БҰРЫНҒЫ ҚАЗАҚТАР ҚАНДАЙ БОЛҒАН?

Ұлы Отан соғысы аяқталған 1945 жылы дүйім жұрт жеңіспен бірге Абайдың 100 жылдық мерей тойын республика көлемінде атап өткені белгілі. Тойдың басы Семейде өтіп, бас палуанға тағайындалған бәйгені арысқа түспей-ақ Қажымұқан атамыз алады. Жасы 74-ке аяқ басқан Қажекеңді халқы құрметтеп, күрестірмей-ақ бәйге берген. Содан балуан атамыз еліне барып үлкен той жасайды. Балуанның тойына куә болған жергілікті қаламгер Әдіһам Шілтерханов көлемді әңгіме жазған. Осында оқырманды елең еткізерлік эпизод кездеседі. Оқиға Қажымұқан балуанның айтуы бойынша беріліпті. Ұзын-ырғасы былай: Арыстан баб кесенесінің Сыр жақ бетінде Қаныттоғай дейтін нулы-сулы, қамыс-құрақты орман бар көрінеді. Сол өлкеде алып күш иесі Бақтияр дейтін балуан өмір сүріпті. Бұл кісіні Қажекең көзімен көрген, барып сәлем берген. Қажекең айтқан екен: «Бақтияр балуан қиын заманда туып, бейнеттің астында өткен адам екен. Әр қабырғасының үлкендігі үш елі. Аяқ-қолының ірілігі менен бес есе. Күші де артық. Әттең бағы жанбаған адам».
Осы Бақтияр балуан жас кезінде жолбарысқа қылыш сілтеп қақ айырып тастағаны жайында әңгімені көп естіген Қажекең оқиғаның анық-қанығын білмекке ағасынан сұрайды. Сондағы Бақтияр балуанның айтқаны: Менің жас кезімде Қаныттоғайда жолбарыс болды. Аң патшасының жымын білетін былайғы жұрт тоғай арасымен өлсе де жүрмейді. Тек менің әкем ғана қорықпай жолбарыстың жымын кесіп өте беретін. Азамат жасына жеткен соң мен де сол жолмен жүріп көрмекке бекіндім. Жүрдім, маған жолбарыс шапты. Айбалтамды суырып алдымда оны шауып тастадым. Содан үйге келіп әкеме айтым:
– Әке, мен жолбарысқа тап болдым.
– Балам, оны не істедің?
– Шауып тастадым.
Әкем бір түрлі күңіреніп кетті. Япырым-ай бұл не сұмдық, адамға мысық шаба ма екен. Бұрын мен олай-бұлай жүргенде басын алдыңғы екі аяғының арасына қысып алып қыбыр етпей жататын. Оның шапқанына қарағанда сенің ұсақталып кеткенің. Мысықтың (Жолбарысты айтып тұр) айбарын қайтаратын мысың жоқ екен неткен жансың, деп ренжіп, қапаланып жатып қалды.
Бұрынғы қазақтар осындай болған…

Beken Kayratuly фб парақшасынан