«Бұл адамдардың жүрегі тау суындай тасымайды, көл сияқты тыныш жатады…
1916 жылы Жапонияға келген ұлы ақын Рабиндранат Тагордың таңданысында шек болмапты. Ол жапон халқының тәртіптілігіне, рухының қайсарлығына, төзімділігіне, сұлулыққа деген махаббатына, әйелдерінің инабаттылығына қатты таң қалған екен. Көшеде ешкімнің де шырқап ән салмайтынын байқаған ақын күнделігіне былай деп жазыпты. «Бұл адамдардың жүрегі тау суындай тасымайды, көл сияқты тыныш жатады. Мен естіген олардың барлық жырлары ол өлеңмен салынған әндер емес, өлеңмен салынған картиналар». Басенің «Көне тоған» деген өлеңін оқи отырып, ұлы ақынның айтқан сөздерінің растығына көзің жете түскендей болады. Өлең үш-ақ жолдан тұрады. «Көне тоған. Бақа секірді. Су шолп етті». Бұл өлең жапон поэзиясының мінсіз туындысы, жанрдың шыңы мен қарапайым жазудың үлгісі болып саналады. Классикалық туындыда артық ештеңе жоқ. Жапондар дүниені көзбен түсінеді. Тагор тағы да бір сөзінде «Жапондар ғажайып суретшілер ғана емес, олар адамның бүкіл өмірін өнерге айналдырып жіберді» дегенді айта келе, ойын былай түйіндейді: «Егер де сіз жапон актерларының қалай жұмыс істеп жатқанына куә болып, Но театры мен билерін көрмесеңіз, ұлттық рәсімдеріне қатыспасаңыз, мыңдаған жұмысшылардың өзінің көлігіне отырмас бұрын, түске асқа берілген уақытының үштен бір бөлігін, баққа кіріп, табиғаттың сұлулығынан ләззат алуға жұмсайтынын білмесеңіз сіз еш уақытта да нағыз Жапонияны тани алмайсыз».