Былтыр шетелден 7 мың тарихи құжат Қазақстанға қайтарылды
Құнды жәдігерлерде еліміздің тарихы қамтылған, олармен қазір отандық ғалымдар жұмыс істеп жатыр. Құжаттар Венгрия, Германия, Италия сияқты елдерден әкелінген деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл жайлы Мәдениет және спорт министрлігінің алқа отырысында министр Асхат Оралов мәлімдеді.
Сонымен қатар Асхат Оралов өткен жылы Мәдениет және спорт министрлігінің жүйелі жұмысының нәтижесінде 18 археологиялық зерттеу жүргізіліп, еліміздің түрлі өңірлерінде 30 ескерткіш қалпына келтірілгенін атап өтті. Олардың ішінде, атап айтқанда, Әзірет Сұлтан музей-қорығы, Отырар қалашығы, Жаркент мешіті, Ботай қонысы, Бөкей Ордасы, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі, Бекет ата жерасты мешіті нысындары бар.
«Министрлік шетелден әкелінген тарихи құжаттардағы ақпараттың ғалымдардың зерттеулерінен кейін жария болуы үшін жұмыс жүргізетін болады. Бұл көзіқарақты оқырмандарымыздың еліміздің тарихы туралы жаңа білім алуы үшін өте маңызды. Сонымен қатар, министрлік сапалы кітаптар шығаруға ерекше көңіл бөледі. 2022 жылы өңірлерге 506 мың дана кітап жіберілді. Биыл бұл бағыттағы жұмыс күшейтіледі. Біз еліміздің кітапханаларын сапалы әдебиеттермен қамтамасыз ететін боламыз»,- деді Оралов.