БҰЛ АУЫЛДЫҢ АҚСАҚАЛЫ ҚАЙДА

  Бір үлкен ауыл бар. Халқын қазақтар мен қожалар құрайды. Мен ес білгелі солардың басы піскен емес. Елу жылдан бері мектептегі 8-сыныптан бастап, орда бұзар азаматтарына дейін шекісіп келеді. Еш пайдасы жоқ, жалған намыс қуып, ауылдың берекесін кетіріп отыр. Халыққа пайда тигізіп, тегін дүние беріп немесе ғылымнан жаңалық ашып, алыстағы Айға қол созып, бітірген ешбір істері, жасаған ерліктері жоқ.
  Жарайды, ер шекіспей бекіспейді делік, бірақ ішімді ашытатыны – осыларға тәйт дейтін бір ақсақалдың жоқтығы. Аузы дуалы, айтқанын істететін, ел бірлігін ойлайтын, туғанын емес, туралықты ойлайтын бір данагөйдің туылмағанын айтсаңшы. Қожалары «пайғамбардың ұрпағымыз, ақсүйекпіз» деп мақтанғанда дұғасы қабыл болатын бір қартын көрмедім, қазақтары «біз қазақпыз» деп кеудесін соққылағанда даналық айтатын бір қариясын байқамадым.
   Осындай ел бірлігін кетіретін алауыздықты көрген сайын, баяғы атам Төле би жиі есіме түседі. Төле би, төбе би ұлт бірлігін нығайтуға барынша жанын салған. Өз көңілін сұрай келген Қазыбек, Көкі, Мәлік, Ержан билердің еліңізге қандай өсиет қалдырасыз деген сұрағына былай деп жауап берген екен: “Жүзге бөлінгендердің жүзі қара. Руға бөлінгендердің құруға асыққаны. Атаға бөлінгендер адыра қалады. Көпті қорлаған көмусіз қалады. Хан азса, халқын сатады. Халық азса, хандыққа таласады”.

Суретте Ташкенттегі Төле бидің жатқан жері. Арнайы соғып, басына Құран оқып, дұға еттім. Елімізге Төле билерді қайтадан тудыра гөр Алла!

#МирасКесебаев