Бұл журналистика емес. Бұл- «договорник»

Бұл — журналистика емес. Бұл — «договорняк». Екі команда қайсысы жеңетінін, қайсысы гол жіберіп, қайсысы қалай ұтып-ұтылатынын келісіп алса, екі боксшы қайсысы нокаут алып немесе соққы санымен озып шығарын белгілеп қойса, ол спорт деп аталмайды. Сол сияқты, сұхбат деген жанрда екі тарап сыбайласып, ақылдасып, қояр сұрақ, берер жауапты тәптіштеп алып шығу, суфлермен оқу — арсыздық. Өзін өзі аздап болса да сыйлайтын азамат мұндай іске бармайды.
Өмірімде жүздеген адамнан сұхбат алдым. Қаншамасы «анау жерді алып тасташы, өйдеп қалыппын, бүйдеп қалыппын» деп өтініш етті, ықпал жасауға, сатып алуға тырысты, қорқытқандар да болды. Орындаған емеспін.
Бір ғана мысал. Алтыкеңді оппозицияда жүрген шағында, қазасынан аз бұрын ұлттық арнаға, «Шынның жүзіне» шығардым. Біраз жан куә, сұхбат соңында «Аяз би ертегісінің қалай аяқталатыны есіңізде ме?» деген сұрағыма іркіліп барып жауап берді, сұхбат шығар кезде соны алдыртып тастауға кісі салды, өзі де шықты, марқұм. Басқарма төрғасының кабинетінде отырғанмын, Ғалым аға Доскен — «өзің шеш» деді. Саясаткерді қанша құрметтесем де өтінішін орындай алмадым. Кейін Алтынбек Сәрсенбайұлы сол сұрақты да, жауапты да сол күйі кітабына шығарды. Ер еді, ердің сойы еді…
Ал кешегі әрекет — журналистикаға жасалған және жасалып келе жатқан назарбаевтық дәуірдің әдеттегі «зорлау актісі»…
Өз жанынан, жүрегінен суырып салып, әр сұраққа ойланып, азамат ретінде аманат арқалап жауап бере алмау, «жауапты» интервьюердің көзіне қарап айта алмау, суфлерге алақтау — қандай қорлық…
Бәрінен бұрын, бұл — көрерменді, қаймана елді, аудиторияны басыну. «Саған осы да жетеді, осыған да риза бол, саған шындықты айтуға, шын табиғи бейнемді көрсетуге де тұрмайтын тобырсың» деген астам қатынас…
Әділ мемлекет — әділетті өзіңнен бастаған кезде ғана құрылса керек еді.

 

 

Қасым Аманжолдың фейсбук парақшасынан