БҰҚАР жырау, ҚҰНАНБАЙ, АБАЙ, МҰХТАР ƏУЕЗОВ халқымен қоштасқан жоқ.

МЕН ӨЛГЕНДЕ, АҚЫМАҚТАР ҒАНА МЕНІМЕН ҚОШТАСАДЫ.

Қазақта бір мақал бар. «Төрімен көрім жақын» деген. Мен мың жасамаймын. Мен жүзде жасамаймын. «Смерть неизбежна-воскрещении нет» деп Мұхаммед Пайғамбар өлер алдында айтқан. Оған көмбесең болмайды.
Із қалдыру — қысқа өмірде азаматтық міндет. Мен шамам келгенше майданда да, өмірімде де соған тырыстым.

«Иманың жолдас болсын, жатқан жерін торқа болсын» дейтін сөз бар қазақта. Бұл — халықтың мейірімді сөзі. Бірақ та ешкімнің иманы жолдас болмайды, жатқан жері торқа болмайды. Ол — табиғаттың заңы. Оған қарсыласудың керегі жоқ. Өлім ешкімге сұрап келмейді. Ол — табиғаттың заңы. Келген өлімге кет деп айта алмайсың. Ол да табиғаттың заңы. Өлімнен ақымақ қорқады — ол табиғаттың заңына түсінбейді. Сол себебті де ақымақ.

Мен бұл жолдарды жазып отырғанда сіздермен қоштасып отырған жоқпын. Қоштасуды əркім əр түрлі түсінеді. Мысалы Бұқар жырау, Құнанбай, Абай, Мұхтар Əуезов осы уақытқа дейін халқымен қоштасқан жоқ.
Олар өлгеннен кейін екінші өмір сүріп жатыр. Бұл — тарихи дəлел.
Көңілдеріне келсін, келмесін. Мен өлгенде ақымақтар ғана менімен қоштасады. Ақылдылар менімен ақылдасады.
Осы естеріңде болсын.
«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,
Деп зарлар қайран халқым мен өлгенде». Бір өлеңімде мен осылай дегем.

30.12.1971 ж. Бауыржан Момышұлы.