Бұдан өткен қорлық бар ма?
Қазақстандағы «үш тілділік», енді пайда болған «төрт тілділік», тіпті, бара-бара көпұлтты мемлекетіміз «көптілділікке көшеді» десе де, қазақ таңғалмайтын болған. Өз тілінен мақұрым қазақ өзге тілді үйренуден алдына жан салған ба? Адамның қандай адам болмағы оның қай тілде сөйлеп, қай тілді тұтынуымен бірге қалыптасады!
Егер менен біреу: «Сен үшін дүниедегі ең ауыр қорлық не?» — деп сұраса, өзіңнің Тәуелсіз деп аталатын Отаныңда өмір сүріп жүріп, сол елдің мемлекеттік тілінде, яғни ана тілімде ақпарат ала алмай, қайда барсам да, айтарымды өз тілімде түсіндіре алмай пұшайман күй кешуден асқан қорлық жоқ дер едім. Кейде осы Қазақстанда, әсіресе тіл мәселесіне келгенде, қазақ деген ұлттың рухы көтеріліп, намысы тіріліп кетпеудің барлық амалы жасалып жатқан секілді көрініп кетеді…
Жұбан ағамыздың жырлаған қазағы «жүз өліп, жүз тірілген болса», мен өз басым дәл осы тіл мәселесінен болып «күніне жүз өліп, жүз тірілемін». Қанында намысы бар, бойында ұяты бар жұмыр басты адам үшін мұндай қорлықтың адамның көңіл күйіне, іс-жоспарына, шығармашылығына, жалпы тіршілігіне тигізер зиянын біз шынымен де ұқпаймыз ба? Өзге елдің мемлекеттік тілі тіл болғанда, менің мемлекеттік тілім олардан несімен төмен, өзгелердің ата-бабаларының болашақ ұрпағы үшін төккен қаны қан болғанда, менің бабаларымның тәуелсіздік үшін кесілген бастары, төгілген қандары босқа төгілген бе? Өз жеріңде мүрит болғаннан асқан қорлық бар ма екен мына әлемде? Басқасын айтпағанның өзінде, өз жеріңде өз тіліңде сөйлеп, ақпарат алуға да шамаң жетпей отырса, Тәуелсіздік бізге не үшін берілді? Әлде басқа елдердің тәуелсіздігі өзінің ұлттық құндылықтарын түгендеу, орнықтыру үшін берілген де, қазақтың тәуелсіздігі оны іс жүзінде емес, тек қағаз бетінен ғана оқып отыру үшін немесе мұражайдағы мұра сияқты сырттай тамашалап, Тәуелсіздік туралы тәтті ұғымдар баяндамаларда ғана өмір сүру үшін берілген бе?
Жалпы, өзге елдің тілі тілдік қолданысыңа енді деген сөз — сол елдің еліңе қарай қаптап келе жатқаны деген сөз. Және жай келе жатпағаны, өз үстемдігін орнату үшін келе жатқаны деп ұғыңыз. Орыс тілін үйрендің, сары шегір қаптап басып алды, халықаралық ағылшын тілін үйрендің, халықаралық тілде сөйлейтін шетелдіктер үсті-үстіне енуде, енді қытай тілін үйренесің, себебі қара қытай қаптап келе жатыр… Бірақ, бізге келіп орнығатындардың тілін неге біз үйреніп, олар өзі келіп тұратын елдің тіліне мұрындарын шүйіруге тиісті деген сұрақ туады. Біз олардың еліне барып, тұрайық деп жат-қан жоқпыз ғой. Мейлі, үйрен, қазақ, үйрен! Өз жеріңде отырып, өз тіліңнен мақұрым қалсаң да, кешегі, бүгінгі, болашақ «жерлестердің» тілін үйре-ніп ал!
Ақсұңқар Ақынбаба