БҚО-да «Аңсаған сәби» президенттік бағдарламасы бойынша алғашқы нәресте дүниеге келді

Бұл туралы Батыс Қазақстан облыстық денсаулық басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына жолдауында «Отбасылық-демографиялық ахуал – зор алаңдаушылық тудырып отырған мәселе. Өкінішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы бала сүйе алмай отыр. Сауалнама көрсеткендей, отандастарымыздың 20 пайызға жуығы мұны ажырасуға негіз болатын елеулі себеп деп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырамын. Экстракорпоральды ұрықтандыру бағдарламалары бойынша бөлінетін квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту қажет» деген болатын.

 

 

Президенттің осы тапсырмасын іске асыру мақсатында ағымдағы жылдың басынан бастап елімізде «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы бастау алды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – көмекші репродуктивті технологиялар көмегімен Қазақстандағы демографиялық жағдайды жақсарту. Бұл мәселені шешу үшін биылғы жылы «Медициналық сақтандыру қоры» экстракорпоралды ұрықтандырудың 7000 циклын қаржыландыруды жоспарлаған. Жасанды ұрықтандыруды жасату квоталарының саны өткен жылмен салыстырғанда 7 есе өсті

Жақында біздің облысымызда да президенттік бағдарлама аясында алғашқы нәресте дүние есігін ашты. Репродуктивті медицина институтының репродуктолог дәрігер Людмила Аркадьевна Бадельбаеваға 34 жастағы Ольга (өзінің сұрауы бойынша аты-жөні өзгертілген) есімді әйел жүгінген.  Төрт жыл нәтижесіз емделуден кейін «Аңсаған сәби» президенттік бағдарламасының арқасында жерлесіміздің көптен күткен арманы орындалған. Ол осыдан бір ай бұрын Орал қаласында салмағы 3250 грамм, дені сау қыз баланы дүниеге әкелді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы