БҚО-да «Кәсіподақтар күні» аталып өтілді
Биыл 10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күні Батыс Қазақстан облысында да санитарлық талаптарға атап өтіліп, бірқатар кәсіподақ белсенділері марапатталды.
Атаулы күн аясында «Қызмет» Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағы ұйымдастырған шараға облыс аумағындағы кәсіподақ белсенділері қатысты.
Облыстық мемлекеттік мекемелер салалық кәсіподағының төрағасы Серік Сүлеймен кәсіподақтардың негізгі жұмысына тоқталып, кәсіподақ мүшелерінің құқықтық қорғалуы, олардың әлеуметтік тұрғыдан лайықты қамтамасыз етілуі, денсаулығын сақтау мен еңбек дауларының алдын алу және оларды шешу жолдары туралы әңгімеледі. Еңбеккерлердің қолдаушысына айналып, халық арасында зор сенімге ие болған ұйымның өкілдерін мерекелерімен құттықтап, олардың дендеріне саулық, жанұяларына амандық, молшылық пен татулық, жұмыстарына жаңа жетістіктер тіледі.
Мерекелік шара барысында кәсіподақ белсенділері «Қызмет» мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық Кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің «Кәсіподақ қайраткері» медалімен, «Құрмет грамоталарымен», облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Мұндай мерекелік шаралар өңірдегі басқа кәсіподақ ұйымдарында да ұйымдастырылды.
Ләззат ҚАЖЫМОВА
Батыс Қазақстан облысы