Ботакөз батыр
(ХҮІІІ ғасыр)
Тама Есет батырдың қызы Ботакөз жас кезінде апасы Жапалақпен бірге жүріп, одан соғыс өнерін үйренеді. Жапалақ Тілеулі батырға ұзатылып кеткеннен кейін де онымен аралары үзілмейді. Жапалақта Тілеулі батырмен бірге жорықтарға қатысып, құралайды көзге ататын мергендігімен қалмақтардың талайларын жайратады. Тек Нияз биге екіқабат болып, оны өмірге әкелген соң ғана бала тәрбиесіне көңіл бөліп, шайқастарға шығуын сиретеді.
1742 жылы Есет батыр мен Тілеулі батыр Әбілхайыр хан шақыртып, екеуі жол жүріп кетеді. Соны біліп алған жоңғарлар түн ішінде ауылдың жылқысын алып кету үшін шабуыл жасайды. Олардан жылқыны тартып алмақ болған қуғыншыларды жоңғарлар қырып салады. Сол сәтте Ботакөз бірден ер адамның кимін, жеңіл көзе сауытын киіп, қолына қару алып, 150 сарбазбен шапқыншыларға қарсы шығады. Жоңғар қалмақтары болса, жолындағы қазақ ауылдарына қырғидай тиіп, тонап, қыз-келіншектерін көгендеп, үйір- үйір жылқысын алып, өз елдеріне қарай беттеген екен. Кенеттен » Қарабура! Қарабура! «- деп ұрандатқан жас батыр қарулы жасағымен тап береді. Қалмақ басшысы Қонды деген тайшы екен. Қазақ жасақтары оны жан- жағынан қоршап, өлтірмек болғанда олардың бір буйірінен курең атын ойнақтатып шыға келген жас батыр қолындағы бұғалығын қонтайшының мойнына салып келіп жібереді, оны астындағы дәу торысын үстінен жұлып алады. Қолбасшысының жер құшқанын көрген қалмақтар бытырай қашып, көбі садақ оғына ұшады. Бұл курең атты жас қазақ батыры- Тама Есет тарханың жалғыз қызы Ботагөз сұлу екен.
Қалмақ қонтайшысы қазақ қызынан жеңіліп, тұтқыны болғанына қатты намыстанып, керемет қорланады. Сіңілісінің бұл жеңісін естіген Жапалақ қыпшақ елінде ақсарбас шалдырып, той жасайды. Ботакөз Есетқызының осы ерлігін растайтын құнды тарихи құжаттар Ақтөбенің облыстық мұражайында бар екен.