БҮГІН — ЗАМАНЫМЫЗДЫҢ ЗАҢҒАР ЖАЗУШЫСЫ ІЛИЯС ЕСЕНБЕРЛИННІҢ ТУҒАН КҮНІ……….

1915 жылы 10 қаңтарда Атбасар қаласында дүниеге келген қаламгердің балалық шағы өте қиын болған. Елді жайлаған аштықтың кесірінен 5 жасында тұл жетім қалған Ілияс балалар үйінде тәрбиеленеді.
Ішкі жан дүниесі шығармашылыққа бір табан жақын болашақ жазушы ең әуелі қабырға газетіне өлең жазған. Мектеп бітірген соң Қызылорда қаласында мұғалім болып жұмыс істеген бозбала кейін Алматыдағы тау-кен институтын бітірген.
Алайда, сұм тағдыр жастайынан жетімдіктің ащы кермек дәмін татқан балаң жігіттің маңдайынан сипай қоймады. 1942 жылы соғыстан мүгедек болып елге оралып, 1937 жылы атылып кеткен әділет халық комиссары Хамза Жүсіпбековтың қызына үйленеді.
Қайын енесін АЛЖИР лагерінен алдырғаны үшін НКВД-ның назарына ілігіп, 1949 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қазақ әдебиетінде ең көп роман жазған жазушы І.Есенберлиннің алғашқы шығармасы 1940 жылы жарық көрген. Көркем әдебиеттің сан алуан жанрында (поэзия, проза, драматургия, кинодраматургия) қалам тербеген жазушы әдеби творчествосын поэзиядан бастаған еді.
ҚР мемлекеттік сыйлығының лауреатының қаламынан туған «Айқас», «Ғашықтар», «Қатерлі өткел», «Алтын құс», «Маңғыстау майданы», «Алтын аттар оянады», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Алыстағы арпалыс», «Аққу құстар қуанышы», «Махаббат мейрамы» романдары — тың тақырыпта жазылған, әдебиетке серпін әкелген, оқырман сүйіспеншілігіне бөленген туындылар.
Айта кетерлігі, Ілияс Есенберлин еңбегі жапон тіліне аударылған жалғыз қазақ жазушысы. Ең бастысы, қабырғалы қаламгер тыңнан түрен салып, бұрын-соңды болмаған тарихи тақырыпта қалам тартқан.
Алғаш рет 1976 жылы «Көшпенділер» трилологиясы орыс тілінің өзінде 12 рет басылып, 1,5 миллион тиражбен тарады. Ал жалпы толымды туынды әлемнің 30 тілінде жарық көріп, 50 рет қайта басылды.
Аталған еңбектің негізінде 2005 жылы «Көшпенділер» атты тарихи көркем фильмі түсірілді. Саналы ғұмырын жазуға арнаған біртуар жазушы өмірінің соңында «Алтын Орда» трилогиясын жазды. 1983 жылы Алматыда дүние салған қаламгердің үш қызы және бір ұлы бар.
Жандос Болат.