты жұмыс орны құрылатын болады.
Жалпы, музейдің құрылысы ғылымның, білім мен мәдениеттің одан әрі дамуына, ел халқын патриоттық сезімге, идеялық-адамгершілік және эстетикалық тәрбиелеуге серпін береді. 2019 жылғы 1-ші наурыз күні «Ботай қонысы» насихаттау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласында Алғыс айту күніне арналған «Қымыздан қуат алған біртұтас ел» атты көрме өткіздік. Көрмеге келушілер сұрақтар қойып, ежелгі дәуір дүниелерін қызықтады. Келушілердің арасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары мен қазақ халқының өткен тарихына қызығушылық танытқан азаматтар көп болды.
— «Ботай мәдениетін» әлемге таныту мақсатында қандай іс-шаралар жоспарланған?
— Ендігі кезекте біз «Ботай мәдениетін» әлемге таныту мақсатында мынадай шараларды атқаруды жоспарлап отырмыз:
Біріншіден, Ботайда археологиялық жұмыстар әлі де толық аяқталмағандықтан, бұл жұмыстарды одан әрі белсенді түрде жалғастыру және табылған артефактілерден Европаның, Азияның ірі мемлекеттерінде «Ботай мәдениетіне» арналған көрмелер ұйымдастырамыз.
Екіншіден, 2019 жылдан бастап археологиялық жұмыстардан кейін объектіге консервациялау жұмыстарын жүргізу қажет.
Үшіншіден, Ботайға келетін туристердің санын арттыру мақсатында мұнда туристерге қызмет ететін заманауи орталықтар қажет. Осыған орай, алдағы жылдары «Ботай» сапар орталығын салуды қолға алмақшымыз. Мұнда туристерге қажетті барлық инфрақұрылымдар — дәмханалар, кәдесый дүкендері, шеберханалар, конференцзалдар және т.б. жұмыс жасайтын болады. Бұл сапар орталық заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, келушілерге жоғары деңгейде қызмет көрсетуге, мәдени-ағарту, ғылыми зерттеу жұмыстарын жандандыруға үлкен үлес қосатын болады.
Сондай-ақ, «Ботай» сапар орталығы аумағында атқа міну мәдениетін әлемге паш ету үшін және ат ойындарын көрсетуге арналған ипподром салу да жоспарда бар.
— Мағыналы сұхбатыңызға көп рақмет! Ісіңіз ілгері болсын!

Сұхбаттасқандар — Дахан Шөкшир,
Жанат Сабит