БҰРЫТ ЖЕҢГЕЙ
Бала кезден бірге өскен Бахон деген көршім әрі құрдасым бар. Түрі моңғолға ұқсағандықтан, мазақтағанда маңғол дейтінбіз. Шешесі бурят қызы болатын.
Бахонның әкесі әскери борышын сол жақта өтеп қайтқан екен. Сонда жүріп бұрыт қызымен танысып, бірін-бірі ұнатып, үйленген. Әскери борышын үш жыл өтеп келген ағайдың, қайын жұртында тұңғыш қызы қалыпты. Ол қызды біз көргеміз жоқ. Тек Бахонның жазған хаттарынан біліп жүрдік. Бұның да нағышы жұртына барып-келуінің бір сәті түспеді.
Бахонның шешесі көзілдірік киген, кішкене бойлы, аққұбаша келген момын әйел болатын. Дауысын көтеріп сөйлегенін естігеміз жоқ. Әрқашан көрші-көлем, туған-туыс, күйеу-енесінің көңілінен шығып жүретін-ді. Жұртпен онша араласа қоймайтын тұйықтау кісі еді. Көбінесе оңаша, оқшаулау жүргенді қалайтын.
Ол кездері паданы екі үй бірігіп бағатынбыз. Біздің өріс жаққа қарай шығатын мал саны жүз елу басқа дейін жететін.
Пада кезегі біздің үйге келген кезде көкем күнібұрын туысқандардан мал қораға есек әкеп қоятын. Есекке ылғи мені отырғызып, өзі ешқашан мінбейтін. Балаға есекке міну қызық болғанымен, ауылдан сәл ұзағаннан-ақ, бұл жануар, адамның ығырын шығаратын әдеті бар екенін оған мініп көрген адам жақсы біледі. Иә жүрісі өнбейді, иә қамшыға көнбей үстіндегі адамды иттей қылады-ау, ищак неме. Амал жоқ, өткірлеу ағашпен ердің алдыңғы қасының астындағы жауырынан шұқалап-шұқылап қоясың. Есек деген сырт көзге топас, аңқау, жуас боп көрінгенімен, өте әккі, айлалы, қу боп келетінін екінің бірі біле бермейтін де шығар. Қырсықтығы болса, ең көкбет те, көтен қырсық мінезді әйел қырсықтығынан да асып кетпесе еш кем емес-ау, бәтшағардың. Жайылымға, далаға, сыртқа қарай аяғын зорға дегенде басатын бұл неме, ауылға қайтарда ызғитынын айтсаңшы.
Әкемнің құрдас, қатарлары,
-Ау, Аха, есекпен әуре-сарсаң болғанша, жаяу баққан артық емес пе?!-дегендеріне.
— Мұншама су-азықты отыз-қырық шақырым жер арқалап жүргеннен, есекке артып жүрген пайдалы ғой.-дейтін көкем.
-Қырық шақырымы несі? Айбасқа дейін әрі кетсе он шақырымдай ғана ғой?!-дегендеріне.
-Дұрыс! Айбасқа тіке барғаның он, тіке қайтқаның он. Неше шақырым болады?-дейтін көкем.
-Жиырма!-дейді олар.
-Мал тіке жайылатын бе еді? Олай да былай жайылып кеткен малды қайырам деп тағы да он-он бес шақырым жүрмейсің бе?!
-Иә, оның рас.
-Ал енді есек болмаса осыншама азықты арқалап жүру оңай ма? Әлде мені есекпен мал қайырады деп пе едіңдер?!-деп әлгілердің сұрағын қанағаттандыратын.
Пада дегенде көкем, «-далада ішкен ас сіңімді болады»- деп, азықты молынан алып шығатын. Сегіз литрлік пластмасс канистрмен су, бес литрлік пластмасс канистрмен ашытпа, асылған ет пен қазы-қарта, екі таба нан, көк жуа, бірнеше түйір шикі кортоп, тұз, бір қорап шай, түйір қант, ауламыздағы бақшада өсетін алма, алмұрт, әңгелек, қиярларды алғанымен, ішті айдап жібереді деп сары май, шие, өрік, қызанақ, қарбыз дегендерді алғызбайтын. Мосыға іліп, шай қайнатып ішуге, сырты күйе-күйе боп, шеттері әр-әр жерден ішке қарай майсып, сарай қабырғасында ілініп тұратын қара шайнек пен шай ішетін алюминь екі-үш кружка, қасықтарды да алуды ұмытпайтынбыз. Шайды қайнатпас бұрын құмға шикі кортопты көміп тастаймыз. Шай қайнаған соң от астына көмілген кортобымыз да пісіп қалатын. Құм астына піскен сол кортоптың дәмі ерекше тәтті болатын, шіркін. Салқын кезде болмаса күн ысыған соң сылдыр суды, ішің өтіп кетеді деп, көкем ішкізбейтін.
Осынша салмағы бар ыдыс, азықты ер үстіне екі жағына тең ғып артатын да, үстіне мені отырғызатын.
Пада баққан кезде екінші бақташымен келісе отырып біреуіміз малдың артында, біреуіміз алдында жүріп отыратынбыз. Ауылдан ұзап, мал тұмсығы көкке тиісімен алдыңғыларын тежеп, артқыларының қалып қоймауын қадағалап, асықпай, жайылта бағатынбыз. Түскі асты біріге отырып ішеміз.
Байқайтыным, басқа бақташылар жеңілшең, көбінесе екі-үш литр су мен жарты таба нанмен ғана шығатын. Сол кісілердің басым көпшілігі түс ауа алып шыққан су-нандары таусылып, шөліркеп, ашытпадан тоя, ашырқанып тұрып ұрттап-ұрттап алатын қасымызға келіп. Кейбіреулері: «-Ойпырм-ау, Аха, сіз мал бағуға емес, демалуға келгендейсіз ғой. Қазы-қарта, ет, шай, қауын, тағамның неше түрлісі бар екен. Мынауыңыз мал бағу емес маевка болды ғой?!»-деп, таңданысып отыратын отқа піскен картоптың қабығын аршып жеп.
Бірде, пада кезегін Бахонның үйімен бірлесе бағатын болдық. Мал кезегіне Бахонның шешесі жалғыз шықты. Үстінде күнделікті шаруаға киетін халаты, басында орамал, бұтында жеңіл гамаж, аяғында галош болса, қолына мал айдауға жіңішке таяқ алып шығыпты. Бахон, бізбен қыз алыспайтын рудан болғандықтан, шешесі маған жеңгей, ал көкеме келін боп келетін.
Көкем, Бахонның шешесімен сиырларды иіріп тұрған кезде қысқа ғана тіл қатты да, ол кісі малдың алдында жүріп отырды. Түскі мезгілде Айбастан су ішіп, қалың тоғайда бір уақ жатып, тынығып алатын сиырлармен қоса біз де ас-суымызды жиде астындағы қалың көлеңкеде отырып жеп алатынбыз.
Көкемнің алыстан қолын былғап шақырғанына бұрыт-жеңгей келмеді. Түс ауған соң да келіп, ауқатымыздан дәм татпады.
-Ойпырмай, азаннан бері нәр тартпады. Мына ыстықта келін бала қалай шыдас беріп жүр екен. Тым болмаса қолына бір шыны су да алып шықпапты.-деген көкем, бұрыт-жеңгейдің шыдамдылығына таң қалып қояды.
Малдың басын ауылға қарай бұратын кезде, қалың ішінде қалып қойған майда баспақ-қашарларды түгендеп жүргенімізде ғана бұрыт-жеңгей қасымызға жақындады.
-Келін-ау, шақырғанда неге келмейсің? Азаннан бері ештеңе ішіп-жемедің. Ауылға жетем дегенше әлі екі-үш сағат уақыт бар. Бір жапырақ нан жеп, ашытпа ішіп жүрек жалғап алсаңшы?-дегеніне.
-Аға, мен шөлдемеймін. Сиыр кезегінде қалтама екі түйір жұмыртқа салып шығып, соны талғажу қыламын ылғи.-деп, бұл жолы да дәм татпады.
Сол жеңгеміз келер жылы дүние салды. Ағамызға үш қыз, бір ұл туып беріп, оларды аяқтарына тұрғызды, бірақ балаларының қызығын көрмей кетті байғұс ана.
Туған елін сағынған кездері, бөлмесінде мұрын астынан ыңылдап, жайменен, естілер-естіместей ғана шығатын жұмсақ дауысымен өз тіліндегі өлеңің айтып, тігіс тігіп отыратын. Әскерде жүрген ағайымыздың махаббаты, шығыстағы бұрыт қызын қазақ ортасына әкелтті. Қазаққа сіңдірді. Ұрпақтары да қазақ. Өзіне де қазақтың қара топырағы бұйырды.
Қыз жатжұрттық деп, атам қазақ бекер айтпаса керек.
Марат Шөмекей