Бұл капитализм қай капитализм?
Кезінде атақты «Капиталдың» авторы Карл Маркс деген данышпан: «Европаны бір елес кезіп жүр. Ол — коммунизм елесі», — деген екен. Әлемде социализм мен коммунизмнің негізін салушы ақсақал осы сөзді тегін айтпаса керек. Қаншама мемлекетте төңкеріс жасалса да, социалистік қоғам сиырқұйымшақтанып, ақырында ыдырап тынған жоқ па? Ал, өкінішке орай, адамзатқа арман болған коммунизм расында да сол елес күйінде тарих қойнауына кетті. ХХ ғасырдың соңында «КСРО» деп аталатын алып империя ыдырағанда оның құрамындағы одақтас республикалар өз алдына тәуелсіздігін жариялағанына да, міне, ширек ғасырдан асыпты. Ендігі жерде осы республикаларда керісінше «капитализм» елесі аршындай басып, қалаған саласында қарапайым халықтың байлығын армансыз кешіп жүр. Әттеген-айы сол, ұлы далада ат ойнатқан қасиетті хандар мен батырлардан күллі қазаққа мұра болып жеткен ұшан-теңіз жер асты мен үстіндегі байлықты шайқап ішіп, тойына кекіріп, орынсыз секіріп жүрген капиталистер бар. Бірақ олардың санасы тым тайыз болып тұр. Күн сайын айтылып жатқан түрлі ұрандар мен бағдарламалардың сөзі жақсы-ақ! Онда айтылатын баптары да қандай керемет! Жеме-жемге келгенде қолға ұсталмайтын, ұстатпайтын көшпелі алтын секілді. Мәселен, соңғы жылдары халықты баспанамен қамту мақсатында қаншама бағдарламалар жасалды десеңізші! Сол бағдарламалардың бірде-біреуінің ғұмыры ұзақ болмады. Өйткені қоғамда жең ұшынан жалғасқан жемқорлық өршіп тұр. «Бәйтерек» холдинг компаниясының бұрынғы бастығы Бишімбаев, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Храпунов сияқты жемқорларды ондап, жүздеп атауға болады. Кейде мен таң қаламын, айналдырған 25-26 жыл бедерінде осыншама қылмыскерлерді дүниеге әкелген біздегі қоғамдық құрылысты қалай атауға болады? Жабайы капиталистерден дейміз бе оларды? Қоғамда күн сайын ұсталып жатқан парақорлардың бәрі неге мемлекеттік органдардың сапынан шығуда? Елбасы берген тапсырмалар неге дұрыс орындалмайды? Кейде біздің қазақ қоғамын, әсіресе, жоғары элитаны жағымпаздық елесі кезіп жүрген секілді көрінеді. Маңызды бағдарламаларды жалаулатып, кезекті науқанды жарнамалауда алдымызға жан салмаймыз. Жастарға, қарапайым халыққа арналған «Қолжетімді баспана» бағдарламасының бағы бір ашылмай-ақ қойды. Қанша құбылтса да, бәрібір қолжетімсіз болып отыр. Алматы мен Астана, басқа ірі қалалардың басшылары «бәленбай шаршы метр тұрғын үй салынды, бәленбай миллиард теңге қаражат жұмсалды» деп жарыса баяндағанымен, баспанасыздар саны азаймай-ақ тұр. Неге? Ал сол үйлердің құны неге тым қымбат? Орташа жалақы мен нарықтағы жылжымайтын мүліктің құны арасындағы баланстың айырмашылығы жер мен көктей. Сенбесеңіз, кез келген шенеунік орташа 70-80 мың немесе 100 мың теңге жалақымен ипотекаға бір-екі бөлмелі пәтер алып көрсінші, сөйтіп дәлелдесінші жастарға ұсынып отырған баспаналары расында да қолжетімді екенін. Меніңше, тұрғын үй құнының арзандамай, күн сайын көтерілуіне әлемдік дағдарыстың ешқандай да қатысы жоқ. Қазақтың санын көбейтеміз, мәңгілік ел боламыз десек, бірінші кезекте жалдамалы пәтерді кез келген қазақстандық азамат қиындықсыз, тиімді талаптар бойынша алатындай жағдай жасалуы керек.
Екінші мәселе, жалдамалы пәтерлерді, белгілі бір кезеңде, мәселен, 5-10 жылдан кейін, өзіндік құнын төлеп болған соң жекешелендіруге де рұқсат ету керек. Осыншама аста-төк байлықтың үстінде отырып, баспана мәселесін шеше алмасақ, онда әлем жұртшылығы алдында несіне өтірік мақтанамыз? «Қазақстан — 2030», «Қазақстан — 2050» бағдарламалары коммунизм елесі сияқты болмауы үшін, болашаққа толыққанды дамыған өркениетті ел есебінде жетуіміз үшін, ұлтымыздың басты-басты мәселелерін әділетті түрде шешуді қарастыруымыз керек. Бір ғана мысал: іргеміздегі алып көршіміз Қытай Халық Республикасында халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі әлдеқашан шешіліп қойған деп естиміз. Бір жарым миллиард халық пен 18 миллион халықтың айырмашылығына мән бере отырып, сәл-пәл ойлансақ, біздегі баспана мәселесін шешу соншалықты күрделі де, қымбат та емес екенін аңғаруға болады. Тек қана бар байлықты уысында ұстап отырған санаулы капиталистердің ниеті тарылмаса ғой, шіркін! 180 миллион емес, бар-жоғы 18 миллион ғана халықпыз. Ал жерімізден Менделеев ғұламаның белгілеп кеткен 100-ден астам бағалы рудалары өндіріледі. Мемлекетіміздің жер көлемі әлемдегі 200-ге жуық мемлекеттердің арасында 9-орынды иеленеді… Тағы да әттеген-айымыз сол… бірде-бір сотық, бірде-бір гектар жер телімі мемлекеттік резервтерде болашақ ұрпақ үшін сақталмапты.
Менің айтқан пікірімді ел тізгінін ұстаған лауазымды азаматтар дұрыс түсінеді, орынды шешімдер шығарады, ұлтымыз үшін ұтымды бағдарламалар жасауға мұрындық болады деп ойлаймын. Әрине, мұның бәрі әзірге ұтымды да орынды ұсыныс негізінде жасалған азаматтық пікір ғана. Ал бүгінгі таңда, өкінішке орай, қазақ даласын бір елес кезіп жүр. Ол — жабайы капитализм елесі…
Жаңабек Тойбазаров