БҚО-да 6900 адам індеттен сауықты
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Батыс Қазақстан облысы аумағында коронавирус жұқтыру бойынша барлығы 7300 жағдай тіркелді. Оның 3570-інде ауру белгілері байқалса, 3730 науқаста еш белгі байқалмаған.
Бұл туралы жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәжілісіне қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова баяндады. Өңірдегі эпидемиологиялық жағдай және қабылданған шаралар жөнінде айтып өткен басқарма өкілі бүгінде 6900 науқас сауыққанын жеткізді. Өкінішке орай, 121 азамат жұқпалы індеттен көз жұмған. – Жалпы аурушаңдық көрсеткіші 1107,1-ді құрайды. Аурудың өсу қарқыны – 0,33. Тасқала, Жәнібек, Ақсай және Сырым санитарлық бекеттері жанында ашылған 185 төсек-орындық төрт карантиндік стационарда 28 науқас жатыр. 333 төсек-орындық алты жұқпалы аурулар ауруханасында 113 адам ем алуда. Сондай-ақ өкпені жасанды желдету аппараттарымен жабдықталған 38 реанимациялық орын бар. Қазіргі таңда жансақтау бөлімінде 10 науқас емделуде, ал өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған адам жоқ, – деді Гүлнәр Мақсотқызы. Айтуынша, жұқпаға шалдыққан науқастардың 80 пайызы – 60-80 жас аралығындағы егде тұрғындар. Сонымен қатар емделушілердің басым көршілігінде ілеспе дерттері бар екені анықталған.
Бұдан әрі басқарма басшысының орынбасары қабылданған шараларға тоқталып, емханаларға науқастарды қабылдау барысы туралы баяндады.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы