Бүгін Асқар Мырзаxметовтың қатысуымен алдағы үш жылға жоспарланған жұмыс картасын талқылау бойынша жиын өтті

Бүгін облыс әкімдігінде өңір басшысы Асқар Мырзаxметовтың қатысуымен білім, денсаулық, мәдениет және спорт салаларының алдағы үш жылға жоспарланған жұмыс картасын талқылау бойынша жиын өтті. Онда тиісті басқарма басшылары баяндама жасады. Бірінші болып сөз алған облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Раxия Тұрмағанбетова өңірдегі апатты, тозығы жеткен, орын тапшылығы туындап отырған мектептердің жай-күйіне тоқталды.
Облыстағы үш ауысымдық мектептердің мәселесі келесі жылы толығымен шешіледі деп күтілуде. Ал апатты жағдайдағы 7 мектептің үшеуі ағымдағы жылы шешілген болса, келер жылы бір мектептің құрылысы аяқталмақ. Қалған апатты үш білім ордасының мәселесін шешу қажет. Басқарма басшысының айтуынша, алдағы уақытта тағы 11 мектеп апатты күйге ауысуы мүмкін. Асқар Исабекұлы мұндай жағдайдағы оқу орындарының түйінді түйткілдерін кезең-кезеңімен тезірек шешудің маңыздылығына тоқталып, ол үшін нақты талдау, жүйелі жоспар-кесте құру керектігін баса айтты.
Сондай-ақ, жиында денсаулық сақтау саласы бойынша 95 елді мекенге медициналық пункт салу керектігі қозғалды. Жоспар бойынша бұл бағытта биыл 30, келесі жылы 22 нысанды пайдалануға беру көзделуде. Асқар Исабекұлы 95 медициналық нысан тапшылығын кезек күттірмейтін өзекті мәселе деп ескеріп, 2020 жылға дейін толығымен шешуді қолға алуды тапсырды.
Өңір басшысы қажеттілігі туындап отырған мәдениет, спорт нысандарын салуда да тиянақты жоспар қажет екендігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, ауыл тұрғындарына арналған қызмет көрсету орталықтарын ашуда сылбырлыққа жол бермеу керектігін ескертіп, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Birzhan Soktay фб парақшасынан