Бұл — қазақы түсінікке жат мәлімдеме!
Естіген құлақта жазық жоқ. Күні кеше Парламент Мәжілісінде әже-депутат Гүлжан Қарақұсова біртүрлі, қазақы түсінікке жат мәлімдеме жасады. Бұл кісінің бір кереметі аузынан шыққан әр сөзі хитке айналып, атқан оқтай зымырап ғаламға тарайтыны. Егер әнші болғанда «ән көгінде» қалықтап жүретін-ақ «жұлдыз». Бұған дейін де талай мәрте сынға ұшырағанда «сынбаған», ана тілін «жұлмалап» күлкіге қалғанда «қыңбаған», аналардың зейнет жасын ұзартуды «қолдаған» «қайраткерлігіне» де көз жұма қарау, обал… Алыс-жақын ағайынға танымал әже болғасын да сөйлейтін шығар. Көргені көп, көңілге түйгені қаншама! Ішке сыймағасын «жарылады» да. Ана бір «дірілдеп» ән шырқайтын қыз айтпақшы, (ауыз өзінікі ғой) «Айта берсін, айта берсін…». Бірақ ел тағдыры сынға түсетін Парламентті — той-томалақпен, онда айтылатын ізгі-тілекпен шатастырып алып жүрген жоқ па, депутат ханым? Жасы құрғыр 70-ке сынық сүйем қалғанда баланың әңгімесін айтқаны қалай? Әлде «Қартайғанда — бір бала» деген рас па? Қазақта «Ойда жүрген нәрсе, ойламаған сәтте айтылады» деген қыжыртпа бар. Кім білсін 3 баласы мен 8 немересінің ортасына түсіп қалғанда, немерелерінің у-шуынан безініп, «Балалы үйдің базарға» айналғанын қаламай (Зейнетке шығып үйде отыратын әжені, жауапкершілігі зор қызметке отырғызып қойған біз де оңбаймыз) «Қорықпаңдар, мен сендерге салмақ салмаймын. Өзіме жайлы орын тауып аламын. Өз күнімді өзім көремін!» — деп жұбататын шығар. Қалай десек те, Қарақұсова ханым «көңіліндегі көрікті ойын» айтып салды. Сонда не айтты деп таңырқап отырған боларсыздар? Түсінікті болу үшін басынан бастайық.
Аналардың талап етуімен «сең қозғалып», кейін Ел Президентінің өзі қадағалауға көшкен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мәселесіне орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова Мәжіліске ат басын бұрған болатын. Ондағы ойы Мәжілісмендерге «аз қамтылған жандарға мемлекет тарапынан көрсетілетін көмектер туралы» жоспарды баяндап, реті келсе олардың «ақ батасын» алып шығу еді. Алайда қарсылыққа тап болды. Депутат Кеңес Абсатиров үйдегі ата-әжелердің зейнетақысы есепке алынатынын естігенде ашуға булығып: «Егер есепке алынса, онда не үшін өмір бойы баласын баққан қариялар, немерелерін де өзімен бірге сүйреуі керек? Демек, сіздер қарияларды үйден қуып шығуға итермелеп отырсыздар ғой», — деді күйініп. Жөн сөзге исі қазақ тоқтаған ғой. Вице-министрде кібіртіктеп, сөз-жорғасы жолдан шығып, әбігерге түсті. Міне, осы сәтте қанатымен су сепкен қарлығаштай болып, вице-министрге депутат Гүлжан апамыз көмекке «ұшып» жетті.
Жәй ғана ұшып жеткен жоқ, «тың ой, тебіреніске толы» мәселе көтерді. «Ешқайда қуудың қажеті жоқ, біз қарияларға арналған үйлер салуымыз керек, ертең қартайғанда өзіміз балаларға кедергі келтірмей сол жерге барып тұрамыз. Ол қазіргідей қарттар үйі емес, өзіміздің жеке кооператив болады. Енді бірнеше жылдан кейін көресіздер, Татьяна Михайловна да (қаржы вице-министрі), Татьяна Ивановна да (Мәжіліс депутаты), мен де сол жерге барып тұрамыз», — деді көзі күлімдеп, жүзі мейірімге толып…
«Әр кәлләда бір қиял» демекші, біреудің ішіне кіріп шықпағасын топшылай береміз ғой. Алайда Гүлжан апамыздың өз қайын жұртына бүйрегінің бұрып тұратыны әмбеге аян. Тілден махрұм болса да, салт-дәстүрге «адалдығы» ғой барған жеріне «тастай батып, судай сіңгені». Төркін жағына кейде төрелік айтып қоятыны, «Өзі болған қыз төркінін танымас» дегенге келетіндей ме қалай?.. Қос қайын апасын (Татьяна Михайловна (қаржы вице-министрі), Татьяна Ивановна (Мәжіліс депутаты) өзімен бірге кооперативке тартуында да бір гәп жатқандай…
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні» қазақы тәрбие көрген баланың ешқайсысы ата-анасын кооперативке өткізбесі анық, Гүлжан Жанпейісқызы. Бұл сіздің жеке қиялыңыз. Оның жүзеге аса қоюы да дүдәмәл нәрсе. Айтпақшы бала шағадан бөлек тұрғасын, ол кооперативтің қарттар үйінен қандай айырмашылығы бар?.. Сосын сіздің кооперативіңізге қазақтың шал мен кемпірінің бара қоюы да екі талай. Өйткені олардың құдалық пен той-томалақтан қолдары босамайды (Сіздің қайын жұртыңыз туралы бірдеңе деуге хақымыз жоқ. Олардың өз жолы, өз ұстанымы бар. Және де қызды құрметтеген қазақ, құдалары туралы артық-ауыс әңгіме айтпауға тырысқан). Әрине бүгінгі қоғамда қарттар үйі дейтін мекеннен пана тапқан қариялар жоқ деп айта алмаймыз. Бар. Бірақ ондай жерге ата-анасын жіберіп жатқандардың көбі —дүбара ұрпақ… Иманды, ибалы, тілі мен дәстүрін сақтаған бала — ондай қадамға бармасына бәс тігеміз.
Ал енді сізге келсек, бойжеткен шағыңыздан қызмет тұтқасын ұстап келе жатқан әжесіз. Докторсыз! Профессорсыз! Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi де болдыңыз. Сенатқа да «аққу болып» қондыңыз. Мәжілісте Сол жолда талай биікті еңсердіңіз. Кеңестік кезең мен тәуелсіз отанымызға басқаны қайдам, дәл сіздің өкпеңіз жоқ деп ойлаймыз. Және де тәуелсіз қазақ мемлекетін, тілін білмей-ақ басқаруға болатынын дәлелдеген әйелдердің бірісіз! Жақсы жалақы алғандықтан кейінге сақтаған қорыңыз да мол болар… Қарапайым аналарға қарағанда зейнетақыңыз да қомақты. Ешкім билікте мәңгі отырмайды. Оны өзіңіз де жоғарыда айттыңыз? Бір күні кетесіздер…
Иә, Сіз сөйлеп қалған әжесіз, бала-шағаға да сөйлемей тұра алмайсыз. Балалар — Үкімет адамдары емес, Мәжіліске келіп, сын естіп, басы салбырап қайтатын. Бірде болмаса бірде, «Әже, көп сөйлей бермеңізші» деп қарсы келіп қалмасына кім кепіл? Ондайды көрмеген басыңыз, алғашында таңырқап, жүрегіңіз ауырып, кейін «көзге күйік болмайын» деп өзіңіз айтқан кооперативке барып тұрарсыз ашылып жатса. Қайда барсаңызда ешкімге қол жая қоймассыз. Тек өтінеріміз: барша халықтың атынан сөйлемеңізші? Себебі халықтың жүйкесі бос сөзді көтермейді, қазір!
Нағашыбай Қабылбек