БЮДЖЕТ ЗАҢНАМАЛАРЫНА ЕНГІЗІЛІП ЖАТҚАН ӨЗГЕРІСТЕР БОЙЫНША ҚҰҚЫҚТЫҚ ОҚЫТУ ӨТТІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бюджеттік жоспарлау жүйесінің тиімділігін және ашықтығы мен есептілігін дамыту мақсатында жаңа «Бюджет кодексін» әзірлеу бойынша тапсырма берген болатын. Бүгінгі таңда жаңа «Бюджет кодексінің» жобасы әзірленіп, Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының қарауында.
Осыған орай, Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаевтың тапсырмасына сәйкес, Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының ұйымдастыруымен бюджет заңнамаларына енгізіліп жатқан өзегерістер бойынша құқықтық оқыту семинары өтті. Семинарға облыс әкімі аппаратының қызметкерлері, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, облыстық басқарма басшыларының орынбасарлары мен жауапты қызметкерлері қатысты.
Жиында Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Қайыпбек алдағы жоспарлау кезеңінде бюджет заңнамалары бойынша өзгерістерді жұмыс барысында қолданып, бюджет қаражаттарының дұрыс жұмсалуы мен мақсатты пайдалануын бақылауды күшейтуді тапсырды. Жұмысты аса жауапкершілікпен орындау керек екенін айтып, қызметтік жауапкершілік қатаң қаралатынын ескертті.
Семинар барысында Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау, Қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының қызметкерлері жаңа «Бюджет кодексінің» ерекшеліктері, мемлекеттік жоспарлау жүйесі, бюджет кірістерін болжау, жергілікті бюджетті жоспарлау кезеңдері, бюджеттік өтінімді жасау және ұсыну қағидалары, бюджеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау бойынша жан-жақты ақпарат берді. Сонымен қатар қатысушыларға практикалық мысалдар келтіріліп, жаңа жүйенің артықшылықтары түсіндірілді. Стратегиялық және бюджетті жоспарлауды электронды форматқа ауыстыру бойынша ұсыныстар айтылды.
Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар бюджет саясатын жаңа деңгейге көтеруге, мемлекеттік қаржыны басқарудың тиімділігін арттыруға, сондай-ақ халықтың әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ететін маңызды жобаларды қаржыландыруға бағытталған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі