Бүгін «Соңғы қоңырау»

Бүгін, 25 мамыр еліміздің барлық мектептерінде «Соңғы қоңырау» салтанатты шарасы өтуде. Биыл ғана мектеп табалдырығын аттаған балдырғандар мен оқу жылы жалғасатын оқушылар үшін соңғы қоңырау жазғы демалыстың басталғанын білдірсе, алтын ұясынан түлеп ұшқалы отырған түлектер үшін шын мәнісіндегі «соңғы қоңырау». Дәл бүгін бір үйдің үлкені, бір үйдің кенжесі, енді бірінің еркесі естияр шаққа қадам басып, мектептері мен анасындай болған ұстаздарына алғысын білдіріп жатыр. Тіпті, алтын ұясынан қанат қаққандарына 10, 20, 30, 40, 50 жыл болған азаматтар да бүгін жүректерін қолына алып мектепке қарай асығуда. 

Расында, өмірдің жаңа беттерін ашуға ниеттеніп отырған жасөспірімдердің бойын билеген сезімді айтып жеткізу мүмкін емес. Талай тентектік жасағандар да, оқуда озат, қоғамдық іс-шарада қашан да алда болған оқушылар да бүгін соңғы қоңыраудың сыңғырын естуде. Енді оларды алда жарқын болашақ, қиындығы мен қызығы алма-кезек дәурен күтіп тұр. Бала шағымен қоштасып отырған жас түлектердің екі жылдан бергі арманы Ұлттық бірыңғай тесті сынынан сүрінбей өту болса, білім белесінің басталуына да аз қалды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биыл 121 мың 092 түлек мектебімен қоштасса, оның  83 330-ы  қазақ тілінде оқығандар, 37 762 орыс тілінде оқығандар. Ал, ҰБТ-ға 86 мың 991 түлек қатысады жоспарланса, олардың ішінде 63 021 қазақ тілінде, 23 970 орыс тілінде білім алған оқушылар. Сондай-ақ, жуырда ғана ҚР БҒМ ЖОО және ЖОО-дан кейінгі білім беру департаментінің директоры Серік Өмірбаев мырза хабарлағандай, биылғы түлектерге бөлініп отырған гранттар саны – 31 700. Ендеше, жас түлектерге сәт сапар тілеп, мақтау қағазымен марапатталған республикамыздағы барлық оқушыларды «Соңғы қоңырау» мерекесімен құттықтаймыз!

«ЕлАна» 

сурет ustazdar.kz сайтынан алынды