ЧЕРНОБЫЛЬ АПАТЫНЫҢ ҚҰРБАНДАРЫН ЕСКЕ АЛУ КҮНІ
1986 жылдың 26 сәуірінде Чернобыль атом электр стансасында жарылыс болып, оның салдары мыңдаған адамның өмірін жалмады. Бұл күн халықтың есінде. Осыған байланысты бүгін Сарысу ауданында гүл қою рәсімі өтті.
Іс-шара апат құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Содан кейін ескерткішке гүл қою рәсімі өтті.
Осы рәсім барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізіліп, онда аудан әкімі Марат Сұлтанғалиев:
— Биыл, Чернобыль атом электр станциясында орын алған апатты оқиғаға 35 жыл толып отыр.
Апаттың зардаптарын жоюға 100 мыңнан астам адам жұмылдырылса, соның 30 мыңға жуығы қазақстандықтар еді.
Олардың қатарында денсаулығын тәуекелге тігіп, өздерінің әскери парыздарын орындаған сарысулықтар да болды.
Сол жандардың жанқиярлық ерлігі мен қажырлы еңбегі арқасында ғана апат ауқымы қысқарды.
Олардың қаншасы алынған радиация салдарынан өмірден ерте озды. Бүгінгі өткізіп отырған іс-шарамыз Чернобыль апатын жоюшыларға құрмет пен тағзым іспеттес.
Біз, сол әскери антына адал буынның ұрпағы, бауырлары оларды мақтан тұтамыз, олардың ерлігі мәңгі жадымызда қалуы тиіс.
Ерен ерлік үлгісін жас ұрпаққа насихаттау мақсатында Чернобыль оқиғасы күніне орай, барлық білім беру, мәдениет мекемелерінде іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Чернобыль құрбандарының мәңгі біздің жадымызда сақталатанының белгісі деп түсінуіміз керек.
Көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін олардың алдында басымызды иеміз.
Құрметті ардагерлер!
Сіздер өздеріңіздің ерліктеріңізбен бүкіл ғаламшарды уланудан аман алып қалдыңыздар.
Денсаулықтарыңыз мықты, отбасыларыңыз аман болсын!
Баршаңызға алғыс білдіремін!,-деді.
Осындай шара ауданның барлық аумағында өткізіліп, жастар мен Чернобыль апатына қатысушылар өз ойларын білдіріп, жарқын болашақ, ел-жұртқа тыныштық тіледі.
Дариха Үмбетиярова, Сарысу ауданы