«ЦИФРЛЫ ҚАЗАҚСТАН»:АҚИҚАТ ПЕН АҢЫЗ
Соңғы кезде ерінбегеннің бәрі «цифрлы Қазақстанды» жерден алып, жерге салуда. «Желге ұшқан ақша», «коронавирус көпжылдық цифрлы жемқорлықты әшкереледі» деп алаулатып-жалаулатып жүргендердің өзі құр жатпай неше түрлі идея мен ұсыныстарын айтып үлгерді. Ауыздан шыққан, қағазға теріліп, әлеуметтік желіде таралған бұл жазбаларды басқалар іліп алып кетіп, өзінше тон пішіп жатыр. Өзін әмбебап сарапшы ретінде көрсетуге құмар адамдар біреуден мін іздегенде, сынағанда ешкімнен ақыл сұрамайды. Осындайда ешкім «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасындағы түйткілді мәселелер қашан, қалай пайда болды деп оның себебі мен салдарына үңілуге асықпайтыны өкінішті.
Сонымен, бұл өзі не бағдарлама деп таласқа айналған тақырыптың астарына үңіліп көрдік. 2017 жылғы 12 желтоқсандағы Үкімет қаулысымен бекітілген «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру мерзімі 2018–2022 жылдар деп белгіленген. Бұл үшін 108 683 142 мың теңге көлемінде бюджет қаржысы және заңнамадан тыйым салынбаған басқа да қаржыландыру көздерінен қаражат жұмсау қарастырылды. Ал, бюджет қаражатының 20 миллиардтан астамы 2018 жылы; 15 миллиардтан жоғарысы 2019 жылы; 32 миллардтың үстіндегі теңге 2020 жылы; 21 миллиардқа жуығы 2021 жылы; 19 миллиарды 2022 жылы бөлінуі тиіс болатын.
Осы аралықта барлық сала ретімен цифрландырылып, жұмыс орны 300 мың адамға өсуі керек еді. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің жалпы көлемінен электрондық түрде алынған мемлекеттік қызметтердің үлесі – 80 пайызды, интернет желісін пайдаланушылардың үлесі – 82,3 пайызды, Халықтың цифрлық сауаттылық деңгейі – 83 пайызды шамалауы қажет-тін. ДЭФ ЖБИ рейтингінде «Инновациялық компаниялардың өсуі» индикаторын 104-орынға көтеру де негізгі меже болатын. Ақпараттық коммуникациялық технологияларды дамыту индексі – 30-орын болмақ. Яғни, коронавирус індетінің таралуына байланысты төтенше жағдай кезінде байқалған халықтың цифрлық сауаттылық деңгейіне, интернет желісін пайдаланушыларға және электрондық түрде алынған мемлекеттік қызметтерге қатысты келеңсіздіктердің толықтай алдын алуға біздің елімізде ешқандай мүмкіндік болған жоқ. Тіпті, ондағы ахуалдың алдағы 2-3 жылда да толық шешілетініне әзірше ешкім кепіл бола алмайды. 2019 жылы 19 қыркүйекте ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысын қадағалайтын арнайы топ құрылды. Топ қоғам қайраткерлері, журналистер мен блогерлерден құралған «Цифрлық комиссарлардан» тұрады. Олар
тәуелсіз бақылаушылар ретінде мемлекеттік органдардың «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша іске асырылып жатқан жобалары мен бастамаларына қоғамдық негізде мониторинг жүргізеді. Мемлекет
тарапынан көрсетілетін қызметтер мен ХҚО жұмысы бойынша қызметті алушы-азамат тұрғысынан ескертулер мен ұсыныстар береді. Айгүл Соловьева, Ләйлә Сұлтанқызы, Ринат Балғабаев, Өркен Кенжебек,
Евгений Кочетов, Ренат Ташкинбаев, Олжас Сәтиев, Диана Өкремова, Яков Федоров, Жанна Мұхамади, Ерлан Сәкенов, Махаббат Есен, Тимур Бектұр алғашқы Цифрлық комиссарлар атанған болатын. Сондықтан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы құрдымға кетті, бөлінген қаржы талан-таражға түсті деп жұмыстың бәрін жоққа шығаруға асықпаған жөн шығар. Биыл 13 ақпанда мобильді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен «Кселл» АҚ мен «Мобайл телеком-сервис» және «Кар-Тел» ЖШС-тері 2020 жылдың соңына дейін тұрғын саны 250 адамнан асатын ауылдарды мобильді байланыспен қамтамасыз ету үшін желіні бірлесіп салу және жиіліктерді пайдалану туралы уағдаласты. Енді мыңнан астам елдімекен жоғары жылдамдықты мобильді интернетпен бекітілген жоспар-кестеге сәйкес қамтамасыз етілуі керек. Осылайша ауыл тұрғындары жылдамдығы жоғары мобильді интернетпен қатар, электрондық қызмет, қашықтан оқыту және т.б. пайдалану мүмкіндігіне ие болады. «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеевтің сөзіне қарағанда бұл жобаны ұялы байланыс операторлары өз қаражаты есебінен іске асырады. Мәселен, мобильді желілер құрылысына жұмсалатын барлық шығындардың 65 пайызын «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобы көтереді. Жалпы бұл жобаны іске асыру нәтижесінде 2020 жылдың соңына дейін ауылдардың 93 пайызы кең жолақты интернетпен қамтылуы керек. Ал, 4 наурызда «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кеңес өткізген мемлекет басшысы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі озық, замануи жүйелердің қозғаушы күші болуға тиіс екенін, әзірге бұл мақсатқа толық қол жеткізбегенімізді атап өтті. Бұл жұмыста біртұтас көзқарас, нақты жүйенің жоқтығын, соның салдарынан цифрландыру түрлі ведомстволарға шашырап, жайылып кеткенін сынға алды. Интернеттің жоқтығын немесе оның баяу жұмыс істейтінін айта келіп, қала мен ауыл тұрғындары арасында «цифрландыру алшақтығы» бар екенін, бұл жай ғана алшақтық емес, әлеуметтік теңсіздік екенін, сондықтан Үкімет «цифрлық алшақтықты» реттеу жұмысын жандандыруы қажеттігін» көрсетті. Бұдан бөлек «Ақпараттық қауіпсіздік» мамандығы бойынша білім грантын 2 мыңға дейін арттыру көзделіп отыр. Яғни,
түйткілді мәселе шынында да аз емес. Мәселен, түрлі дерек көздерінде жарияланған мәліметке қарағанда
тек өткен жылы ғана «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іс-шараларын жүзеге асыру аясында 8 мың жұмыс орны құрылған. Бағдарламадан түскен жалпы экономикалық тиімділік 2018 жылды
қоса есептегенде 600 млрд теңгеден асқан. Әлеуметтік еңбек саласында 9,8 млн-нан астам қызмет көрсетіліп,
мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы электронды форматта ұсынылған. Цифрлы жобаларды іске асырудың
арқасында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер шамамен 862,2 млн теңге үнемдеді. Еңбек шартын есепке алудың бірыңғай жүйесін пайдалану кезіндегі шығындарды үнемдеу 292,4 млн теңгені құрады.
Жүргізілген оңтайландыру жұмыстары құжаттардың орташа пакетін 30 пайызға, сондай-ақ, мемлекеттік қызметті ұсыну мерзімін орта есеппен 3 есеге қысқартқан. Денсаулық сақтауды цифрландыру аясында ұйымдардың 97,5%-ы компьютерлік техникамен жабдықталған және 100%-ы интернет желісіне қосылған. Қазақстан тұрғындарының 17,9 млн-ында (95,7%) өңірлік электрондық денсаулық паспорты бар. Электрондық сервистер арқылы алдын ала жазылу емханалардағы «жанды» кезекті 30%-ға қысқартқан, бұл пациенттердің уақытын үнемдеді. Әрине игілікті істерді әркім күнделікті өмірінде байқап, сезіп жүргені ақиқат. Алайда, оның да бірден жүзеге аспағанын ұмытпаған жөн сияқты. Егер бағдарламаны жүзеге асыру барысында қандай да салада олқылықтар болып жатса оның себеп-салдарын анықтау үшін өкілетті мекемелердің, бақылаушылардың, сарапшылардың пікірін бірге беріп, жауабын жалпы жұртқа жариялап отырған жөн болмақ.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»