БҚО-дан 300-ге жуық азамат әскерге алынды

Батыс Қазақстан облысынан жыл сайынан 1400-ден астам бозбала әскер қатарына шақырылады. Биылғы күзгі әскерге шақыру науқаны барысында 300-ге жуық жерлесіміз Отан алдындағы әскери борыштарын өтеуге аттанды.

Жуырда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінде ҚР Қарулы Күштері қатарына шақырылған бозбалаларды шығарып салуға арналған «Отанды қорғау – біздің міндетіміз» атты шара ұйымдастырылды. Жиында құттықтау сөз алған БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, подполковник Руслан Әміржанов: – Мыңдаған сарбаздар арасынан іріктелген жерлестеріміз Отан алдындағы борыштарын өтеуге аттанғалы тұр. Сіздер еліміздің Қарулы Күштерінің белгіленген әскери заңдары мен тәртіптеріне бағынып, адал қызмет атқарады деп сенемін. Туған жерге абыроймен оралуларыңызға тілектеспін, – деді.

Сайдың тасындай сайыпқыран жігіттерге ақ жол тілеген «Ауған соғысы мүгедектері мен ардагерлерінің Батыс Қазақстан облыстық қоғамы» ҚБ төрағасы Беркінғали Ғабделов ер-азаматтың қоғамдағы орны ерекше екенін, оларға жүктелер жауапкершілік жүгі де ауыр боларын айтты. Ал ата-аналар атынан сөз алған Гүлмира Әбдалиева: – Қарулы Күштер қатарын толықтыратын жігіттер үлкен өмір мектебінен өтеді. Бүгінгі елдегі қиын жағдайға қарамастан, өз еріктерімен Отан қорғауға аттанған ұлдарымызды мақтан етеміз. Сарбаз болу – абыройлы міндет. Сіздер біздің арамызға ержүрек, мықты, білікті азамат оралатындарыңызға сенеміз, – деп аналық тілегін жеткізді. Өз кезегінде жас сарбаз Бекарыс Хабенов әскери борыштарын жақсы өткеріп, ата-аналарының сенімін ақтауға уәде берді.

Департамент бастығының орынбасары, подполковник Эльдар Шынғалиевтің мәліметінше, жыл соңына дейін жалғасатын күзгі әскерге шақыру науқанында 700-ден астам батысқазақстандық әскерге аттанады. Биылғы 12 қыркүйектен бастап сарбаздар алдымен еліміздегі Шекара қызметінің әскери бөлімдеріне жіберілген. Енді ҚР Ұлттық ұланы мен Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері толықтырылуда. Жыл сайын 1400-ден астам жігіт біздің облысымыздан әскерге алынатын болса, күз айларында 300-ге жуығы әскерге аттанған.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы