БҚО-да мобильді бригадалар кешенді жұмыс атқаруда

Батыс Қазақстанда облыс емханалары жанынан 123 мобильді бригада құрылып, тұрғындарға медициналық қызметтер көрсетуде.

Бұл туралы жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз мәжілісінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Әбдірахманова баяндады.

– Мобильді бригадалар коронавирус жұқпасы мен ЖРВИ белгілері бар науқастарды медициналық көмекпен қамтамасыз етеді. Олар таңғы сағат 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс жасайды. Бригадалар арнайы автокөлікпен, жеке қорғаныс құралдарымен, сынамаларды жинауға арналған жинақтармен, антисептиктермен, пульсоксиметрлермен, артериалдық қысым өлшеуге арналған аппараттармен қамтылды, – деді Гүлнәр Мақсотқызы.

Орта есеппен бір емхананың мобильді бригадасы күніне 9-10 шақыртуға барса, жалпы облыс бойынша 100 шақты шақыртуға сәйкес қызмет көрсетеді. Сонымен қатар облыста «109» CALL-орталығы да жұмыс жасайды. Бұл орталыққа соңғы аптада 2325 қоңырау түссе, соның ішінде 799-ы коронавирус індетіне байланысты болған.

Денсаулық сақтау басқармасының өкілі өз баяндамасында өңірдегі эпидемиологиялық ахуал, карантиндік стационарлар мен жұқпалы аурулар ауруханасының толымдылығы жайында мәлімет берді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы