БҚО әкімі Ресей облыстарының басшыларымен байланысқа шықты
Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ.Есқалиев РФ-ның Орынбор және Саратов облыстарының губернаторларымен онлайн-кездесу өткізді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңір басшысының Орынбор облысының губернаторы Денис Паслермен келіссөзі барысында Жайық трансшекаралық өзенін сақтап қалу бағдарламасы сөз болды.
Ғали Нәжімеденұлы Жайық өзенінің проблемасын шешудің бағдарламасын бірлесіп нақтылау қажеттігін айтты. Денис Паслер өз сөзінде Табиғи ресурстар министрлігі РФ Президентіне бағдарламаның дайындығы және қаржыландыру көзін анықтау туралы есеп дайындап жатқанын атап өтті.
– Бүгінде өңірлер арасында ғылыми ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Мәселен, бұрын Орынбор сиыр еті институтының қызметкерлері облысымыздағы қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын өсірумен батысқазақстандық ғалымдармен бірлесе айналысқан. Осы ынтымақтастықты қайта жандандыру қажет деп санаймын. Сонымен қатар біздің ғалымдарымыз Ресей ғылым академиясы, Урал бөлімшесінің дала институтымен, Ресей Федерациясының биологиялық жүйелер мен ауылшаруашылық технологиялар федералды ғылыми орталығымен жұмыс істеуге де мүдделі, – деді облыс әкімі.
Батыс Қазақстан ет, трансформатор, полиэтилен құбырларын экспорттаса, Ресейдің көршілес Орынбор облысында азық-түлік өндірісі жақсы дамыған. Оны біздің аймаққа экспорттаудың болашағы бар. БҚО әкімі екі аймақ арасында іскерлік ынтымақтастық клубын құруды ұсынды. Орынбор кәсіпкерлерінің БҚО-ның инвестициялық жобаларына қатыса алатынын, өңірде инвесторларға барлық жағдай жасалғанын жеткізді.
Келіссөз барысында облысымыздағы Бөрлі ауданының тұрғындарын мазалайтын сұрақ та көтерілді. Бұл – Орынбор облысының Ташла ауданындағы газ-кен орнындағы газ қалдықтарының шамадан тыс ауаға таралуы. Ғали Есқалиев осы мәселе бойынша бақылауды күшейтіп, біздің өңірдің мамандарына газ қалдықтарын ауаға шығу мөлшерін өлшейтін құрылғылармен жұмыс істеуге рұқсат беруді ұсынды. Орынбор облысының губернаторы облыс әкімінің ұсынысын қолдады.
Сонымен қатар Ғали Есқалиев Ресейдің Саратов облысының басшысымен де онлайн-кездесу өткізіп, «Фомин» өткізу бекеті арқылы автокөліктерді өткізу жұмыстарына дайындық мәселесін талқылады. Губернатор Валерий Радаевтың айтуынша, Александров Гайдан «Фомин» бекетіне дейінгі жолды жөндеу 2021 жылы басталады. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң, «Фомин» өткізу бекетін автокөліктерге ашу жоспарланған.
БҚО әкімінің айтуынша, ІҚМ етін аталған бекет арқылы өткізу екі жаққа да тиімді және осы бағыттың үлкен әлеуеті бар. Сондай-ақ Ғали Нәжімеденұлы БҚО тарапы бекеттің жұмысы жандану үшін қажетті инфрақұрылым салуға дайын екенін жеткізді.
Кездесуде Ғали Есқалиев екі аймақтың кәсіпкерлері арасындағы іскерлік ынтымақтастық клубының жақсы жұмыс жасап тұрғанына назар аударды. БҚО-да коронавирус індеті өршіп тұрған кезде Саратов облысының кәсіпкерлері жеке қорғаныс құралдарын жеткізіп қолдау көрсетті. Сонымен қатар Саратов мемлекеттік медицина университетінің қызметкерлері мен жергілікті дәрігерлер арасында кәсіби кеңес алмасу жоғары деңгейде болғанын атап өтті.
Губернаторлармен болған онлайн-кездесулер барысында облыс әкімі эпидемиологиялық ахуал жақсарған жағдайда, келесі жылы экологиялық, спорттық және мәдени іс-шараларды, екіжақты сауда жәрмеңкелерін үзбей өткізіп тұруды ұсынды.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы