БҚО-да санитарлық талаптар әлі де сақталады

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев облыс әкімдігінің коронавирусқа қатысты жедел штабының кезекті отырысында тұрғындарды тәртіпке бағынып, қойылған талаптарды сақтауға шақырды.

Облыс әкімінің төрағалығымен өткен штаб отырысында алдымен сөз алған облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы М.Арыспаев өңірдегі жұқпалы індетті жұқтыру жағдайларынан хабардар етті. Сонымен қатар мониторингтік топтардың жұмысына тоқталған департамент басшысы: – Қараша айында мониторингтік топтар 790 рейд жүргізіп, 6729 нысанды тексерген. Соның ішінде 91 нысанда бұзушылықтар анықталып, 8 миллион теңгеден астам сомаға 145 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған. Бетперде тақпаған – 45, түнгі сағат 23.00-ден кейін жеке көлікпен жүрген – 29, жұмыс режимін бұзған – 11 тұлға ұсталған. 16-23 қараша аралығында 36 нысан иесі талаптарды бұзып, нәтижесінде 4 403 130 теңгені құрайтын 78 әкімшілік хаттама толтырылған, – деп, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатқанын айтты.

БҚО Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Жанболат Жаншин облыс аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша қосымша шектеу шараларын енгізу туралы облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы аясында жеке құрам күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін мәлімдеді. Демалыс күндері қосымша 13 патрульдеу маршрутына 26 қызметкер жұмылдырылған. – Бүгінде мониторинг топтарымен бірлескен 3323 рейд өтті, нәтижесінде облыс аумағында карантиндік режимді бұзудың 3034 фактісі анықталды. Соның ішінде 2669 құқық бұзушылық жеке тұлғалар тарапынан, ал 365 құқық бұзушылық заңды тұлғалар тарапынан жасалған. Өткізілген түсіндіру жұмыстарына қарамастан аталған кезеңде мерекелік іс-шаралар өткізудің 279 фактісі және дүкендер, сауда орталықтары иелері тарапынан 94 құқық бұзушылық орын алды, – деді полиция полковнигі. Сондай-ақ тұрғындар арасында топталып отбасылық мерекелік іс-шаралар ұйымдастыру оқиғалары азаймай тұрғанын атап өтті. Бұдан әрі карантин кезінде облыс аумағындағы жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында өтікізлген «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс-шарасының қорытындысымен таныстырды.

Жиынды қорытындылаған облыс басшысы Ғали Нәжімеденұлы түнгі сағат 23.00-ден таңғы сағат 6.00-ге дейін көлік қозғалысы әлі де шектелетінін жеткізді. – Шекаралас аймақтардан қауіп әлі де сейілмей тұр. Ресейде жағдай күннен-күнге ушығуда. Санитарлық талаптарды сол себепті әлі де жалғастырамыз. Ал дәрі-дәрмек қорда жеткілікті. Ешқандай қауіп жоқ. Әйтсе де тұрғындар қажетті дәрі-дәрмектерді ертерек сатып алғандары жөн. Санитарлық талаптарды әлі де күшейтеміз. Өйткені «қызыл аймаққа» енетін болсақ, бизнес нысандарын жабуға мәжбүр боламыз, – деген облыс әкімі тұрғындарды қойылған талаптарды сақтауға шақырды.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы