БҮГІН КӨРНЕКТІ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ, ҰЛТ КӨСЕМІ — ӘЛИХАН БӨКЕЙХАННЫҢ ТУҒАН КҮНІ

Бөкейханов Әлихан Нұрмұхамедұлы (1870-1937) — көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы. Туған жері бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы, қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы.
🔰Ә.Бөкейханов Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына деген өзіндік көзқарасы қалыптасқан, марксизмнің капиталистік қоғамның қанау тетіктерін ашып берген экономикалық қағидаларымен қаруланған, саяси астыртын күрестің түрлері мен әдістерін үйреніп, білген, күрес тартыстан біршама тәжірибесі бар саяси күрескер болатын. Ол елдің саяси әлеуметтік, қоғамдық жұмысына белсене араласады. «Халық бостандығы» партиясының қатарына өтіп, өзі қазақ зиялылары мен саяси белсенділерінің арасында осы партияның шағын тобын басқарды
🔰Әлиханның саяси көзқарасының пісіп, жетілуіне, кейін белгілі саяси, қоғам, мемлекет қайраткері әрі қазақ ұлт азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсем ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде шыңдалуына Омбыдағы күндері ерекше ықпал етеді.
🔰Ұлттық құндылықтарымыздың сақталуына, елдігіміздің тұтастығына жан аямай еңбек еткен ұлт көсемінің есімі ұрпақтар жадында сақтала бермек.