«Бұл хабарды оқығанда тек ОҚО-дан емес, жалпы тіршіліктен түңіліп кетесің, адамға деген сенімің жоғалады»

Бәріміз де кешке қарай ФБ-ты бір ақтарып шығамыз. Жақсы дүние оқысақ көңіл жадырайды, жаман дүние болса жүрек ауырады. Адам болған соң көңілдің жадырағаны да, жүректің ауырғаны да керек, бірақ жарқын хабарлардың, позитив посттардың көп болғанына не жетсін!
Бүгінгі күні көңілді дүниенің бірі ОҚО-ы демографиясына, көші -қон мәселесіне арналған шағын хабар болды. Шын мәнінде ОҚО демографиясы жалпы қазақстандық ықпалы бар өте маңызды құбылыс. Солтүстікке ағыл-тегіл келіп жатқан елдің көпшілігі ОҚО-нан екенін сіздер онсыз да жақсы білесіздер. Өсіп-өне берсін еліміз, сан сапа туғызатыны ақиқат.
Осы хабарға іле -шала ОҚО-ның Сарыағаш ауданында болған мектептің төменгі сынып оқушысын жоғары сыныптағы оқушылардың зорлауы туралы хабар жүр. Бұл хабарды оқығанда тек ОҚО-дан емес, жалпы тіршіліктен түңіліп кетесің, адамға деген сенімің жоғалады.
Бұл зорлық аудан көлемінде жазалаумен тоқтамауы керек.  Бүкіл ОҚО- мектептері тексерістен өтуі қажет. Менің бірді-екілі мұғалімдерге деген құрметім зор, дегенмен мәселені шешетін олар емес. ОҚО мектептерін жаппай коррупция жайлап кеткені өтірік емес. Былтыр ғана ФБ- та ОҚО- да мұғалімды жұмысқа қабылдау ставкалары туралы айтылды, Шымкентте -500, Түркістанда -600, Жетісайда -700 мың, кейбір жерлерде миллионға барған деген әңгіме болды. Мектепке жұмысқа тек қана туыстық бойынша қабылдау да , тек қана ОҚО емес, жалпы оңтүстік өңірде жиі кездеседі. Коррупция мен кумовство жүрген жерде оқу сапасы да, тәрбие де керісінше жүреді. ҚР Білім және Ғылым министрлігі мектептерде тәрбие жұмысының концепциясын қайта қарауы керек. Тәрбие жұмысы күнделікті дежурный іс-шаралармен, көзбояушылықпен шектелген, бұл министрліктің өзінен басталады, немесе одан да жоғарыдан. Шын мәніндегі адами тәрбие жұмыстары жоқ. Тәрбиеден иман талап етіп жатқан ешкім жоқ.

 

Жамбыл Артыкбаевтың фейзбук парақшасынан