Бүгін-Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Қиқымұлы Жандосовтың туған күні
20 ақпан 1899 жылы — Қазақстанның көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Қиқымұлы Жандосов дүниеге келген. Ол Алматы облысының Қарасай ауданында туған. Верный ерлер гимназиясын бітірген.
Қазақстанда кеңестік билік орнағаннан кейін Жетісудың ұлт істері жөніндегі облыстық бөлімін басқарды. 1919-1921 жылдары Түркістан Коммунистік партиясының мұсылман коммунистері секциясы облыстық бюросының төрағасы болып, Жетісу облыстық революциялық-әскери комитетін және облыстық «Қосшы» одағына басшылық жасады. 1921-1923 жылдары Түркістан Коммунистік партиясының Орталық Комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі және БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің екінші хатшысы болды. 1923-1924 жылдары Мәскеудегі Тимирязев атындағы Ауыл шаруашылығы академиясында білім алды. 1924-1928 жылы БК(б)П Қазақстан өлкелік комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып, «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне басшылық жасады. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының 10 жылдығына орай, 1926 жылы Жетісудағы Қарқара көтерілісіне қатысқандарды мәңгі есте қалдыру мақсатында көтерілісшілер жиынын өткізіп, кейін «Ереуілтөбе» атанып кеткен жерге ескерткіш орнатпақ болып, тас үйіп, белгі қалдыруға қоғам қайраткері Ыдырыс Көшкінов, т.б. азаматтармен бірге қолдау көрсетіп, ат салысты. Ол Жетісудағы алғашқы ақындар айтысын ұйымдастырды. Қоғам қайраткері ауыл экономикасын зерттеу жөніндегі экспедицияны басқарды, ғылыми-зерттеу жұмысымен айналысып, ғылыми еңбектер жазды. 1928-1937 жылдары Қазақ АКСР ағарту халкомы, Қазақ ауыл шаруашылығы институтының директорлығымен қатар Республикалық кітапхананың директоры, БК(б)П Кеген аудандық комитетінің бірінші хатшысы, Алматы облыстық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Ұлтаралық қатынастарды реттеуге көп еңбек сіңірді. КОКП съездерінің және КСРО Кеңестері съездерінің делегаты, БК(б)П Түркістан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің мүшесі және бюро мүшесі, Түркістан Орталық атқару комитеті төралқасының және Бүкілресейлік орталық атқару комитетінің мүшесі, Қазақстан Орталық атқару комитетінің және оның төралқасының мүшесі, Қазақстан өлкетану қоғамы басқармасының төрағасы болды.
Жамбыл облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі