Бұл дарындылар шет елге кетіп қалмайды…

БҰЛ ДАРЫНДАР ШЕТЕЛГЕ КЕТІП ҚАЛМАЙДЫ

Республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасында ғылыми жобаларға қазылық еттім. Соңғы жылдары күллі әлемде «ментор» сөзі қоғамымызға дендеп енді. Қазақша айтқанда бұл тәлімгер, тәрбиеші. Өмірден өз жолыңды тауып, мамандықтан қателеспеуіңе жол нұсқар, кәсіби бағдардан адаспауға жөн сілтер тұлға — ментор. 10 жыл бойы тұрақты өтіп, сара сүрлеуін тапқан «Жарқын болашақ» қазақ тілі олимпиадасы және ондағы қазылар алқасын мен дәл осы ментор сөзінің аясына сыйғызамын. Өйткені, екі күндік шара осында арман қуып, амбицияға желіккен өрендердің талайына қанат бітіріп, шабытын үстейтіні анық. Тіпті, осы білім бәйгесі өмірлік мамандығын біржола таңдауға себеп болып жатты. Сүлейман Демирель университеті, Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Халел Досмұхаммедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті бөлген 19 грантқа алғыс айтудың реті бұл.

Олимпиадаға қатысқан өспірімдердің қай-қайсы да жүзден дара шыққан шын жүйрік екені шүбәсіз. Олардың кейбірі астанамызға тұңғыш сапарлап отыр. Астанамыздағы ең үздік, зәулім оқу ордасының бірі «Нұр Орда» лицейінде болып, өзі құралыптас дарынды замандастарымен танысты. Ағылшынша айтқанда балалар үшін бұл бір шынайы «networking» болды. Яғни, олар танысып-білісіп, өзара тәжірибе алмасып, келешек әріптестігінің негізін қалады десе артық айтқандық емес. Ендігіде олар еліміздің қай қиырында жүрсе де, өмірдің қай белесінде болса да, олимпиадаға қатысқан бал балалықтың тәтті шақтарын еш ұмытпақ емес. «Жарқын болашақ» түлектерінің жақсы аты шартарапты шарлай берсін деймін ендеше.

 

P.S. Бұл дарындардың шетелге кетуі екіталай. Олар ана тілін жоғары деңгейде меңгерген, отандық тіл білімі мен журналистикаға қызмет еткісі келетін олар осы байқау арқасында тегін оқиды. Сол үшін қолдау лəзім.

Әуесбайдың Қанаты Nurbol Tulebayev атты қолданушымен және 9 others атты қолданушылармен бірге  Білім-Инновация Қоры деген жерде атты жерде.