Бүгінгі заман талабы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бірінші қыркүйекте Қазақстан халқына арналған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында еліміз экономикасы курсының жаңа 7 қағидатын жариялады.
Біздің назарымызды аудартқаны жолдаудағы білім беру саласына қатысты мәселелер болып табылады. Білім беру сапасын жақсартуда жақсы білікті мамансыз алға ілгерілеуді елестету мүмкін емес. Бұл ауылдық жерлердегі білікті педагог кадрлардың тапшылығы. Жолдауда шалғайдағы елді мекендерге білікті жас мамандарды жұмылдыру қажеттігі айтылды.
Білім экономикасын енгізу, білім сапасын жақсарту және т.б. іске асыру әлеуметтік жағдайына тікелей байланысты. Сондықтан оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажеттілігі айтылды. Себебі 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады екен.
Мұғалімдер мен оқытушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартпаса, бұл шаралар жүзеге аса қоймайды. Сондықтан, Президент Тамыз конференциясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбек ақысын екі есе арттыруды тапсырды. Бұл – келесі жылдан бастап ұстаздардың жалақысы 25 пайызға өседі деген сөз.
Дарынды ауыл жастарын іріктеп, отандық және шетелдік жоғары оқу орындарына дайындау керектігі және аз қамтылған және көп балалы отбасыларды қолдау үшін Үкіметке Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасын әзірлеуді тапсырылды. Үкімет пен әкімдер осындай балалардың үйірмелер мен орталықтарға, жазғы лагерьлерге баруы үшін мүмкіндік жасауы керек.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» деген атпен аталуының өзінде үлкен мән бар. Көңілге сенім ұялатқан Жолдауда пандемия кезеңі тек біздегі емес жалпы жаһандағы жағдайды жаңаша қалыптастырғанда Қазақстанның ұстанатын бағыты қандай болу керектігі де кеңінен айтылды.
Жолдауда көз көретін, көңіл сенетін, көпшілік қолдайтын нақты мәселелер айтылды. Президент айтқан мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі бүгінгі заманның талабы деп білемін.
«Сан алуан көрсеткіштер мен индикаторлардан тұратын мемлекеттік бағдарламалар әзірлеуді тоқтату қажет. Барша азаматқа түсінікті, қысқа әрі нұсқа ұлттық жобалар форматына көшкен жөн. Негізгі мақсат – жұмыстың барысы емес, нәтижесі болуға тиіс» деуі бастауы бар баяны жоқ талай бағдарламалардан «жеген таяғымыздан» алынған сабақ екені рас. Тәуелсіздік жылдары әлеуметтік-экономикалық ахуалды арттыруға бағытталған бірнеше бағдарлама қабылданды.
Мемқызметкерлер қатарын алдағы жылы 25 пайызға қысқартып, мұғалімдер жалақысын 25 пайызға арттыру туралы шешімі де саннан сапаға, жалқаулықтан жауапкершілікке көшудің төте жолы екендігі рас.
Президент өз Жолдауында әр отбасының шаттығы мен бақытын назардан тыс қалдырмағандығы қуантты.
Әркез медицина қызметкерлері індетпен күресте табандылық танытады. Мемлекет басшысы алдағы уақытта Республика бойынша 13 жұқпалы ауруханалар салынатындығын атап өтті.
Медициналық нысандардың көптеп салынуы – қауіпті дертті ауыздықтауға айтарлықтай көмектеседі.
Бұл тапсырмалардың барлығын адам капиталын дамытуға, жаңа типтегі білімге инвестиция салу деп атасақ болады. Расында, адами капиталды дамытуда оның басты таған-тірегі білім саласының рөлі қашанда ерекше. Аталған стратегиялық салаға инвестиция салу қоғамның әл-ауқатына ықпал етеді. Сонда бұл саясат жолдауда айтылғандай орта білім беру ұлттық стандартының негізі болады. Жалпы білім саласын дамыту бойынша берілген тапсырмалар еліміздің дамуына өзінің айтарлықтай үлесін қосары сөзсіз.
Жолдаудан туындайтын негізгі мәселелерді жүзеге асыру үшін біз біркісідей жұмылып, жұмыс атқаруымыз керек.
Лаура Нұрмаханованың фейсбук парақшасынан,
Сарысу ауданы әкімінің орынбасары