«Бренд өнім»  шығару керектігін айтты

Атырау облысының Исатай ауданында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен көшпелі жиын өтті.  Жиында жергілікті жердегі кәсіпкерлер өндіретін өнімдер мен халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы сөз болды, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

Аймақ басшысы өнім өндірушілерді өндірілген тауарлар мен қызметтердің сапасына баса назар аударуға шақырды.  Сапалы тауар ғана сұраныс пен бәсекелестік туғызатыны айтылды.

— Тұтынушылар сіздерден сапалы өнім күтеді.Оларды өнімдегі екі нәрсе қызықтырады – бұл тиімді баға және жоғары сапа. Мейлі, өндірілген тауар көлемі аз болсын, бірақ сапасы жоғары болғаны абзал. Міне, нақты мақсат осы. Жақсы өнім болса, оған сұраныс та жоғары болады. Сол өнімді ғана дүкен сөрелерінен іздейді. Барлығының аузында айтылып жүретіндей бренд жасап шығару керек, — деп Атырау облысының әкімі жергілікті өнім өндірушілерге сапа мәселесін қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Атырау облысында шағын және орта бизнестің даму көрсеткіші айтарлықтай жақсы нәтижелерге ие. 2017 жылы өңірде шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнімдері мен қызметтерінің көлемі 1 триллион 100 миллиард теңгеге жетті. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге артық.

Исатай ауданында өткен жиын қорытындысы бойынша тиісті атқарушы орган басшыларына өңірдегі шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту үшін нақты тапсырмалар жүктелді.

                                                                          Светлана Муньянова,

                                                                          Атырау облысы