Бұл – ұлттық болмысты айқындайтын сайлау,олай болса, қазақ тілі төрге озсын!
Сайлау басталды, қамшы жерге тасталды. Нар тәуекел! Қазақ атам бір іске белді бекем буғанда осылай дейтін. Мен де өз сөзімді ата-баба жолымен бастадым. Нар тәуекел! Енді қызыққа қараңыз, билікті 30 жыл бойы ешкімге бермей уысында ұстаған дөкейлерді «допша домалатып», сойын өзгертіп жаңа партия құрғандар да «Нар тәуекел!» деп атқа қоныпты. Сөйтіп елеңдетіп, елітіпті халықты. Әйтсе де бұл ұранға дау айтушылар қатары көп ел ішінде. «Мыңмен жалғыз күрескен адам нар тәуекел десе, онда түсінуге болады. Аты өзгергенмен заты өзгермеген партияның сайлау додасы қызық басталды. Сайлау додасы өтетін бір ай әлі талай «қызық» пен «шыжыққа» толы болатын секілді» деген жазбалар әлеуметтік желіні кернеп тұр.
1905 жылы бірінші Ресей мемлекеттік Думасына депутат болуға Әлихан Бөкейханов Кадет партиясының атынан сайлауға қатысады. Бұл жалпы қазақтардың жоғары заң шығару органына алғаш рет сайланған тұсы еді. Алдыңғы Боярлар Думасына орыстың ақсүйектері ғана мүше болған. Енді, орыс емес халықтардың жоғарғы органға кіру мүмкіншілігі пайда болды. Сол кезде Әлихан атамыз «нар тәуекел» деп сайлауға араласып еді. Бүгінгілердің «нар тәуекелі» қалай болар екен, ә? Жә, дейік.
БҰЛ ДОДАҒА ӘРКІМНІҢ-АҚ БАР ТАЛАСЫ. БІРАҚ…
18 ақпанда 18.00-де Мәжіліс және Мәслихат депутаттығына үміткерлерді тіркеу аяқталып, үгіт-насихат кезеңі басталып кетті. «Ой-хой» дегізгені, «ауыздығын қарш-қарш шайнаған» партиялардың аламанды аңсап тыпыршыған сәттері, алабұртқан жүздері, қандай кедіргі болса да жарып өтуге даяр қарқындары керемет енді. Армандары асқақ. Өзгеріс жасауға деген құлшыныстары күшті-ақ! Иә, ел мен жердің, тіл мен ділдің тағдыры қолдарында, белгіленген межеге шауып жете алса, әрине… жете алмай шаң қауып жатса, өз обалдары өздеріне. Пах-пах дегізетіні, сүйсіндіретіні кандидаттардың бағдарламаларын қарап отырсаң, алтын балығың адыра қалады. Осалы жоқ. Бәрі от. Бәрі маздаған шоқ. Әйтеуір қызды-қыздымен күнді батыстан шығарамын демесе болды ғой бізге.
Иә, 19 жылдан кейін 19 наурызда Мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы сайланады. Парламент Мәжілісіне баратын 98 депутаттың 29-ы мажоритарлық жүйемен кіреді. Яғни үміткерлер партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін-өзі ұсыну арқылы да заң шығарушылар қатарынан табыла алады. Бұл жолғы сайлаудың тағы бір ерекшелігі партиялардың Парламентке өтуі үшін белгіленген төменгі шек 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді. Сондай-ақ Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы жоқ. Бөркіңізді аспанға атып қуанбай-ақ қойыңыз, ел болып шулап жүріп Мәжілістен кетірсек те, «орнында бар оңалар» деген рас екен, Сенат қабырғасынан жылт-жылт етіп көрініп жатыр… Бұл да көзді алдау ма сонда? Артының қайырын берсін дейміз-дағы. Басқа қолдан не келеді. Үміткерлерді тіркеу басталғалы жасы да, жасамысы да Парламент Мәжілісі мен Мәслихатқа баратындарын ашық жариялап бір жасап қалды. Сайлауға 7 саяси партиядан бөлек, өзін-өзі ұсынған жүздеген үміткерлер қатыспақ. Парламент Мәжілісі депутаттығынан үміткерлер қатарында кәсіпкерлер, ақын, журналист, қоғам қайраткерлері, спортшылар мен экс-депутаттар да бар. Айтпақшы, биыл «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» демекші, бүкіл журналист қауымы тайлы-тұяғымен депутаттыққа қармақ салып жатыр. «Арты жақсы болса игі. Киелі журналистиканы кімге қалдырдыңдар? Журналистика саласын «тобыр» жайлап мәнін кетірді ме?» деп жатқандар жетерлік. Жүгі ауыр, заң шығарушы Мәжілістің креслосына отырғысы келетін адамдардың бәрі кәсіби заңгер, салиқалы саясаткерлер емес екенін де еске саламын. Сөйте тұра үміткерлердің бәрі депутат болса екен деп дұға етемін. Бір-ақ талаппен: өздеріңіз сияқты жалпы халықтың айлығын 600-900 мың теңге алатын дәрежеге жеткізе алсаңдар! Сонда әлеуметтік теңдік орнайды! Сонда ешкім де қу дүние үшін Парламентке депутат болуға ұмтылмайды. Әйтпесе халық арасында «Егер де ол жерде таңертеңнен кешке шейін кетпен шабасың, арық тазалайсың десе, 700 адамның бірі де қалмас еді. Тегін майшелпек болған соң да осынша адам таласып жатыр ғой» деген сыпсың сөз айтылуда. Халық айтса қалып айтпайды ғой, негізі. Сондықтан қолыңнан келмейтін іске уәде берме, өзің ұятқа қаласың. Халықтың өзіңе деген сенімін жоғалтасың. «Жалған уәде беруші болма, Үміткер!» – дегім келеді.
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, сайлау бюллетеніндегі саяси партиялар атауының реті мынадай:
«Amanat» партиясы;
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы;
Respublica партиясы;
Қазақстанның халық партиясы;
Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы;
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы;
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы.
Бұл тәртіп пропорционал жүйе бойынша сайланатын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың Мәслихат депутаттарының 50%-ын сайлау үшін, тіркелген партия тізімін ескере отырып, аумақтық сайлау комиссияларының сайлау бюллетеньдерінің мәтінін бекіткен кезде қолданылады, – деді ОСК мүшесі Сабила Мұстафина.
Биылғы кезектен тыс Мәжіліс пен Мәслихат сайлауы бұған дейінгі сайлаулардан өзгеше болайын деп тұр. Конституциялық реформа аясында партия тіркеу шарттары айтарлықтай жеңілдетілгеннен бе, әлде биліктің сайлау көркін қыздыру мақсатындағы амалы ма, әйтеуір, бұрын-соңды саясат сахнасында ерекшеленбеген адамдар өрісте бастары қосылып партия құрып алды. Мәжіліске ұмтылуда. Жаңадан құрылған кейбір партиялардың басшылары көшеде плакат іліп, қолдарынан не келетінін әлден көрсетіп жүр. Ұпай жинаудың түр-түрі бар ғой. Талғамға талас жоқ деген рас екен
Көзіміз үйренген «Нұр Отанның» шекпенінен шыққан «Аманат» құрамы 80 пайызға жаңарды деп жатыр білетіндер. Бұған да шүкір, әйтеуір. Бұл да болса өзгерістің белгісі. Әйтсе де әлі де болса «жылтыңбайлар мен жырқынбайлар», жағымпаздар мен жалаң сөзден май ағызатындар қарасы көзге шалынып қалады. Партия түгілі сырқаттанған адамның өзі ауруынан бірден айықпайды ғой, сондықтан көш жүре түзелетініне сенейік. Тізгінді тағы да қолдарына берейік. Сөйтіп, қаншаға шабар екен, әуселесін көрейік.
Айта кетейін, Мәжіліс пен Мәслихат 19 наурызда сайланады. Оған дейін «тайталас майдан». Жанталас. Ел сенімі. Уәде. Кім біледі, әділ сайлау өтсе, дауыс ұрланбаса, ел танымаған мықты лидерлердің бұлт астынан шыққан күндей жарқ етпесіне кім кепіл?! Елді соңынан ертетін лидер жоқ деп айтуға да болмас. Белгілі журналист Жолымбет Мәкіш айтпақшы, лидер деген жарқ етіп шыға келмейді өзі. Адамды лидер қылып шығаратын – уақыт, қолайлы сәт бір. Зеленскийдің өмірі соған мысал. Соғыс басталғанға дейін бәрі оны Президент болған клоун деп қана ойлап жүрді. Соғыс оны шыңдап, ысылып, аз уақытта әлемдік лидер болып қалыптасты. Бір жағынан, соғыс деген адамнан тез лидер жасап шығарудың ең оңай жолы сияқты. Түбі біреуі көсем болып шығады ғой ондай кезде. Құдайға шүкір, қазақта қол бастайтын батыр да, ел бастайтын көсем де көп. Екінің бірі Зеленский бізде. Соғыстың беті аулақ. Тек сондай көсем тезірек шықсын деп тілейік.
Тағы айтамын, бұл – Қазақстан тарихында алғаш рет жеті партияның Парламент Мәжілісіне додаға түсуі. Рас, демократияның елесі бар. «Ал, халайық, өзің таңда. Кім сенің сөзіңді сөйлейді? Кімге үміт артасың? Ертең бізге өкпелеме. Мүмкіндікті жіберіп алма» деген жымысқы саясат та болуы мүмкін. «Қазақты кедейліктен демократия құтқарады» деген екен марқұм Алтынбек Сәрсенбаев. Соған көзіміз енді жетіп жатқан неткен аңқау халық едік!..
29 ОРЫНҒА 700 ҮМІТКЕР. КӨКСЕГЕНІ МАНСАПҚОРЛЫҚ ПА, ӘЛДЕ?..
Қазақ қоғамында түйткілді проблемалар шаш етектен. Санасаң, санына жетпейсің. Жаза берсең, түбіне бойламайсың. Ең сорақысы отыз жыл бойы «Нұр-аға» деп шулағандар басынан бағы тайғанда «жай аға» деуге жарамай, жамырап даттауға кіріскенде көрінді. «Бұл жерде Назарбаевты ақтаудан аулақпын. Оның былығы мен түрлі-түрлі «қылықтарын» аямай әшкерелеген жанның бірі менмін әлі тағынан түспей, тас кенедей жабысып отырғанда!). Тек күні үшін жүрген қулардың басыңнан бақ тайғанда жалт етіп, екінші біреудің қолтығына кіріп «шәу-шәу» ететіні жанға батады. Ол аз болса, жемқорлық жайлаған жүйеге лағынет айтып (түк көрмегендей) «Жаңа Қазақстан» құруға белсене кіріскендері балақтағы биттей өріп жүр билік басында. Бәзбіреулері түк көрмегендей Парламент Мәжілісінен дәмелі. «Ей, өмірай!..» дейсің осындайды көргенде. Арсыздықтың да шегі болмайды екен-ау. Жазушы марқұм Рақымжан Отарбаев: «Бір топ үйрек бір көлді тастап, дүр етіп көтеріліп екінші көлге қарай ұшып барады дейді. Жолай сұңқар кезігіп:
– Қайда бет алдыңдар? – деп сұрайды. Үйректер:
– Құрысын, мына көл сасып кетті, ана көл таза, соған барамыз, – деседі. Сонда Сұңқар:
– Мына көтендерің аман болса, оны да сасытасыңдар, – деген екен…
Облыстан облысқа, министрліктен министрлікке түк бітірмей көшіп-қонып жүрген біреулерді көрсем, ылғи да осы әпсана есіме түседі…» – деп жазыпты ғой жарықтық бір күйінгенде.
Баяғының бәрін ұмытып, «Жаңа Қазақстан» құруға талаптанып жанын салып жүргендерді көргенде, депутат болғысы келіп сайлауға түсіп, алаөкпе болып қызыл сөзді сапырып, табаға салып қуырып жатқандарды сезгенде, мен де түрлі ойға берілемін. Иә, жаңашылдық жақсы. Жақсыға талпынған дұрыс. Бірақ сатқындық, екіжүзділік өрге бастырмайтын қылық екенін билік білсе деймін. «Өгізге туған күн бұзауға да туады» деген тәмсіл бар. Майлы ішектей жылп-жылп еткен жылпостар күндердің күнінде Президент Тоқаевты да «лақтырып» кетуден тайынбас мына түрлерімен.
Саяси науқанда бақ сынап, Мәжіліс креслосына жайғасқысы келетін үміткерлер шынымен қоғам жағдайын жақсартуға қауқарлы азаматтар ма, әлде бұл тек мансапқұмарлыққа ұмтылудың көрінісі ме? Халық үгіт-насихатқа сене ме? Парламентке қандай адамдар баруы керек?» деген сұрақтар төңірегінде қоғам қайраткерлері не дейді екен, тыңдап көрелік. https://abai. kz-ке берген пікірінде Әміржан Қосан былай депті: «Шынын айту керек, Президент Тоқаевтың демократиялық саясаткер риторикасы бар жағынан қолдауға тұрарлық. Бірақ, «батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» демекші, ескі Қазақстанның саяси стандарттары әлі де толығымен жойыла қойған жоқ. Мәселен, сайлау комиссиялары әлі де сол сірескен қалпында. Үгіт-насихатқа келсек, оның бәрі үміткерлердің өздеріне байланысты. Қазір халыққа жетудің жолы көп, әсіресе, интернет пен әлеуметтік желілердің мүмкіншіліктері ұшантеңіз. Өкінішке орай, кейбір кандидаттар «қырамын-жоямын», «қой үстіне бозторғай жұмыртқалатамын» деп, популизмге салынып жатады. Ол – халықты алдау, өйткені «жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпас», депутаттың мәртебесі мен мүмкіндіктері шектеулі. Халыққа уәде бергенде осы жағын да ескеру керек деп санаймын.
Білімді, тәжірибелі, заңдардан хабардар, азаматтық ұстанымы айқын әрі табанды, мемлекеттік мүддені өзінің жеке бас амбициясынан жоғары қоятын, ұлтшыл тұлғалар Жаңа Қазақстанның жаңа Парламентінің көркі әрі ұстыны болар еді. Және де Парламент алуан-түрлі қоғамның көрінісі, айнасы болғандықтан, оның құрамында өзін оппозиция санайтын партиялар мен жеке тұлғалардың болғаны да заң шығару ісін мейлінше жақсартып, Президент жариялаған «еститін мемлекет» қағидатын өміршең етуге өз ықпалын тигізер еді.
Кейбір қоғам белсенділерінің тіркеуден өте алмағаны өте өкінішті жағдай және мұндай кедергілер сайлауға абырой әпермейді. Балама пікірсіз, соның ішінде билікке қатысты сыни ұстанымсыз кез келген Парламент – тұл! Меніңше, осы тұрғыдан алғанда болашақта депутаттыққа үміткерлерді тіркеудің өзін мейлінше жеңілдеткен абзал. Сонда мұндай шетқақпай көрсету болмас еді.
Жалпы алғанда, бұл сайлаудың жөні басқа, өйткені ол Жаңа Қазақстанның нобайын анықтап береді. Осы науқанға қарап, көпшіліктің биліктің қолға алып жатқан Жаңа Қазақстан идеясына деген көзқарасы қалыптасады. Ал халықтың қолдауы болмаса, кез келген идеяның болашағы бұлдыр болмақ
Жоғарыда айттым, жеті партияның ішіндегі Парламент Мәжілісіне баратын 98 депутаттың 29-ы мажоритарлық жүйемен сайланады. Яғни үміткерлер партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін-өзі ұсыну арқылы да заң шығарушылар қатарынан табыла алады. Бар-жоғы 19 миллион халқы бар Қазақстанға 19 мың депутат керек-ау деген ойға қаласың кейде еріксіз. Өйткені 29 орынға 700 үміткер тіркеліпті. Былай қарасаң, бір орынға 23-24 адамнан келіп тұр. Тәуелсіздік тарихында болмаған жағдай. Жапон елінде 125 миллиондай халық тұрады. Сол халыққа ол елде 15000-дай ғана шенеунік (чиновник) бар дейді. Жапондықтар Қазақстанның 18 миллион халқына 1200 ғана шенеунік жеткілікті деп айтқан екен. Ал біздің елде шенеуніктердің саны 100 мыңнан асады-мыс. Олардың орынбасарлары, хатшылары мен жүргізушілерін есепке алсақ… Мемлекетке, халыққа обал. Шенеуніктерге қаншама қаржы жұмсалып жатыр. Одан мемлекеттің дамып кеткені қане?! Әй, дарақылық-ай, дарақылық! Қазақтың соры болып тұрсың ғой сен!
Мәжіліс, Мәслихат депутаттығына үміткерлердің үгіт-насихат жұмысын қарап отырсаң, бәрінің айтатыны, ұстанымы «қоғамды өзгертеміз» дегенге саяды. Иә, қоғамның өзгергенін, тың серпіліс болғанын бәріміз де қалаймыз. Алайда айтуға ғана оңай, жүзеге асыру қиын шаруа. Ол үшін күшті талап, қажыр-қайрат керек. Ұлттық рух мықты болуы тиіс! Бұл жолда билікке сатылмайтын, сатылмаған депутаттар ғана жетістікке жетпек. Билікке арқа сүйеп депутат болғандардың қолдан жем жеген құстан айырмасы жоқ… Бұл – үлкен қасірет! Заманға, халыққа қиянат!
Додаға түсіп жатқан жеті партияға да айтарым, қазақ ұлтының сабырлылығы, төзімділігі, сенгіштігі және келешектен үміт күтуі жаңадан сайланатын депутаттарының ары мен намысына жүктеледі. Көпірден өткенше «елім» деп еңіреп, өтіп алғаннан кейін «қарақан бастың емін іздеп» кететіндерге қарғыстан басқа ештеңе айтылмайды. Осыны есте ұстаңыздар! Бір тілді, бір ұстанымда жұдырықтай жұмылған ел мүддесін қорғайтын мықты Парламент қалыптаспай, бәрі бекер.
Қазақта «іштен шыққан жау жаман» деген тәмсіл бар. Бір кезде П. Свойк деген шовинист өзінше бал ашып «Қазақстан Ресейге тәуелді. Ресей кез келген уақытта Қазақстанды «қалпақпен ұрып алады» деп көсілген. Бұл – ұлтараздықты қоздыратын пікір. Егер қазақ айтса, қалпақтай ұшар еді. Өзге ұлт айтқандықтан, «айдарынан жел есті».
Кейінірек экс-депутат Айдос Сарымнан осыған қатысты бір журналист сұхбат алды. Сонда депутат Айдос Сарым Ресейді алпауыт мемлекетке балап, олардың құрығы ұзын екенін астарлап, барлық салада кіндігімізден байланғанымызды тұспалдап айтамын деп халықтың ашуына тигені бар. Бәлкім депутаттың айтқысы келгені басқа болар. Бірақ көкейіндегі жалтақтық «мен мұндалап» тұрғаны рас. Сонда әлеуметтік желі бетінде «Қазақстанның Тәуелсіздігін жоққа шығарып, Қазақстанды Ресейге бодан ел ретінде көрсетіп отыр. Айдос Сарым адам болмайды. Тіпті әлемнің мықты психологтары оны дұрыстай алмайды. Билікте Қазақтың мүддесін сатып кететін осындай ресейшіл сатқындар жүр. Сондықтан Қазақ Республикасында қазақ тілі өз лайықты тұғырына орныққан жоқ» дегендер көп болды
Міне, Парламенттің ролі осындай қысылтаяң шақта көрінеді. Халықтың атынан сөйлей алатын тек депутаттар ғана. Ресейдің қоқан-лоқысына басын иіп, «бізге татулық керек», «арандатуға ермеу керек» дегеннен еш пайда жоқ. Ұлты үшін атылып шығып, атойлап шабатын ұл керек қазаққа. Осы сайлаудан да халық соны күтеді. Сенім ақталмаса қайтеді, халық шеруге шығып, өз қотырын өзі қасымақ!
Әлеуметтік желі қолданушы Бірлік Сәрсенбайұлы айтпақшы, депутаттықтан үміті барлар (кандидаттар) ФБ-ға суретін қойып, кеуде тұсына: «Түбегейлі өзгеріс керек», «Нужны перемены» деп жазып алыпты. Қош делік. Бірақ ешкім: «Қандай өзгеріс керек?», «Какие нужны перемены?» деген сұрақтарға жауап бермепті. Жалаң ұран, жымысқы уәде, жайлаған сыбайластық, өтірік өрекпу, шендіге жарамсақтану, жығылғанды табалай жөнелу, өтірік күлкі, қаптаған шоудан халық әбден жалықты. «Бұл шиқыл бұрынғы шиқылға ұқсамайды» дейін десең, әуені өзгермеген сол қалыпты ноталардан құралған әуез. Кейбірінің кейпі де, түрі де, пиғылы да өзгермеген баз қалпы.
Ал мыналар жаңалар-ау дейін десең, ақын, әртіс, шоумен. Заң деген не үшін керек, оны кім жазады, не үшін жазылады, кімге пайдалы, кімге пайдасыз, ол заң керек пе, жоқ па? Мұрнына исі бармайтын, әйтеуір, мені ел таниды ғой, өтіп кетсем, бірдемесі болар деп жүргендер. Көбі: «Ойбай, осыдан өтсем, халық үнін жоғарыға жеткізем!» – деп кеудесін ұрады, жоғарыда ылғи керең мен соқырлар отырғандай. Қысқасы, халықпен ешкімнің шаруасы жоқ, үміткерлер бірін-бірі сыбап, тапсырмалы статьяларды бүкіл ақпараттық құралды қолданып сойып жатқан ел. Партиялар да бір-бірін қаралап жатқаны…
САЯСАТ САХНАСЫНА ШЫҚҚАН ЖЕТІ ПАРТИЯҒА «МІНЕЗДЕМЕ»
«Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығады» дегенді тағы көрдік. Сайлауға түсіп жатқан Қазақстан халық партиясының төрағасы, Назарбаев тұсында «Сарай бұлбұлы» атанған Ермұхамет Ертісбаев Путин саясатын ашық қолдайтынын Соловьёв Live арнасына сұхбат бергенде ашық айтыпты. Енді жетпегені осы еді! Бір сәт ойланайықшы, халықпыз ғой, бұл партиядан елге не үміт, не қайыр?! Бірден айтайын, Ертісбаев басқаратын партияның аты өзгергенімен, түпкі идеясы әлі өзгере қойған жоқ. Әйтпесе, «Ресей Президентіне рақмет, орыс халқына бас иемін, орыстардың социалдарымен тығыз байланыс орнатуымыз керек» деп бөсіп отырар ма еді? Отыз жыл бойы лауазымды қызметтер атқарған сақа саясаткердің айтатын сөзі ме осы? Қазір қазаққа, қазақ халқына, елге, жерге жаны ашитын әңгіме айтылу керек. Сосын ел танитын, азды-көпті атағы бар азаматтардың Соловьев деген пропагандиске сұхбат беруінің өзі қателік. Ол арандатушы сұрақтар қойып, тіліңнен тартып алуы мүмкін. Ал, бізге халықтың бірлігі қымбат. Қит етсе ойын орыстың журналистеріне жеткізетін, ана тілінде айтуға шамасы жетпейтін депутат қазақтың тілі мен мүддесін Парламент Мәжілісінде қорғайды дегенге өз басым өлтірсең де сенбеймін. Айтары тасып бара жатса, қазақтілді ютуб арналар жетеді. Демек, қазақшаңды қақпайды, оларға тиының мен билігің ғана керек. Осындайлар Мәжіліске өтіп кетсе, өз сорыңнан көр, қазақ!
Саясаткер Дос Көшімнің айтуынша, сайлауалды үгіт-насихатқа біреулер сенеді, енді біреулер құлақтарына қыстырмайды. Егер сайлауды жүргізудің сан түрлі тәсілдерін меңгеріп, халықты өзінің сөзіне ұйыта білетін шеберлігі болса, қысқасы, көпшіліктің ой-арманын дәл ХАЛЫҚ ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТ Бұл – ұлттық болмысты олай болса, қазақ тілі 23 АҚПАН 2023 БАРЫС ЖЫЛЫ таба білсе, көздерін жеткізсе, әрине, ондай жұмыстың жақсы нәтижесі болады. Алайда осы уақытқа дейін сайлаудың нәтижесін оны «санайтын» адамдар – билік шешіп келгеннен соң, бізде сайлау технологиясын меңгерген, майталман мамандар да қалыптасқан жоқ. Демек үгіт-насихат жұмыстары үнпарақ тарату, сайттарда пікірлерін жариялау, кездесу өткізіп, өзінің бағдарламасын таныстырудан аса алмайтыны анық
Меніңше, әр адамның депутат болатын жандарға қоятын өзіндік шарттары болғаны дұрыс. Мысалы, менің шартым қысқа да нақты. Егер депутаттыққа үміткердің жас шамасы 50-60-тарда болса, өз басым, «Сен 86 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде қайда болдың?», «90-жылдардың басында Тәуелсіздік үшін күрес басталғанда қайда болдыңмен?» шектелемін. Егер осы бір қилы кезеңде ол адам өзінің азаматтығын көрсете алмаса, үнсіз қалып немесе баррикаданың арғы жағында болса, – қолдамаймын. Осы отыз жылдың ішінде биліктің жоғарғы жағында жұмыс істеген жандар да осы қатарға кіреді… Кейбіреулер «Мынау азамат екен, шындықты шырылдатып айтып отыр. Осыны қолдайық!» деуі мүмкін. Алайда сол «шындықты» айтушының кезінде осы жүйеге беріле қызмет жасағаны, осы жүйені орнатуға қатысқаны, қызметінен айырылған соң, бір күннің ішінде «демократ» болып шыға келгені ескерілмейді.
Белгілі қоғам қайраткері марқұм Амангелді Айталы ағаның: «Егер мемлекет құрушы ел әлсіз болса, мемлекет те әлсіз болады. Бұл – жазылмаған заң әрі қағида. Сондықтан қазақ халқының жағдайы – мемлекет қауіпсіздігінің кепілі» деген ұстанымы біздің билікке темірқазық етер құбыла болуы тиіс. Менің жеке пікіріме келсек, жаңа жасақталатын Парламент Мәжілісіне тек мемлекеттік тілді білетін (ұлтына қарамай) депутаттар өтуі тиіс. Бұл ешқандай да ұлтшылдық емес. Бұл қайта тіл мәселесіндегі көптеген қордаланған проблемаларды шешуге таптырмас мүмкіндік. Біз – мемлекет құрушы ұлтпыз, онда неден қаймығамыз? Неден сасамыз? Қайта өзге ұлттар қазақ тілін білмесе, билікке сатылап өсе алмайтынын сезінуі керек қой. Қазақстанда тұрақтап қалғысы келсе, балаларына амалсыздан қазақша үйретуге күш салары даусыз. Бұл да саясат. Белден басып бұрап жығу емес, емексітіп, заң арқылы «аяқтан шалу». Қазір басымды кесіп алса да айтарым, қазақ тілін білмейтін Ивановтар, Сидоровтар қазақ еліне депутат болып заң соғуына қарсымын.
Белгілі журналист Тұрсын Қалимова: «Сіздер не аңғарып жүргендеріңізді білмеймін… менің соңғы екі жылда аңғарғаным – Алғыс хаттардың, билбордтардың, мөрлердің қызыл түсті болуы. Коммунистік жылдарды аңсағандардың тірлігіндей көрінеді.
Және коммунистік партияның «Қазақстан Халық партиясы» деп атауын өзгертіп қана қоймай, партия қатарына «диван сарапшылар» мен ана тілінің уызына жарымаған, өз ұрпақтарына ұлттық тәрбие бере алмағандармен толыға түсуі….жеке мені қауіптендіреді» деп жазды әлеуметтік желідегі парақшасына. Бұл, әрине, үлкен қауіп. Жымысқы саясат болуы да кәдік.. Ютуб каналдан Қайсар Уәлиханның осыдан он бес жыл бұрын Мәжіліс мінберінен сөйлеген сөзін, айтқан ұсынысын жаңадан сайланатын депутаттар бір тыңдап алса, шіркін! Бәлкім ұлттық рухтары оянар. Негізінен мемлекеттік тілді менсінбейтіндер – Мемлекеттің Тәуелсіздігін мойындамайтындар. Олар ұлтқа ғана емес, билікке де қауіпті!
Сайлауға түсіп жатқан жеті партия. Аттарын атап, бағыт-бағдарын нақтылап бермекке бекіндім. Әулие емеспін. Бірақ өмірден түйгенім мен жиғаным көп. Саясатпен де бүгін ғана айналысып жүрген жоқпын. Жеті саны қазақ үшін киелі. Сап басында «Нұр Отанның» шекпенінен шыққан «Аманат» тұр қасқиып. «Ата даңқымен қыз өтер, мата даңқымен бөз өтер» дейтін заман келмеске кеткелі қашан. Сырты дүңкиіп тұрғанымен, іші үңірейіп қалған тәрізді. Халық та баяғы сенгіш, аңғал халық емес. Елпілдеп, желкілдеп қалатын. Әйтсе де «Аманат» «көп – қорқытып терең – батырар» күшке ие. Билік пен қаржы тұрған жерде «Аманатқа» қиянат жасалмайды. Мен өзім «нұротандықпын». Бүгінде «Аманатқа» өттім. Саналы түрде келген партиямды сатпаймын. Өзгеге сатылмаймын. Ешқашан партияның сойылын соққан емеспін. Қаншама жыл бойы жақсы істерін дәріптедім, жамандығы болса айтып келдім. Бұқпадым, ықпадым. Әлі де сол ұстанымдамын. Жазғандарым, сындарым «Qazaqstan dauiri» газетінің сарғайған бетінде тұр. Ар алдында, ұрпақ алдында адалмын. Және маған «Нұр Отан» партиясы тарапынан ескерту, қоқан-лоқы жасалған емес. Құдайшылығын айту керек, әділ сынды қабылдай білетін. Сыннан қорытынды шықпай жатса, жүйе де кінәлі. Сіз бен біз де кінәліміз. Әрине, қай партияны да құртатын, түбіне жететін жылпостар, жағымпаздар. Мақтан мен мадақ. Меніңше, «Аманат» ол кезеңнен өтті. Қазір жаңару, жасару сатысына көтерілді. «Аманатқа» Кеңестің зорлығын көрмеген, тәуелсіздіктің құрдастары мүшелікке келіп жатыр. Соны көріп, Еланасы ретінде қуанамын. Бір заманда «Нұр Отан» партиясында да іскер, адал азаматтар болды. Олардың көбі бүгінде елдің аманатын арқалап «Аманатта» жүр. Партия жаңа бағытқа бет алды. Жаңа ұстанымдарға иек артты. Мен «Аманат» партиясын сынап жатсам, өзге партияларға сабақ болсын дегенім. Ол менің «Аманатты» жек көргенім емес, қайрағаным. Өзім мүше болған партияның жүзі жарқын болсын дегенім. Менің ұстанымым – осы.
Жақсының жақсылығын айту міндет. Бұл жағынан да «Аманатқа» айтар алғысым шексіз. Жиырма жылға жуық «Qazaqstan dauiri» басылымы Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «Нұр Отан» (бүгінгі «Аманат») партиясымен бірігіп (қолдауларына ие болып) Президенттердің Жолдауын насихаттау мақсатында және ел ішіндегі қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігін, ауылшаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің жоқ-жітігін (болмаса жетістіктерін) жоғарыға жеткізу үшін «Ауыл – ел бесігі», тағы басқа да атаулармен ауыл экспедициясын ұйымдастырып келеміз. Екі жыл болды, «Аманат» партиясымен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Біле-білгенге мұның пайдасы ұшан-теңіз. Біз осы экспедиция арқылы Билік пен Халықтың арасына алтын көпір бола білдік. Газетте Партия мәлімдемелерін жаңғыртып, «Ел аманаты» деген үлкен айдар аштық. Сол айдарда «Жер аманаты», «Ауыл аманаты» жайлы халыққа сүбелі мақалалар, сараптамалар жазылады. Бұның бәрі «Аманаттың» игі істерін насихаттау үшін. «Аманат» жайлы сөз осымен тәмам.
Ал қылышынан қан тамған коммунистік партияның тонын айналдырып киген «Қазақстанның халық партиясының» сиқы анау. Бір заманда «сарай бұлбұлы» атанған Ертісбаев, бүгінде Ресейдің шымшығына айналып шиқылдай бастапты. Мемлекеттік тілді белден басып, Путинге жағымпазданып әуреге түсуде бейшара. Олардан қазақ халқы қазірден күдер үзуде. Орыстілді орта қолдап, Парламентке өткізіп жібере ме деген қауіп зор менде. Ондай күн туса, «өз қолыңды өзің кесе алмай», тордағы арыстандай аласұратын күн алдыңда, қазағым
Respublica партиясы мен Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы билік қолдан жасаған, сынақ үшін Парламент Мәжілісі сайлауына жіберілген эксперимент қана. Олардың да болашағын болжау аса қиын емес. Биліктің ығымен жүретін, ол күлсе күлетін, «шап» десе шабатын, «қап» десе қабатын қолбала партия ғой. Арпа ішінде бір-екі бидай болып жүре береді де.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының да баяғы бабы жоқ. Көзіне қамшы тиген аттай жасқаншақ, жалтақ. Бір кезде жалына қол апартпаған оппозицияның серкесі болды дегенге ешкім сенбейді. Әбден «қолдан жем жеп» үйренгендіктен болар, кім көрінген шапқылап әбден титықтатып тастаған секілді. Парламентке өтіп жатса, күні үшін ғана тіршілік кешуден тайынбас.
Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы Парламентте белсенді. Оны мойындауымыз керек. Көпке топырақ шашпайық, партия құрамында ұлт пен тілі үшін шырылдап жүрген бірнеше азамат бар. Солардың үнін естіп, кейде халық қуанып қалады. Алайда бір қарын майды бір құмалақ шірітетінін ешкім жоққа шығармас. Партия басшысы көңілшектеу жігіт, ара-тұра тұңғыш Президент есіне түссе, жылап алатындай көрінеді бір түрлі…
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы «ауылым, жұртым» деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген азаматтардан жиналған. Ауылға жылда экспедиция жасайтын, халықтың тұрмыс-тіршілігін билікке үнемі жеткізуге тырысатын «Qazaqstan dauiri» газеті ұжымы «Ауыл» партиясына көңілі бұрып тұрады. Бағдарламаларының өткірлігі үшін, ауылдағы қарапайым жұрттың жан айқайына үн қосып, жоғын түгендеуге атсалысып жүретіні үшін. Әттең, Парламентке өтуге жолы болмай жүр! Осы жолы Парламентке өтсе, үнсіз жүріп-ақ көп іс тындырарына сенімім зор.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, алты партияның ішінен «Аманатқа» бәсекелес болатын партияны көре алмай тұрмын. Әрине, бұл партияларға уақыт пен тәжірибе керек. Халықтың қолдауы керек. Ол үшін біраз маңдайлары терлеп іс етулері керек. Халықшыл, мемлекетшіл болуары керек. Сонда ғана сөздері өтімді, өздері сүйкімді көрінері даусыз…
АЛАШТЫҢ ЖОЛЫ – ДАМУДЫҢ ЖОЛЫ
ТҮЙІН: Депутат болуға бел шеше кіріскендерге менің аналық айтар ақылым да бар. Құлақ салса, бір кәделеріне жарап қалар. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылдан асты. Ұрандата беріппіз құр бекерге. Жетістігіміз жетімсіздік, асуымыз жасу ғана болыпты. Толып жатқан Жолдауларға депутаттар қолдау жасағанымен, өзгерген ештеңе жоқ. Кері кете беріппіз. Бұрынғы Назарбаевты мақтап-мақтап құртқан жағымпаз жәдігөйлер әлі арамызда жүр. Соларды көрген, тәрбиесін сезген жаңа депутаттар жағымпаздардың жарысын тағы да бастап жібермесе жарады. Онда құрдымға кеткеніміз кеткен. Өткеннен сабақ алатын кезең туды, қарақтарым!
Тағы айтамын, қазақ тілін білмейтіндерді депутаттыққа мүлдем жолатпау керек. Шындықтың жүзіне тура қарайықшы. Президент Тоқаевтың үкіметі мемлекеттік тілді құрметтеп отыр ма? Онда жүргендердің көбі өз қазағымыз. Қазаққа билік жүргізуге құмар шенеуніктер оның тіліне де құрмет көрсетуі тиіс! Ең құрымаса, Мәжіліс пен Мәслихаттарды ел болып қазақша сөйлетуге тырысайық. Ол үшін депутат таңдағанда қателеспейік. Құр уәдеге, жылтыр сөзге алданбайық! Дініне емес, тіліне қарайық. Түріне емес, үніне назар салайық. Кейін қазақтілді депутаттар талап ете алса, билік те тілге мойын бұрар. Осы күннен бастап тіл үшін шырылдап жүрген азаматтар тіл білмейтін кандидаттарды ел алдында әшкерелеуі қажет. Мүмкіндікті жібермеу керек. Керек болса, атын атап, түсін түстеп көрсетейік. Парламентке өтіп кеткесін кіжіну жау кеткесін қылышты тезекке шапқанмен бірдей көрініс болмақ. ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына кандидат Арман Шораев Қазақ еліне үндеу тастап, бір мандатты округтерден сайланғалы жатқан тәуелсіз депутаттарды қолдауға шақырды. Арманның айтып жатқаны – барша халықтың көкейіндегі ой!
«Құрметті ағайындар! Тура 1 айдан кейін біздің елімізде сайлау өтеді. Егер сіздерге 5 минутта Астанамызды Нұр-Сұлтан деп өзгертетін мылқау депутаттар әрі қарай керек болса, 2 жылдан кейін 2-3 минутта Нұр-Сұлтанды қайтадан Астана деп өзгертетін, яғни биліктің ғана талабын орындайтын дәл сол депутаттар қажет десеңіздер, онда сайлауға қатыспаңыздар. Бірақ осы жолы біздің елімізде ерекше сайлау болайын деп жатыр. Өйткені 98 депутаттың 29-ы бір мандаттық округ арқылы біздің Мәжілісімізге сайланады. Ол дегеніміз «Мен» дей алатын, намысын нанға айырбастамайтын, билікке бағынбайтын азаматтар қатысады деген сөз. Алматыдан, Астанадан, Ақтөбеден, басқа да облыс орталығынан қатысып та жатыр. Менің өтінішім, егер сіздер мылқау Парламентті қажет етпесеңіздер… Соңғы 10 жылда мен біздің Парламентімізді «Сендер қуыршақ театрсыңдар, қариялар үйісіңдер» деп талай рет сынағанмын. Шынымен дәл солай болды. Ол жерде бірде-бір азамат болған жоқ. Билікке тәуелді азаматтар отырды. Мысалы, қазір сайлауалды бағдарламаны жазайын десем. Шынымен біздің елімізде сау жер жоқ. Бүкіл жүйе, бүкіл салада өзгеріс қажет. Ол өзгерісті тәуелсіз депутаттар арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Оны ұмытпаңыздар. Құрметті ағайын! «Мен бармаймын. Билік өзінікін істейді. Менің даусымды ұрлап алады. Барғаным не, бармағаным не… Ештеңе өзгермейді» деп ойлай берсеңіздер, шынымен ештеңе өзгермейді. Сондықтан 5 жылда 1 рет қана болатын мүмкіншілікті пайдаланыңыздар!» – деді А.Шораев. Мұны қаперден шығармайық, ағайын. Кімге дауыс беру өз қолыңда. Және дауысыңды ұрлатпау үшін де күрес! Жемқорлық жайлаған жүйеден осылай ғана құтыламыз, бауырлар!
Отыз жылда не бір зауыт, не бір тоқыма фабрикасы салынбапты-ау. Тіпті ине мен жіпті көршіміз Қырғыздардан сатып аламыз. Қытайды әбден байыттық. Ресейді мұнай мен газға жарыттық. Жердің асты мен үстінің байлығы кім көрінгеннің қолында кетті. Халық кедейшілік күйден арылар емес. Еңсесі көтерілер емес. Кенен атам жырлағандай, «Мені құртқан көкшолақ» деп әндететін уақыт өтті, сайлауға түсіп жатқан үміткерлер! Парламентке ел үшін, жер үшін, тіл үшін деп барыңдар. Қалғу үшін, бизнесімді дамыту үшін барамын десеңдер, осы бастан тоқтаңдар. Өтірікті соқпаңдар. Халықтың назасынан қорқыңдар!
Айтайын дегенім, елім деп еңіреген алаш қайраткерлерін мемлекеттік деңгейге көтеретін мезет жетті. Солардың ұстанымын ту қылып көтерсек, ұтарымыз көп. Әлі де кеш емес. Назарбаевтан тұлға жасағандар алаш ұлдарын одан биік көрсетпеуге күш салды. Ақыры не болды, құрдымға кетті. Тұтас ұлтты масқара етті. Жемқорлық жайлады. Жағымпаздық тыйылмады. «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген алаш көсемі Әлихан Бөкейхановты, тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсыновты, «Оян, қазақ!» деп шырылдаған Міржақып Дулатовты жас ұрпаққа үлгі етіп, ұлттық рухты көтеріп алмасақ, жағдайымыз қиын.
Бір ғана Бөкейхановтың идеяларына тоқталайыншы. Қандай ғажап ұстаным?! Қандай рухты ойлар?! Мұндағы ұстанымдар бізде әлі күйіп тұрған проблемалар: Бірінші ұстаным: жер, жер және жер. Жерсіз Отан жоқ. Әлихан Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша: «Қазақтың байырғы жерін қашан қазақтар өз бетінше ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жекеменшікке де, қоныстанушыларға да берілмейді».
Екінші ұстаным: жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық игілік қазақ мемлекетіне қызмет етуі керек. Ә.Бөкейхановтың айтуынша: «Оның әрбір түйір тасы қазақтың өңіріне түйме болып қадалу керек» болатын.
Үшінші ұстаным: Ә.Бөкейхановтың жобасы бойынша, «Қазақтың жерінде өндірілген «бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі» керек, яғни толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуге ұмтылуы тиіс еді.
Төртінші нысана: қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі болуы керек.
Бесінші, түпкі мақсат: ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құру еді. Өкінішке қарай, отыз жыл бойы Назарбаевты мақтау мен ода арнаудан қол босамады. Сөйтіп, жеткен жеріміз осы болды. Қай партиядан болса да Парламент Мәжілісіне тұяқ іліктірген депутаттарды алаш аманатына адал болуға шақырамын. «Ақ жол» партиясының ұстанған бағыты дұрыс. Оны үнемі қолдап отыруға кеңес беремін баршаға
Ел боламыз десек, бас-басымызға би болып, дау-дамайды қоздырмай, қолда барды қадірлеген дұрыс. Кезінде Мәжілісте кім отырмады? Тілін шайнап Қарағұсова да жүрді, қалғып-шұлғып Косарев те отырды, каратист Ахметбековке де орын бердік. Ресейшіл Әбілдаев та аузына келгенді көкіді! «Бірнеше байға әйелдер де тию керек» деп Бақыт деген ханым да айды аспанға шығарған. Айта берсем, небір сұмдықтар болды ғой. Қайсыбірін айтайын, халқым! Парламентке қалғып келіп, ұйқысы бір қанбай кеткен депутаттар қаншама. Тіліңді мазақ еткен мәжілісмендерді қайтіп ұмытарсың, ағайын!
Бұлардың жанында Ринат Зайытов айтыстың көрігін қыздырған, тілі мен діліне берік өз балаң емес пе? Нартай мен Мақсат Мәжіліске барса, қазаққа зияны тиеді деп ойлайсыздар ма? Жоға! Керісінше, Жаңа Қазақстанның қабырғасын қаласатын дәл осы азаматтар! Тек абырой биігінен түспесін дейік. Сатылап өсіп, халқын сатып кетпесе болды.
Ал Арман Шораев, Мұхтар Тайжан, Ермұрат Бапи, Инга Иманбай, Абзал Құспан, Мұрат Әбенов, Аятжан Ахметжан, Жарқынбек Амантайұлы, Нұртай Сабильянов, т.б. қыз-жігіттер кімнен кем? Ұлттың келешегін ойласаң, «қазағым» деп отқа түсіп, елім деп еңіреп жүрген, шындықты шырылдап айтып ауыздары күйіп жүрген азаматтарды сайлауда қолда. Әділетсіздіктен қорға! Міне, сонда аңсаған демократияның туы желбірейді. Қой үстіне бозторғай сонда ғана жұмыртқаламақ! Әділдік қай заманда да күреспен ғана келген. Осыны естен шығармаған абзал
Айтыстың ақтангері Айбек Қалиев айтпақшы, «осы Парламент депутатының дәрежесі Президенттен де жоғары ма? Президенттікке үміткерлер қазақ тілінен емтихан тапсырады, ал Парламентке үміткерлер тапсырмайды. Сонда қазақтың қамын орысша ойлайтындар ұлтымызды қай ұшпаққа шығармақ? Әсіресе біздің Қостанайдан бұрын «сайланғанының» да, «сайланайын» деп жатқанының да елу пайызы қазақша «мәу» демейді» деп жазыпты әлеуметтік желіге. Айбектің даты биліктің құлағына жетер деген ойдамын. Тілің мен ділің дұрысталса, Парламент пен Үкімет қазақша сөйлесе ғана «Жаңа Қазақстан» орнамақ.
Сөз соңында айтарым, Парламентте тек мемлекеттік тіл мен ұлттық идеологияны қолдап, қорғайтындар болу керек. Басқаға орын жоқ.
Ахмет Байтұрсынов атам айтқандай, «Ақ болсын, қызыл болсын, маған бәрібір. Мен Қазақ мүддесін көздейтін үкіметті ғана жақтаймын!».
Ал қанекей, сайлау додасы басталды! Кім мықты? Кім алымды? Кім халыққа жағымды, сол озсын! Халық қалаулысы деген қасиетті атаққа лайықты үміткерлердің бәріне «Жолдарың болсын!» деп аналық ақ тілегімді айтамын.
СӘУЛЕ МЕШІТБАЙҚЫЗЫ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі