Ботайдың кім екенін білесіз бе?
Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын атап көрсеткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Туған жер” бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Мемлекет басшысының мақаласында айтылғандай, туған жер — әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Ауылыңның, өлкенің тарихын білу — рухани жаңғыру, ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың кепілі деуге болады.
Бүгінде Үкіметіміздің шешімімен “Туған жер” бағдарламасы бойынша Қазақстанда мемлекеттің қаржысымен құрылатын үш тарихи қорымның біреуі — Ботай қонысы.
Ботай ауылының аймағын ғылыми-зерттеу өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары басталды. Сол кезден бастап Ботай деген атау ғылыми айналымға еніп, енді Ботай мәдениеті деп атап жүр. Ботай қонысының табылуы бүкіл әлем ғалымдарының назарын аударған тосын оқиға болды десек, артық емес. Себебі, Ботай ауылының түбінде осыдан бес мың жылдан артық уақыт бұрын ежелгі адамдар жабайы жылқыны қолға үйреткені дәлелденіп, сол арқылы біз тарих дөңгелегін 53 ғасыр кейін айналдырдық десек, артық емес. Сөйтіп, Ботай мәдениетінің ашылуы Қазақстанның тарихын одан әрі ұлғайтты. Егер осы оқиғаға дейін біз өз тарихымызды үш мың жыл деп, яғни көбінесе сақ дәуірінен бастайтынбыз, енді оны бес мың жыл ауқымында айшықтауға мүмкіндік туды.
Демек, Ботай ауылы — адамзат үшін Адам атаның қо¬нысы дерліктей киелі жер. Ол — Қазақстандағы ерте дүние аймағының ең көне мекені. Мұндай құрмет әрбір ауылдың еншісіне тие бермейтіні белгілі. Ботай мәдениеті туралы көп жазылып жатыр, оның негізінде академик, доктор, кандидат деген ғылыми атақтар да алып жатыр. Ботай бабамыздың шапағаты адамдарға тие берсін дейміз, ол көпшіліктің, жалпы адамзаттың көне мекеніне айналды ғой деп қуанамыз. Менің бүгінгі мақсатым — Ботай бабамыздың өзі кім болғанын, тек ауылының атымен ғана шектелмей, жеке басын жұртшылыққа таныстыру еді.
Осы тарихи орынның ашылуына себепші болған тағы да Ботай бабамыздың бүгінгі көптеген тікелей ұрпақтарының бірі Есіләмбек Зікірияұлы ағамыз болатын. Есіләмбек Зікірияұлы 1927 жылы туған, біздің ауылда соғыстан кейінгі жылдары бастауыш мектептің мұғалімі болды, содан кейін Қарағанды пединститутының тарих факультетін бітіріп, тарих сабағын жүргізді. Бастауыш мектептегі менің де құрметті ұстазым. Жоғары білім алғаннан кейін ол кісіні көрші Никольский селосына жетіжылдық мектептің директоры етіп жіберді. Ол село Ботай ауылынан 3-4 шақырым жерде, Иман-Борлық өзенінің жағасында.
Тарих пәнінің мұғалімі ретінде Есіләмбек ағамыз сыныптың оқушыларын селоның іргесіндегі өзен жағасына экскурсияға апарып жүреді. Оның тарихшы ретіндегі қызыққаны: осы өзеннің жағасы кәдуілгі малдың сүйектеріне толы, айналада шашылып жатыр және олар өте көп. Міне, осы жағдай ол кісіні қызықтырып, жәдігерлерді облыс орталығындағы Көкшетау облыстық мұражайына апарып тапсырады. Сол мұражайда экспонат ретінде олар он шақты жыл тұрады. 80-ші жылдардың басында көрші Петропавл қаласындағы пединституттың тарих пәнінің оқытушысы сол экспонаттарды көріп, мұнда қайдан келгенін біліп, Никольскийге тартады. Міне, Ботай мәдениетінің ашылуы осындай кездейсоқ жағдайдан бастау алады.
Бүгінгі күні ғалымдар да, жай халық та Ботай мәдениетін біледі, ал бірақ оның кімнің атымен солай аталғанын, тіпті, білмейтіні қынжылтады. Мен енді сол әділетсіздіктің орнын толтырып, Ботай бабамыз туралы аз-мұз мәлімет берсем деймін. Екінші мақсатым — Ботай бабамыз тарихымыздан лайықты орнын алып жатса, мемлекеттік қорықтың ашылуына байланысты комиссия мүшелеріне құлаққағыс қылып, ардақты тұлғаны да ұмыт қалдырмай, оның зиратының басына лайықты белгі қоюға көңілдерін аудару еді. Тіпті, оның зираты ауылының іргесінде, сонадайдан көрініп те тұр. Қазірде Ботай баба қабірінің маңында тас-құм шығаратын карьер жұмыс істеп жатыр екен. Олар қабірдің басындағы белгіні алып тастап, оны карьерге айнал¬дырып жіберуі де мүмкін. Енді ке¬шік¬сек, тіпті, Ботай бабамыздың жатқан жерінен де айырылып қалуымыз мүмкін.
Ботай бабамыз сондай құрметке лайық па, әлде оның лауазымы тек ауылының атымен ғана шектеле ме?
Ботай көзі ашық зиялы азамат, қажылық парызын өтеген, би болған. Отаршылдық саясатқа қарсы болады, жергілікті орыс әкімшілігіне жағынудан, қызмет етуден бас тартады және өз ауылдастарына ақылын айтып, отаршылдардың қитұрқы әрекеттерін әшкерелеп отырады. Әрине, Ботай сияқты көзі ашық, зиялы азаматтардың қазақ же¬рінде көп болғанын байқауға болады. Бұрынғы кеңес¬тік идеология қазақтар орыс шаруаларының келуін қуана қарсы алып, олардан егіншілікті, тағы басқа нәрселерді үйренді деген қауесеттерді санамызға сіңіріп келгенін білеміз.
Ботай бабамыздың әкесі Досан да — қазақ тарихында өз орны бар тұлғалардың бірі. Ол — Абылай ханның замандасы. Он сегіз жасынан ханның жасағында болып, жорықтарына қатысып, ерлік көрсеткен. Есейе келе ханның сенімді серігі болады. Т.Сәдуақасовтың “Ел мен жер” атты кітабында: “Әбілқайыр ханмен бірге ант бергендер Орта жүз, Арғын руынан… 19. Қарасай батыр (Қосқұл, Ораз), 22. Досан батыр”, — делінген. Бұл автор өз кітабын тек қана мұражай құжаттарына сүйеніп жазған, сондықтан біз оған сенеміз, Досан бабамыздың батыр, Абылай ханның сенімді серігі болғанына қуанамыз.
Ботай бабамыздың кенже, жетінші ұлы — Кенжебек. Өзінен бұрын жүз жыл бұрын өзінің атасы Досан батыр Жоңғар басқыншыларынан елін азат етсе, енді сол қалмақтардың жолына түсіп, еліне баса-көктеп кірген Ресей империясына қарсы Кенесары ханның көтерілісіне өз еркімен аттанып, азаттық жолында жанын құрбандыққа шалады. Кенжебек бабамыздың осы ерлігіне дәлел ретінде мынадай құжаттарды келтіруге болады. Ботай бабамыздың немересі Шәлтік және Жақия қажылардың жазбаларынан табылған мына жолдарды келтірейік:
“Ботайдың кенжесі Кенжебек 23 жасында Кенесарының сарбазы болып, Көшқұлыдан жүздеген жігітті ертіп, көтерілісшілерге қосылыпты. Көптеген ерлігін елге оралған жігіттерден естіп, риза болдық. Кенжебек Ақмола қамалын алғанда ерлікпен қаза тапқан”. (Шәлтік қажы, 1925 жылы қайтыс болған).
Жетінші Кенжебегі батыр туған,
Кенесары сарбазы боп өзі аттанған.
Бостандықты аңсаған Кене ханмен,
Қамалын Ақмоланың бірге алған.
Кенжебек тас қамалда ойран салды,
Ілгері ұмтылыпты топты жарып.
Сегізін патша әскерін жайратқан соң,
Ақыры ерлікпенен қаза тапты. (Жақия қажы).
Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда, Ботай ұрпақтарының ішінде ең білімдісі Шәлтік қажы болған дейді, екі рет қажылыққа барған, еліміздің қажылар кітабында 1905 жылы Ботай округінен барған деген дерек бар. Оның ұлы Сүлеймен де әке жолын қуып, білімді, шешен болған, би болып, заманындағы әртүрлі қоғамдық-әлеуметтік мәселелерге белсене араласып, әділ төрелік еткен. Інісі Бәшәрдің өзі сияқты шешендік, іскерлік қабілетін сезіп, ел басқару ісіне араластырады, келешекте өз орнына баулиды, сондықтан оны ылғи жанына ертіп жүреді.
Әрине, Сүлейменнің, Бәшәрдің одан әрі ел басқарып, халыққа адал қызмет етуіне кеңес өкіметінің орнауы кедергі жасайды, олардың қанатын қияды. Сүлеймен 1927 жылы 54 жасында аң аулап жүргенде суық тиіп, қайтыс болады. Шәлтік, Бәшәр сияқты басқа да зиялы аталарымыз болды, себебі, Ботайдың барлық ұрпақтары, немерелері мен шөберелері, т.б. бір-бірінен кем болған жоқ. Олар сауатты, білімді, асыл азаматтар болған.
ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдары және жаңа ХХІ ғасырдың басында өмір сүріп жатқан Ботай ұрпақтарының өмірі де өте күрделі болды. Оған таңғалуға болмайды, себебі, мұндай жағдайды бүкіл халқымыз басынан кешірді емес пе?
Ботайлықтар ұжымдастыруды да, аштықты да, сталиндік қуғын-сүргінді де, Отан соғысының ауыртпалығын да бастарынан кешірді. Олар өз еліне, жеріне адал қызмет етіп, жаңа ұрпақтың өсіп-өнуіне бар күш-жігерлерін жұмсады. Бұларды біз Ботай атамыздың үшінші ұрпағы дегеніміз жөн.
Міне, осы ұрпақтың заманы қандай болды деген сұрақ туады.
Иман-Борлық өзені жағасындағы шұрайлы Ботай бабамыздың қонысына Никольское деген орыс селосын қонжитты. Оның жанындағы нағыз егін салатын алқапқа Высокое деген орыс селосын орнатты. Грачевка, Казанка, Кирилловка, Все-володовка, т.б. орыс селолары ботайлықтарды жан-жақтан қоршап алды. Колхоз құрылғанда Ботай колхозында 800 гектар ғана жері болатын, ал маңайындағы орыс колхоздарының жерлері екі-үш есе көп болатын. Міне, қыспақ деген осы, ғасырлар бойғы өзіңнің жекеменшігіңнен айырылу осы емес пе?
Осындай қилы заманда өмір сүрген Ботай ұрпақтары өз елдігін сақтап қалды, ұжымдасып, бір ауыл болып еңбек етті, келешекке үлкен үмітпен қарады, оқып, білім алуға тырысты, қажет болғанда, Отанын қорғауға да шын ықыластарымен аттанды.
Осы орайда Батырханның ұлы Қами ағамызды ерекше атауымыз керек. Ол орта мектепті бітіріп, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының жағрапия факультетін бітіреді де, сол институттың тарих мамандығы бойынша сырттай оқуға түседі. Ботай ұрпақтарының ішінен алғаш ғылым кандидаты болады.
Бұл ұрпақтың ерекшелігі — соғыстың жеңісінен кейін келешекке үлкен үміт артып, бейбіт өмірге белсене араласуы, оқу оқып, мамандық алуы, балашағаны өсіріп, елдің көркеюіне атсалысуы. Ботай ауылының жастары осы бағытта көптеген жетістіктерге жетті деуге болады. Мектепті бітіріп, жоғары оқу орындарына түсті, мамандық алып, әр салада қызмет етті. Ал тәуелсіздігіміз нығайып, өркендеген заманда да Ботай ұрпақтары өз жерінің тектілігін жалғастырды. Іскер азаматтар да, ғалым да, мемлекеттік қызметкер де, министр де, әкім де шықты. Қалит Зікірияұлы министр болса, Манарбек Бүркітбайұлы Көкшетау қаласының әкімі болып біраз жыл абыройлы еңбек етті. Үш ғылым докторы, оның ішінде екі медицина ғылымдарының докторы бар. Профессор Абай Байгенжин қазір “Ұлттық ғылыми медициналық орталығы” акционерлік қоғамының директоры болып қызмет атқаруда. Одан кейінгі осы саланың докторы, профессор Әділ Хамзин — урология саласының халықаралық деңгейдегі маманы. Ал ғылым кандидаттары болып қызмет етіп жатқан ботайлықтарды айта берсек, өте ұзын тізбек болуы мүмкін.
Бұл арада біз Есіләмбек ағамыз жайлы айтуды парыз деп есептейміз. Өйткені Ботай ауылының атын бүкіл әлемге әйгілі қылған осы ағамыз. Ботай мәдениетінің ашылуы — қазақ тарихының ерен олжасы. Ол нені көрсетеді? Ол бүгінгі қазақтардың тегі, ата-бабалары осы жерден, яғни байырғы қазақ жерінен, осы аймақтан басталады деген сөз. Тас дәуірінен бастап осы жерлерде мекендеген тайпалар — бүгінгі қазақтың тегі. Қазақтан басқа ешкім мұнда тұрған жоқ. Міне, Есіләмбек Зікірияұлының ашқан ең басты жаңалығы осы. Ботай баба атымен айшықталған, күллі әлемге әйгіленген Ботай мәдениеті — қазақ тарихының ажырамас бөлігі, тұма бастауы.
Әміржан Шалтықов