БҮГІН АҚЫН, ПУБЛИЦИСТ, АЙТЫС ЖАНАШЫРЫ ЖҮРСІН ЕРМАНОВТЫҢ ТУҒАН КҮНІ

Талай жүйрікті тәрбиелеп, талай ақынның бағын ашқан, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман 1951 жылы 12 ақпанда Қарағанды облысындағы Ұлытау ауданының Байқоңыр ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін, Алматыдағы жоғары партия мектебін бітірген. Еңбек жолын Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде әдеби қызметкер болып бастаған. Жезқазған телевизиясында аға редактор, Бас редактор, Қазақ республикалық телевидениесінде Бас редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінде бөлім меңгерушісі. «Ақ құс» Қазақстан ауыл жазушылары республикалық қауымдастығының вице-президенті, кейін президенті, «Қазақ мемлекеті», «Қазақстан қанаты» газеттерінің Бас редакторы, «Жұлдыз» журналы поэзия бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1997–2003 жылға дейін шығармашылық жұмыста. 2003–2006 жж. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің гуманитарлық ғылыми зерттеулер орталығында жетекші ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі, сонымен қатар, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы АҚ басқарма төрағасының орынбасары – Қазақ радиосының Бас директоры, «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы АҚ Басқарма төрағасының кеңесшісі қызметтерін атқарған.
🔶 Тұңғыш өлеңдер жинағы «Жанартау» 1983 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Қазақ халқының кеңес дәуірінде үзіліп қалған бағзы заманғы суырыпсалмалық өнері – ақындар айтысын жандандырып, дамытуға ұйтқы болып жүрген айтыс жанашыры 1984 жылдан жүздеген ақындар айтысын өткізіп, оған меценаттар тарту арқылы жанжақты қолдау көрсетті. Ақындар айтысын жинақтап, жариялау, зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. «Қазіргі айтыстар» (2005, Астана, 2 том) жинағын құрастырды. «Жанартау», «Арайлы күн, армысың», «Ұлытауға бардың ба…», «Құдіретке жүгіну», «Екі тізгін, бір шылбыр», «Құстың көлеңкесі» атты жыр жинақтарының авторы.
📌 М.Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, С.Сейфуллиннің 100 жылдығына арналып өткізілген республикалық ақындар мүшәйрасының Бас жүлдегері, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.