БҚО-да жұқпалы індетпен күрес шаралары күшейтілуде

 

Осы аптаның сейсенбісінде облыс әкімдігінде коронавирусқа қарсы облыстық жедел штабтың отырысы өтті. Жиында облыс әкімі Ғ.Есқалиев өңір халқын аталған жұқпадан сақтануда селқостық танытпай, карантин талаптарына бағынуға шақырды.

Онлайн форматта ұйымдастырылған жиында сөз алған өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы қатаң карантин шаралары жеңілдетілген екі ай уақыт ішінде жағдай қайтадан ушыға бастағанын мәлімдеді. Тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтамау салдары жұқпалы індетпен күрес тақырыбын қайтадан алдыңғы орынға шығарып отыр. Бұдан әрі облыс әкімі мемлекеттік органдар басшыларының коронавирус жұқпасымен күрес барысы туралы баяндамаларын тыңдады.

Ағымдағы жылдың 17 тамызынан бастап жұмысы қайта жанданған нысандардың қызметі әлі де бақылауда. Бұл туралы БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысы М.Арыспаев баяндады. – Қазіргі таңда облыс көлемінде 1439 нысан жұмысын жалғастыруда. Мониторинг жұмыстары барысында 373 нысанның карантиндік режимді бұзғаны анықталып, 238-іне әкімшілік хаттама толтырылды. Күні бүгінге дейін шектеу шараларын бұзушылық фактілері бойынша 12 миллион теңгеден аса айыппұл төленді. Әсіресе, отбасылық іс-шаралар өткізу, туған күн және той жасау, садақа беру толастамай тұр, – деді өңірдің бас мемлекеттік санитариялық дәрігері. Мысалы, облыс орталығы мен аудандарда мониторингтік топ мүшелері той, садақа жасау оқиғаларының үстінен түскен. Осындай фактілер бойынша мейрамхана қожайындары мен той иелеріне айыппұл салынған.

 

 

Сонымен қатар жасы ұлғайған зейнеткерлердің қауіпті ескермеуі, қоғамдық көлік жүргізушілерінің бетперде тақпауы, кондукторлардың жолаушыларға сақтық шараларын ескертпеуі сияқты салғырттықтар да мониторингтік топ назарына іліккен.

«Вирустың адамнан адамға жұғатынын ескерсек, бетперде тақпау, арақашықтықты сақтамау, қоғамдық орындарда, жеке үйлерде отбасылық мерейтойлар өткізу – өрескел тәртіп бұзушылық» деді Мұхамғали Қайыржанұлы.

Облыс орталығындағы жағдайдан хабардар еткен қала әкімі Абат Шыныбеков сырттан келетін транзиттік көліктерді тексеру, қоғамдық көліктерде санитарлық талаптардың сақталуын бақылауда ұстау жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Күні бүгін жұқпалы індетті сырттан тасымалдау оқиғасы жиілеуде. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының мәліметіне сүйенсек, шекараны кесіп өтетін қолында ПЦР тестілеу анықтамасы жоқ жолаушылар бірден тест тапсырып, денсаулығы тексеріледі. Олардың арасында жұқпаның оң нәтижесі анықталғандар саны артып келе жатқаны да жасырын емес.

Облыс әкімдігі қоғамдық тәртіпті сақтауға көмектесіп, карантиндік режим талаптарына қайшы оқиғалар туралы хабарлаған тұрғындарға 20 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындағаны белгілі. Нәтижесінде батысқазақстандық 6 азаматқа 7 хабарлама бойынша 20 мың теңгеден сыйақы берілген. Бұл туралы БҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Е.Сұлтанғалиев мәлімдеп: – Аталған фактілер бойынша жергілікті ішкі істер органына азаматтардан 24 хабарлама түсті. Соның сегізі дәлелденіп, жинақталған материалдар БҚО тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді. Жеті материал бойынша қажетті шешім қабылданып, карантин талаптарын бұзуға қатысты әкімшілік шаралар алынды. Облыстық комиссияда хабарлама түсірген азаматтарды көтермелеу мәселесі қаралып, Полиция департаменті бастығының бұйрығымен карантиндік режим талаптарын бұзу оқиғалары туралы хабарлаған тұрғындарға 20 мың теңгеден сыйақы берілді, – деді.

Жаңа оқу жылының барысы туралы баяндаған облыстық білім басқармасының басшысы А.Мыңбаева мектептерде оқушылар штаттық режимде және қашықтан оқу форматында білім алып жатқанын жеткізді. Өңірдегі білім беру ұйымдарында санитарлық

талаптар қатаң сақталғанымен, педагогтар арасында коронавирус жұқтыру оқиғасы тіркеліп отыр. Басқарма басшысы қызметкерлерден жұқпалы дерт анықталуына байланысты өңірдегі бір балабақшадағы – бір кезекші топ жабылса, үш балабақшаның қызметі және екі мектептің 4 сыныбында кезекші топтардың жұмысы тоқтатылғанын айтты.

Жедел штабтың жұмысын қорытындылаған өңір басшысы Ғали Нәжімеденұлы пандемия қаупі әлі де сейілмегенін ескертті. – Бізде той өткізу, ас беру, садақа жасау секілді рәсімдер әлі тыйылмай тұр. Егер сіз отбасыңызда түрлі жоралғы ұйымдастырып, қонақ шақырсаңыз, бұл – өзгелердің басын қауіпке тіккеніңіз. Бүгінгі күні жұқпалы дертті сырттан тасымалдау оқиғалары жиілеуде. Жеңілдетілген карантин талаптарын сақтамау, немқұрайлылық таныту салдары жағдайды қиындатып жіберуі ықтимал, – деген облыс басшысы мемлекеттік мекеме басшыларына мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді тапсырды.

Ләззат ҚАЖЫМОВА