Бұл әйел мың еркектен де қайырлы!
Омар ибн Хаттаб (р.а.) риуаят етуінше Алла елшісі (ﷺ): «Иманды әйел – қайырлы іс жасамайтын 1000 еркектен де қайырлы» деген. Себебі, ізгі әйел шаңырақтың керегесі іспетті. Исламда әйел адамға үлкен құрмет көрсетілген. Құран Кәрімде «Ниса» («Әйелдер»), «Мәриям» деп аталатын сүрелер тікелей әйелдерге арналған. Сондай-ақ, «Нұр», «Ахзаб», «Мұмтахина», «Тахрим», «Талақ» сүрелерінде де дініміздегі әйел адамның орны туралы кеңінен айтылған. Бұл – Ислам дінінің әйелдерге қаншалықты көңіл бөлгеніне дәлел.
Әйел – ару
Дініміз қыз балаларды жұмақтың кілті деп біледі. Ата-ананың жұмаққа кіруіне бір себепкер ретінде өсірген қыздары болмақ. Алла елшісі (ﷺ): «Кімде-кімнің үш қызы дүниеге келсе, сол үш қызының қиыншылығына шыдап, қуанышымен бөліссе, жақсылап тәрбиелесе, жеткізсе, Алла Тағала осы қыз балаға жасаған рақымы үшін ол кісіні өз жұмағына кіргізеді» дейді. Осыны естіп тұрған бір сахаба: «Уа, Расулуллаһ, егер екі қызы болса ше?» деп сұрады. «Екі қызы болса да жұмаққа кіреді», — деген жауап естіді. Әлгі сахаба: «Бір қызы болса ше?» деп сұрағанда, — «Ол қызды жақсылап тәрбиелеп, өсіріп, жеткізсе, онд жұмаққа кіреді», — деген жауап берілді. Ал, Анас (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (ﷺ): «Екі қызға бой жеткенше қамқоршы болған адам, Қияметте менімен осындай жақын болады», — деп, ол саусақтарын біріктіріп көрсетті» (Муслим). Міне, қараңыз, қыз балалардың дәрежесінің биіктігі! Алла қыздарының болашағына немқұрайлылық танытқандарға разы болмайды. Бізге жеткен хадистерде: «Қызын пасыққа (күнәхарға) берген адам Алла Тағаланың аманатына қиянат еткен болады. Аманатқа қиянат еткендердің баратын жері – тозақ» деген (С. Әбәдийа).
Әйел – адал жар
Әйел баласы кей жағдайларда ер кісілерге қарағанда артық құқықтарға ие. Хайыз уақыттарында, босанғаннан кейінгі уақыттарда кейбір діни парыздарды орындаудан босатылған. Күйеуге ұзатыларда қыздың разылығы міндетті түрде ескерілді. Ер адамның жәннатқа кіруіне де әйелі мен отбасының жағдайлары себеп болмақ. Алла Тағала: «Сондай-ақ, олармен (әйелдермен) жақсы шығысыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алланың көптеген жақсылығы болуы мүмкін» («Ниса» сүресі, 19-аят) деп, ер азаматтарға ескерту жасаған. Америка мен Еуропаның көптеген елдерінің құқықтық жүйесінде ер адамдар өз әйелдерінің қаржы шығындарын төлеуге міндетті емес. Ал, Ислам ер адамға әйелінің барлық жағдайын қамтамасыз етуін міндеттейді. Муъавийа бин Хайда (р.а.) былай деді: «Бірде мен: «Иә Аллаһтың елшісі, біздің әр қайсысымызда, әйелдеріміздің қандай хақысы бар?», – деп сұрадым. Ол: «Сен өзің тамақ ішсең оны тамақтандыруың керек, өзің киінсең оны киіндіруің керек және де сен оны жүзінен ұруыңа, жаман сөздер айтуыңа, үйден тыс жерде (сұрағына жауап бермей) одан теріс айналып кетуіңе болмайды», — деді», — деген (Әбу Дауд). Ал, әйелдерге ерінің разылығын тапса оған жәннат сүйіншіленген. Ерінің разылығын алу арқылы, Алланың рақымына бөленбек. Умм Салам (р.а.) Алла елшісінің (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізді: «Кез келген әйел, күйеуі риза болып өлген болса, ол жәннәтқа кіреді» (ат-Тирмизи).
Әйел — ана
Исламда «Жәннат – аналардың басқан ізінің астында» (Әнәс) деп әйел-ананың тұлғасы ерекше ұлықталған. «Пайғамбарымызға (ﷺ) келген бір адам: «Алланың елшісі, кімге жақсылық жасайын?», – деп сұрайды. Бұған Пайғамбарымыз (ﷺ) оған: «Анаңа», – деп жауап береді. Әлгі адам екінші рет: «Одан кейін кімге жасайын?», — дегенде, — «Анаңа» деген жауап алады. Әлгі адам тағы: «Одан кейін кімге жақсылық жасайын?»,– дегенде Пайғамбарымыз (ﷺ) оған үшінші ретте де «Анаңа», – деп жауап береді. Тек төртінші рет сұрағын «Одан кейін кімге?», – деп қайталағанда, Пайғамбарымыз (ﷺ) оған: «Әкеңе», – дейді. Бұл хадис Исламда ананың (әйелдің) деңгейі әкеден (ер адамнан) үш есеге жоғары екенін көркем жеткізген. Ислам діні әйел баласын ана ретінде аса қадір тұтқан. «Аллаһым, олар мені бала кезімде қалай мәпелеп өсірсе, Сен де оларға сондай рақымдылық ете гөр!» — деп айт» (Исра сүресі, 23-24). Осы аяттың тәпсірін жасаған Сәйид Кутуб әке-шешеге құрмет жайлы Хафыз Әбу Бәкір Бәззардың мына риуаятын мысал ретінде келтіреді: «Бір адам хажылық кезінде анасын арқалап алып Қағбаны тауап етеді. Бір кезде Алла елшісінен (ﷺ) «Оның ақысын өтей алдым ба?» деп сұрайды. Сонда, Алла елшісі (ﷺ): «Жүкті болған кезінде алған бір тынысының ақысын әлі өтей алмадың», — деп жауап берген екен. Әйел адамға жүктілік кезінде берілетін сауабы тек Аллаға аян. «Әйел жүкті болған кезде оған күнін оразамен, түнін құлшылықпен өткізгеннің сауабы жазылады. Толғағы басталған кезде, ешбір жаратылыс Алланың оған қандай сый беретінін білмейді. Ол сәбиін дүниеге әкеліп емізе бастағанда, сәбидің әрбір жұтымы үшін, әрбір емізгені үшін оған өліні тірілткендей сауап жазылады» (Абдуррахман ибн Ауф). Келесі бір хадисте «Әйел жүктілік уақытында, сәбиді туып асыраған уақытында Алла жолында жүрген жауынгер сияқты. Егер бұл уақытта қайтыс болса, оған шәһидтің сыйы беріледі» (ат-Табарани).
Құранда әйелді қадірлеу туралы: «Сендер үшін Алла өз нәсілдеріңнен әйел затын жаратты. Әйелден бала, баладан немере көрдіңдер. Сендерге ризық етіп алуан түрлі шырынды жеміс өсірді. Сонда да болса олардың өтірікке бой ұрып, Аллаһ берген игілікке күпірлік ететіндері қалай?» (Нахл сүресі).
Түсінген адамға жоғарыда айтылған аят, хадистерде үлкен ғибрат бар!
Ақтоғай аудандық орталық мешіттің бас имамы