Бүгін – мың айдан да қайырлы қадір түні
Бұл түннің мұсылман баласы үшін үлкен мән-маңызы жайлы ҚМДБ ресми сайтында кең көлемді айтылған.
«Қадір түні – берекелі Рамазан айында келетін қасиетті түн. Рамазан айының соңғы он түні мұсылман үшін өте маңызды. Себебі Қадір түнінде қасиетті Құран Кәрім түсе бастады. Сондықтан Ислам дінінде бұл түн ерекше бағаланады. Құран Кәрімде «Қадір» сүресі бар. Осының өзі-ақ бұл түннің аса ардақты екенінен хабар береді», — дейді Тараз қаласы, «Кеңесхан қажы» мешітінің имамы Ғазиз Ахмет.
Алла Тағала «Қадір» сүресінде: «Біз оны (Құранды) Қадір түнінде түсірдік. Қадір түнінің не екенін қайдан білесің? Қадір түні мың айдан қайырлы. Ол түні әрбір іс үшін Раббыңның рұқсатымен періштелер және рух (Жәбірейіл періште) түседі. Таң атқанша тыныштық жалғасады» деп бұрын-соңды адам баласы білмеген хабарды жеткізген. Сол себепті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті арқылы мұсылмандарды Рамазан айының соңғы он түнінде Қадір түнін күтуге, оның сауабын іздеп, осы түні (әсіресе тақ түндерде) құлшылықпен айналысуға талпындырған.
Айта кетейік, биылғы Рамазан айы 1 наурызда басталды. Тиісінше, 30 наурыз – Ораза Айт мерекесі. Ал, биылғы пітір садақасы жан басына 655 теңге болып бекітілді. Пітір садақасы мөлшері еліміз бойынша екі келі ұнның ортақ бағасы негізінде белгіленді.
https://aqjolgazet.kz/175865/b-gin-my-aydan-da-ayyrly-adir-t-ni