БҰҰ-дағы басқосу Жібек жолы бойындағы синергия мәселесін сараптады
Әлемдік құндылықтарды әйгілеген
Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылып, түркі әлемінің ғылым мен білім саласындағы үйлестіруші орталығына және интеллектуалдық платформасына айналған Халықаралық түркі академиясы өзінің миссиясына сай міндеттерді қолға алып, жүйелі шараларды жүзеге асырып келеді. Штаб-пәтері Астанада, Бейбітшілік және келісім сарайында орналасқан халықаралық ұйым түркі мемлекеттерінің, оның ішінде Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы орнын айқындауға бағытталған ізгі мақсаттарға іс жүзінде атсалысып отыр. Осы орайдағы маңызды жұмыстардың бір парасы халықаралық беделді ұйымдармен тұрақты байланыс орнатып, әлемдік биік мінберлердің ықпалына жүгінуді қамтиды. Бұл ретте, жер жүзіндегі 40-қа жуық беделді ғылыми құрылымдармен меморандумға қол қойылғанын сөз етпегеннің өзінде, мысалы, 2015 жылғы 15 сәуірде ЮНЕСКО-ның Париждегі бас кеңсесінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықованың қатысуымен Қорқыт мұрасына арналған халықаралық алқалы жиынның өткізілуін, сол жылы ИСЕСКО-да халықаралық ұйымдар арасында бірінші болып бақылаушы мәртебесін иемденуін айтуға болады.
Еуропаға және Ислам әлеміне ғылыми ынтымақтастық есігін айқара ашып үлгерген Халықаралық түркі академиясы өрісін одан әрі кеңейтіп, 2016 жылғы 28 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде «2030 Жоспары үшін Жібек жолы бойындағы синергия» атты халықаралық симпозиум ұйымдастырды.
Осы жиынға қатысқан Академия делегациясының мүшесі әрі баяндамашы ретінде кейбір әсерлеріммен және пікірлеріммен бөліскенді жөн санадым.
Ең алдымен атап айтылуы тиіс нәрсе: симпозиумның тақырыбы өте өзекті, атына заты сай, себебі бұл оның мақсат-мүддесі бүгінгі таңдағы әлем өркениетінің алдында тұрған көкейкесті мәселелердің бәрімен де, нақтылай түскенде, адамзаттың өсіп-өркендеуіне ең басты іргетас болып отырған қоршаған ортаны қорғау, жер бетіндегі кедейшілікті түбегейлі жою және әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті көздейтін Біріккен Ұлттар Ұйымының 2015 жылы қабылдаған 2030 жылға дейінгі тұрақты даму бағдарламасымен сабақтас. Оның үстіне, бұл – бағдарламаға байланысты өткізіліп отырған тұңғыш ауқымды жиын.
Екінші жағынан, бұл симпозиумның Біріккен Ұлттар Ұйымының өз штаб-пәтерінде өтуінің де ерекше жөні бар. Өйткені, Халықаралық түркі академиясының осы симпозиумды бірлесіп өткізу туралы ұсынысына БҰҰ Экономикалық және Әлеуметтік Кеңесі (ECOSOC) қызығушылық танытып қана қоймай, бірден қолдау көрсетіп, өз платформасын тегін ұсынған болатын.
Үшіншіден, бұл симпозиумға Түркітілдес мемлекеттердің Ынтымақтастық Кеңесінің Хатшылығы ғана емес, сол Кеңеске мүше Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия мемлекеттерінің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Тұрақты өкілдіктері тарапынан да толық ынтымақтастық танытылды. Сонымен қатар, ТҮРКСОЙ, Түркі мәдениеті және мирас қоры сияқты әріптес ұйымдар қатысты.
Төртінші қырынан қарасақ, адамзаттық мүдделер тоғысқан бұл жиынға Біріккен Ұлттар Ұйымының жанындағы Өркениеттер Альянсы ыстық ықыласпен қол ұшын созды.
Сөйтіп, қатысушы тараптар бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың өзара тиімділігін көрсетті.
Тағы бір кереметі, халықаралық симпозиумның жұмыс барысы басынан аяғына дейін Біріккен Ұлттар Ұйымының телеарнасы арқылы бүкіл әлемге тікелей эфирден таратылып жатты (http://webtv.un.org/watch/synergies-along-the-silk-road-for-agenda-2030/4820404503001).
Алқалы жиынға Біріккен Ұлттар Ұйымының жауапты тұлғалары, сонымен қатар, халықаралық ұйым басшылары, Түркі мемлекеттерінің БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілдіктерінің мүшелері, дипломаттар мен әйгілі ғалымдар қатысты. Симпозиумның ашылу салтанатында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ержан Ашықбаев Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алқалы жиын қатысушыларына жолдаған арнайы құттықтау хатын оқып берді.
«Адамзаттың ортақ мүддесі үшін Қазақстан да өзінің сүбелі үлесін қосып келеді. Біз азаттықтың алғашқы жылдарынан бері ядролық қару-жарақтан бас тартып, қауіпсіздік мәселелері бойынша көптеген бастамалар көтердік. Қазіргі алмағайып кезеңде әлемнің кейбір өңірлерінде терроризм мен экстремизмнің белең алғаны баршаға белгілі. Сондықтан, адамзатқа төнген жаңа қауіп-қатерлердің алдын алу, оған бірлесіп қарсы тұру – баршаға ортақ міндет. Бұл орайда қоғамдық ұйымдар мен ғалымдар, сарапшылар мен мамандар күш жұмылдыруға тиіс. Осы ретте Біріккен Ұлттар Ұйымында Халықаралық түркі академиясы ұйымдастырып отырған алқалы басқосу өркениеттер мен халықтар арасындағы келісімді, өзара сенімділікті одан әрі арттыра түседі деп сенемін. Симпозиум жұмысына табыс тілеймін!», – делінген Елбасы құттықтауын қатысушылар зор қошеметпен қабыл алды.
Cондай-ақ, Түркия Республикасы Премьер-министрі Ахмет Дауытоғлының, БҰҰ жанындағы Өркениеттер Альянсының басшысы Абдулазиз Әл-Насердің және БҰҰ-дағы ЮНЕСКО-ның арнайы өкілдерінің құттықтау хаттары да жылы лебіздерге толы болды.
Салтанатты жиынды ашқан БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің (ECOSOC) президенті О Джун мырза симпозиум жұмысына сәттілік тіледі және Орталық Азия елдерінің мәдени мұрасына тоқтала отырып, тұрақты даму үшін экономикалық және мәдени салаларда қатар ынтымақтасу қажеттігін атап өтті.
Бұдан кейін Симпозиум жұмысы 2 панельді отырыстармен жалғасты.
Каспий стратегиялық институтының басқарма төрағасы Халил Акынджының модераторлығымен өткен «Жібек жолында және одан тысқары аймақтарда әлемдік бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту; трансұлттық қауіп-қатер мен экстремизмге қарсы әрекет ету» атты алғашқы отырыста Каспий стратегиялық институтының басқарма мүшесі, адмирал Метин Атач, Түркі мәдениеті және мирас қорының президенті Гюнай Эфендиева, Шетелдегі түріктер және туыс халықтар жөніндегі Басқарма басшысының орынбасары Сердар Гүндоған, Висконсин университетінің профессоры, түркітанушы Юлай Шамилоғлы, Мичиган университетінің Еуропа, Ресей және Еуразия зерттеу орталығының директоры Норман Грэм және осы жолдардың авторы баяндамалар жасады. Норман Грэм өз сөзінде: «Энергия шикізаттары бағасының төмендегеніне қарамастан, Қазақстанда білім реформалары мен модернизацияға шынайы және тұрақты түрде назар аударылатыны байқалады. Алдын ала жүргізген зерттеулерімізге сәйкес, инвестициялар инфрақұрылымды, жоғары білім институттарын және энергетика саласындағы бизнесті дамытуға бөлінген» деп атап өтті.
«Жібек жолын қайта жаңғырта отырып, мәдениеттерді жақындастыру арқылы тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру» атты екінші панельге модератор болған Нью-Йорктегі Халықаралық дамушы экономикалар академиясының президенті Владимир Квинт Жібек жолын жаңғыртудың Қазақстан үшін маңыздылығына тоқталды. «Жаңа Жібек жолы орналасқан үш жол торабы да Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан, Қазақстанның Жаңа Жібек жолы жобасының дамуына қолдау көрсетіп отырғаны таңғаларлық жайт емес. Бұл жолдардың басым бөлігі қазақ жерін кесіп өтетіндіктен, Қазақстан өзінің теңіз порттарының, теміржолдарының және көлік жолдарының әлеуетін арттырады. Мысалы, Каспий теңізіндегі Ақтау порты жылына шамамен 13 млн. тонна тауар өткізеді. Бұл көрсеткіш 2020 жылға дейін 25 млн. тоннаға дейін жетеді», – деді ол өз баяндамасында. Бұл панельде ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы, «Манас» қырғыз-түрік университетінің профессоры Османакын Ибрагимов, Мичиган университетінің профессоры Тимур Кожаоглу, Каспий стратегиялық институтының бас хатшысы Халдун Яваш пен Дамушы мемлекеттерге арналған зерттеу-ақпараттық жүйесінің сарапшысы, үндістандық профессор Рам Упендра Дас баяндама жасады.
Халықаралық түркі академиясы зерттеу жұмысындағы іргелі жетістіктерімен мойындалып, әлемдік ғылымға зор үлес қосқан түркі әлемі ғалымдарын көтермелеу үшін өз тарапынан арнайы марапаттар тағайындаған болатын. Осы халықаралық симпозиум аясында дәстүр жалғасын тауып, 2015 жылы Нобель сыйлығының лауреаты атанған түркиялық биохимик Азиз Санжар және Америкада тұратын көрнекті тарихшылар Кемал Карпат пен Эдвард Олуорт Жібек жолы бойында орналасқан мемлекеттер мен Орталық Азия елдеріне қатысты ғылыми-зерттеулерді дамытуда ерен еңбектері арқылы халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, мәдени байланыстарды тереңдеткені үшін Академияның арнайы алтын медальдарымен марапатталып, өздеріне көрсетілген құрметке шынайы алғыстарын білдірді.
Симпозиум аясында Халықаралық түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің (ECOSOC) президенті О Джун мырзамен, Біріккен Ұлттар ұйымы Өркениеттер альянсының кеңсе басшысы және баспасөз хатшысы Нихаль Саад ханыммен кездесулер өткізді. Әңгіме барысында екіжақты ынтымақтастық, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты қамтылды.
Симпозиум соңында қатысушылар ТҮРКСОЙ ұйымы өнерпаздарының Наурыз мерекесіне арналған концертін тамашалады.
Сөйтіп, Нью-Йорктің төріндегі халықаралық симпозиум өзінің көздеген мәресіне жетті. Бұл алқалы жиынның өткізілуі әлемде жан түршігерлік оқиғалар болып жатқан қиын-қыстау, қым-қиғаш, қарама-қайшылықты тұсқа қоса-қабат келгенін айтуға тиіспіз. Симпозиумның қарсаңында мазасыз планетаның әр жерінде бомбалар жарылып, лаңкестік қанқұйлы әрекеттер орын алғандығы туралы ақпараттар легі толастамай жатты. Басқосуға қатысушылардың бәрі бірдей осыған алаңдаушылық білдіріп, өздерінің сөйлеген сөздерінде жер жүзіндегі бейбітшілікті сақтаудың, қауіпсіздікті нығайтудың өлшеусіз құндылық екендігін тілдеріне тиек етті. Симпозиумның БҰҰ-ның аясында көтерген өзекжарды проблемалары, адамзатқа тығырықтан шығар жолдардың нұсқаларын белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің аузымен ұсынуы әлемдік қоғамдастықтың жарқын болашағы үшін қосқан елеулі үлесін айқындайды.
Вашингтонда Елбасының қатысуымен өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттің қарсаңында ұйымдастырылуы да аталмыш симпозиумге айрықша ахуал енгізді. Оған қатысушылар Қазақстанның БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше мәртебесін алуына лайықты екендігін білдіріп жатты.
Күллі түркі баласы осындай ең биік мәртебелі мінберден ғылым саласында бір мезгілде пікір бөлісу, ой тарату мүмкіндігіне жұбын жазбаған күйде тұңғыш рет ие болды. Бұл – ең алдымен бірқатар түркі халықтарының мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізгендігінің нәтижесінде орын алған тарихи оқиға. Оған да, міне, 25 жыл толып отыр. Сондықтан, Жібек жолындағы ынтымақтастық мәселесін жаңғыртқан симпозиумның осындай мерейтойлармен сәйкес келуінде үлкен символикалық мән, айқын бетбұрыс бар деп ойлаймыз. Халықаралық түркі академиясы өз кезегінде БҰҰ-да бақылаушы ұйым мәртебесін алуға ықыласты және әзір екендігін айтқымыз келеді.
Жиынға қатысушылар Қазақстанның бейбітсүйгіш саясатына, экономикалық жетістіктеріне, білім саласындағы жаңашыл реформаларына, мәдениетаралық диалогтағы белсенді рөліне назар аударды. Әсіресе, бүтін түркі әлемі интеграциясының ұйытқысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тегеурінді тұлғасына деген құрмет айрықша сезіліп тұрды. Қырғызстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Османакын Ибрагимовтың: «Бүгін Қазақстанның, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күні болды», – деп тебірене сөйлегені жұрттың жадында қалды. Бұл БҰҰ биігінен біздің елдігімізге берілген шынайы бағаның бір көрінісі деп қабылдадық.
Әділ АХМЕТОВ,
Түркітілдес мемлекеттер
Ақсақалдар Кеңесінің мүшесі, Халықаралық түркі академиясының профессоры.
Егеменді Қазақстан