Бюджеттік кірістердің орындалу барысы қаралды
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте кірістерді қалыптастыру мәселесі қаралды.
Жиында 2022-2023 жылдарға арналған жергілікті бюджет кірістерін ұлғайту, қосымша резервтерді қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жоспарының орындалу барысы талқыланды.
Алғашқы болып сөз алған ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Уалихан Әлібеков ағымдағы жылдың 1 жартыжылдығы бойынша бюджеттің кірістері туралы баяндады. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың алты айының қорытындысына сәйкес рейтингтік көрсеткіштерді (10 индикатор) жүргізу кезінде Жамбыл облысы Республикадағы өңірлер арасында жалпы 77,44 баллмен екінші орынға тұрақтаған.
Сондай-ақ, мемлекеттік бюджет жоспарының орындалуы 117,6 пайызды, республикалық бюджет 102,6 пайызды, ал жергілікті бюджет жоспарының орындалуы 126,6 пайызды құрап, барлығында артық түсімге қол жеткізілген.
Уалихан Әлібеков аталған іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарында қаралған 52 тармақшасының алтауы бойынша көзделген іс-шаралар орындалмай отырғандығын айтып, оларға жан-жақты тоқталды.
Басқосуда қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Батырхан Әкектің ауылдық округ әкімдері бюджеттерінің кірістер бойынша 2022 жылдың қаңтар-шілде айларындағы орындалуы туралы есебі де тыңдалды.
Облыс әкімі төмен көрсеткіштер бойынша тиісті тұлғалардан жауаптар алып, нақты тапсырмалар жүктеді.
— Бекітілген іс-шаралар жоспарына немқұрайлылық танытуға болмайды. Алдағы тоғыз айдың қорытындысымен бұл мәселені тағы да жан-жақты қарастырамыз. Барлық жоспар толығымен орындалуы тиіс. Тиісті мерзімде ақпаратты ұсынып отыру маңызды. Салық базасын ұлғайту бойынша жұмыстар жалғасуы керек,-деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.
Жамбыл облысы әкімдігі