Бұл Бекболаттың ғана емес, халықтың да жанайқайы

Алматыда өнерсүйер қалың көрерменімен сағына қауышып, шабыттанып қайтты ма, әлде көптен бері ел алдында төмендеп кеткен абыройын көтергісі келді ме, апта басталмай жатып арыстандай ақырып, алдына келген Білім және Ғылым министрінің «жағасынан» ала түсті. Мейлі кім, кім не десе о десін, Бекболат көпшіліктің көкейінде жүрген көкейтесті мәселені қақырата айтты.

-Оқулықтардың ішіндегі өріп жүрген қатеден әбден мезі болдым. Кітаптардағы күрделі тапсырмаларды бастауыш сыныпта оқитын ұл мен қызым түгілі, жоғары оқу орнын қызыл дипломмен бітірген менің өзім түсінбей қиналамын. 2-сыныпқа 7-сыныптың баласының деңгейіндегіні жазып беру, бұл – рухани диверсия, ұрпақты қолмен өлтіру. Осыны әдейі істей ме, әлде осыны істеген адамдар ақымақ па? Ереке, бұған жауап беріңіз! Ал егер қазір жауап бере алмасаңыз, баспасөз бетінде мен сізді жекпе-жекке шақырамын.

— Оқулықтан қате тапсаңдар, түзей салыңдар. Үш жүзден астам оқулық бар. Əр оқулық дайындағанда 100-ден астам адам соған қатысады. Енді сол оқулық дайын болғанда оны сайтқа салып, елге көрсетеміз. Ол сайтта 6 ай тұрады. Сонда қарамайсыңдар ма? Депутатсыз ғой. Қарамайсыңдар ма дұрыстап? — деп, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мəжілісмендердің өздеріне тап берді.

©kursiv.kz
                                                       ©kursiv.kz

Пәлі деген, министр басымен «түзей салыңдары» несі?! Оқулық деген ойыншық емес қой.

Депутат пен министр төменгі сыныптарға арналған «Сауат ашу» төңірегінде де біраз тартысты. Басы дауға қалып, тығырыққа тірелген еліміздің бас ұстазы ақыры: «Қазір «0 сыныпта «Əліппе» болады, сосын 1-сынып «Ана тіліне» көшеді. Тек 2019 жылдан бастап. Мұны жоба ретінде 2017 жылы бастаймыз», — деп, яғни мектепке «Əліппені» қайтарамын деп əзер құтылды…

Ширек ғасырда Білім және ғылым министрлігінің бағы ашылмай қойды-ау, 25 жылда 14 министр өз бағдарламасымен келеді. Ұрпағымыз содан бері тəжірибе жасайтын «қоянға… экспериментке» айналды. Жағдайы барлардың балалары балабақшаға барар, ал үй-күйі жоқ, пəтер жағалап жүргендер ше? Балабақша көрмегендер мектептің бағдарламасын қалай үлгереді, соны ойлаған кім бар? Балаларға обал, жүктеме өте ауыр. Ойын баласы емес пе олар? Иә, осы министр келгелі «Әліппеден» басқа талай нәрселерді енгізіп жатыр, ағылшын тілін балабақшадан оқытуды бастады. Жаратылыстану пәндерін тағы да сол тілде сайратпақ. Халық қарсылығын білдіріп жатыр. Бірақ одан нәтиже, жауап болмай тұр.

Ал енді электрондық күнделікке келейік. Бұл күнделік сонау Санкт-Петербургтағы коммерциялық компанияда қомақты ақшаға жасалыпты. Сонда біздің күнделікті шығаруға да шамамыз жоқ па? Елбасының екі министрлікті тексеріңдер деп айтқанында зор мән бар-ау, сірә. Бұл эксперимент тағы да қағазбастылыққа əкеліп соғады. Интернет барлық жерде жоқ, компьютер жетіспейді, интернетке сауаты жетпейтіндер қаншама?! Алдымен үйдің іргетасын қаламаушы ма еді, Ерлан мырза..! Мәселен, мұғалім Wi-Fi интернетті өзі алу керек, ата-ананың бəрінде интернет жоқ қой. Өзіміздің бұрынғы ҚТЛ, қазіргі Инновациялық лицейде айқай-шусыз, көп шығынсыз бұл мəселе шешілген. Неге солардың тəжірибесін дамытпасқа?!

Иә, министр ойына не келсе, соны жасап отыр. «Сауат ашуды» алып тастай салмақшы. «Əліппені» қайта əкелмек, мектепке шкаф жасатамыз деп жарияға жар салып еді, оны да тоқтатты. Балалардың тамағы тегін еді, бұл əлеуметтік тұрмысы нашар көп балалы отбасыларға демеу болатын. Бұрынғы бизнесмен министр бұны да көп көріпті. Өз сөзіне жауап бере алмайтын министрге болашақ ұрпақ келешегін қалай тапсырамыз?..

1-сынып оқушысының сөмкесін Ерлан мырза көтеріп көрді ме екен? Үй-күйі жоқ, көлігі жоқ, тұрақты жұмысы жоқ ата-ана баласын мектепке қалай апарады? Бекболат мырза бұрындары да осы мәселені ашынып бірнеше мəрте айтты, қаншама ата-аналар, ұстаздар, зиялы қауым ұрпағының болашағына алаңдап, қаншама хаттар жазды. Өздеріңіз оқып отырғандай, Ерекең мəжілісмендермен тайталасып отыр, депутатпен тартысты… қарапайым ата-ана, ұстазды адам демейтіні осыдан-ақ белгілі.

Бекболат мырзаның жекпе-жегіне мен де бірге барсам ба деп отырмын. Қысқасын айтқанда, бұл бизнес емес, Ерлан мырза! Ұрпақтың денсаулығы, болашағы бәрінен де қымбат. Болашақ үшін бəріміз жауапты екенімізді ұмытпаған жөн!

Сәуле Мешітбайқызы,

ҚР еңбек сіңірген қайраткері