БҰЛ ҚАЗАҚСТАН – КӨЗ ЖАСЫНЫҢ МҰХИТЫ

Мен, мысалы, миллионы жоқ кедеймін,
Байға барып: «қарызға бер» демеймін.
Бір миллион елу мыңды қалайша,
Кандидат боп тіркелуге төлеймін?

Уа, көңілім, күйреп-сынып қалмашы,
Уа, кедейлік, алқымымнан алмашы.
Бір миллион елу мыңдай теңгеңіз –
Мәжіліске сайланудың жарнасы!

Кіл кандидат бай болудан жалыққан,
Арасында бір адам жоқ тарыққан.
Кандидаттар қалай шықпақ бұндайда
Каспи редпен күнін көрген халықтан?

Бұл сайлауың елемеу ме кедейді?
Миллионерлер болсын деген мерейлі?
Ақшасы бар депутаттар ешқашан,
Ақшасы жоқ халық қамын жемейді.

Кілең байлар кедей хәлін ойламас,
«Тоқ балаңыз аш баламен ойнамас».
Бұл Қазақстан – көз жасының мұхиты,
Тереңіне олигархтар бойламас.

Халықтікі – Қазақстанның несібі.
Жыламасын жетімі мен жесірі.
Көз жасының мұхитына батпасын,
Халқымыздың қасиетті бесігі.

Халық көз жасының мұхитында олигархтардың желкенді кемелері қашанғы жүзеді? Жаңа Қазақстан сол кемелерді су түбіне батыратын Қазақстан болуы керек.