БҚО-да елді мекендерді газдандыру жұмыстары жалғасуда
Жуырда өңірдегі Ақжайық ауданына қарасты Алғабас ауылдық округінің тұрғындары осындай қуанышқа кенелді.
Атап айтқанда, Алғабас ауылдық округі бойынша төрт елді мекенге, яғни Жаңажол, Қарағай, Тегісжол, Тоған ауылдарына көгілдір отын жеткізілді. Алғабас ауылдық округінің әкімі Темірболат Есенғалиевтің айтуынша, 10 әлеуметтік нысан мен тұрғын үйлерге газ өткізілген. – Осы жұмыстардың нәтижесінде жиырма сегіз адам уақытша жұмысқа тартылса, жылыту қазандығының операторына және 31 тұрғын маусымдық жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар Алғабас орта жалпы білім беретін мектебі күрделі жөндеуден өтті. Білім ордасының жөндеу жұмыстарына ауылдан «Жұмыспен қамту» бағдарламасы аясында 85 адам уақытша жұмысқа тартылды, – деді Темірболат Қайратұлы. Ауыл халқының игілігіне жасалған жұмыстар мұнымен шектелмеген. Тұрғындардың көптен көтеріп жүрген мәселесінің бірі – Атырау-Орал тас жолына дейінгі 36 шақырымдық жолдың күрделі жөндеу жұмыстары басталып та кеткен. Ауыл әкімі атап өткендей, биыл жолдың 8,3 шақырымына тас жол төселген. Ал қалған жұмыстарды келер жылы жалғастыру жоспарланыпты. Жол жұмыстарына ауыл тұрғындарынан 12 адам уақытша жұмысқа тартылған екен.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев жуырда Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз мәжілісінде ағымдағы жылы өңірдегі 24 елді мекенді газбен қамтамасыз ету жоспарланғанын айтқан болатын. Соның нәтижесінде тұрғындарды табиғи газбен қамту үлесі 98,6 пайызға өсетін болады.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы
Дастан Бижановтың суреті