БҚО-да карантиндік шектеу шаралары әлі өз күшінде

 

Батыс Қазақстан облысы аумағында 24 қарашадан бастап санитарлық бекеттер алынатын болды. Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жаңа қаулысына осындай өзгерістер енгізілген.

Алайда бұған қарап сақтық шараларын ұмытып, бәсеңсуге болмайды. Себебі облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың қолы қойылған қаулыда бірқатар шектеу шаралары сақталатыны айтылған. Айталық, облыс елді мекендерінің аумағында жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдарының, жедел және шұғыл медициналық көмек, мемлекеттік медициналық мекемелердің, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтердің, өрт сөндіру, авариялық-құтқару және авариялық-техникалық қызмет қызметкерлерінен, жергілікті әскери басқарма органдары қызметшілерінің ілесіп жүруімен әскерге шақырылғандардан, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін және стратегиялық нысандардың өндірістік процесін қамтамасыз ететін қызметкерлерден басқа тұрғындардың қозғалысы түнгі сағат 23.00-ден таңғы 6.00-ге дейін шектеледі. Сондай-ақ отбасылық, спорттық және басқа да адам көп жиналатын іс-шараларды өткізуге әлі де рұқсат жоқ. Оған қоса барлық ойын-сауық нысандарының, кинотеатр, банкет залдары, түнгі клуб, компьютерлік және ойын клубтары, мектепке дейінгі балалар ұйымдары (кезекші топтарды қоспағанда) сынды мекемелер мен аулалардан басқа ойын алаңдарының, жәрмеңкелердің қызметтеріне де әзірге шектеу қойылған.

Сонымен бірге жаңа қаулыда жұмыс уақыты мен режимі бойынша да шектеулер сақталған. Ал жексенбі және мереке күндері жабық азық-түлік және басқа да базарлардың, сауда үйлері мен орталықтарының, сауда желілерінің қызметі тоқтатылады. Оған қоса қоғамдық автокөліктердің қозғалысына да жексенбі мен мереке күндерінде шектеу қойылады.

Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 14 қарашасынан бастап өңірдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен БҚО аумағында санитарлық бекеттер қойылған еді. Енді 24 қарашадан бастап барлық санитарлық бекеттер алынатын болды. Дейтұрғанмен, қаулыда Орал қаласы мен облыс аудандарының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлері эпидемиологиялық жағдайға байланысты тиісті аумақтарда карантин шараларын күшейтуге құқылы екені жазылған. Сол себепті тұрғындар тәртіпке бағынып, сақтық шараларын ұмытпағаны абзал.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы