«Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, Сергей жолдас, Алаш арысы Мұстафа Шоқайдан садаға кет!
Памфлет
Бұл сөз, Сергей, жалғыз саған арналған сөз емес, көре алмаушы қызғаншақ, өтірік, өсекші аз ба? «Көре алмаушының күні қараң» деген қазақ. Ондайда жетіп артылар мазақ. Күншіл жетерлік, кейбіреуді мұқатқан сайын еліріп есіре беретін сорлы арамзаның аузында тиек жоқ, бытып-шытып ұрынбаса іштен тынып өлердей сезінеді, кісіліктен совсем безінеді. Және бар ғой, тырнақ астынан кір іздеуге шебер келеді. Сергей Кожемкиннің бет-аузы қисаймай: «Қазақстанды Украина жолына кім бастады?» — деп білмегенсуін қарай гөр. Есектің миын жемесең, Украина мен Қазақ елінің саясаты жер мен көктей екенін әлем білгелі қашан. Сонымен, Сергейдің көкірегін күпті етіп, қазаққа тиісуіне Алаш көсемдерінің бірі Мұстафа Шоқайға Қызылорда қаласында ескерткіш орнатуы себеп болыпты. Сен ойлағандай Мұстафа фашистерге қызмет еткен жоқ, Гитлершілердің сеніміне ие болған Исаев (Штерлец) сықылды Мұстафада фашистерге қызмет еткендей көрінді. Исаевтың да, Мұстафаның да түпкі мақсаты Отанға, халқына қызмет ету болды. Оған дәлел тұтқын мұсылмандарды шешіндіріп, сүндеттелген болса, газ кмерасында бірден өртеп жатқанын көріп, мұсылмандарда сүндеттелетінін айтып, талайды ажалдан алып қалды. Концлагерьлерде жүріп, жүздеген қазақтарды Түркиядан азық-түлік қару-жарақ дайындауға деп, бостандыққа жіберді. Білімді, қайратты қазақтарды қорғап, елге оралуына қызмет етті. Солардың бірі Ерғали Мұқанов: «Мұстафа Шоқай 28 тұтқынды іріктеп, Жерорта теңізінің маңында фашистердің ДЗЛ-тын салып жатыр. Сол жерге жұмысқа деп барасыңдар, бақылаушылардан амалын тауып қашып шығып, сол жердегі француз партизандарына қосылыңдар. Оларды сендіру үшін Интернациоалды әндетіп орындайсыңдар деді. Сөйтіп француз партизандарына қосылып, фашистердің соғыс ұяларын талқандадық», — дейді.
— Польша жеріндегі фашистер лагерінде едік. Бірде лагерь қожасының қасындағы Мұстафа: «Түркістандықтар. Мұсылмандар бөлек шығыңдар!» — деді.
Бес жүздей адамбыз, оның біразы аштан өлді. Содан күндер өте Мұстафа Шоқай Италияның лагеріне жеткізіп: «Қайткенде де аман қалуды, түрлі амалмен елге жетуді ойлаңдар. Мүмкіндікті ақылға салып жеңіңдер дегені есімізде. Ақырында елге аман келдік қой», — деп, ойылдық Ахметбек Хасенов ауыр күрсінетін-ді.
Сергей, түсіне білсең, мұндай ерлік Отанын, елін, ұлтын сүйгендік деп айтуға дәтің бармай ма, қалай? Тағы бір мысал, Мұстафа Шоқай 38 қазақты Қызылқоға ауданының территориясына түсіртеді. Оларды аудандық НКВД бастығы Құбай Берғалиев ұстап, тергейді. Олар осы өңірдің әр жанұяның жалғызы, кейбірі студенттер, майданға сұранып кеткендер екен. Жауаптарында: «Елге жеткесін ешбір зұлымдық, қылдай қиянат жасамайсыңдар!» — деді Мұстафа. Біз шпион емеспіз. Ал осындай 515 тұтқын казақтарды Норвегияға шығарды, олардың көбі елге оралды. Мұстафаның айтып тауыса алмайтын жақсылықтарын Мария Шоқайдың «Менің Мұстафам» романынан оқыңыз, Сергей жолдас! Сонда фашистерді қалай әшкерелегінен де түсінесіз.
«Өркениетті халықпыз дейді, концлагерьдегі ашыққан адамдар өлген адамдардың өкпе-бауырын суырып жеп жатқанынан артық әлемде зұлымдық бола ма?» — деп басталатын хаты гитлершілерге жазған: «Сіздер, немістер, өздеріңізді «Еуропадағы ең мәдениетті адамдармыз» деп атайсыздар. Егер сіздердің мәдениеттеріңіз менің көріп жүргенім болса, онда мен сіздерге де тұтқындардың шеккен адамзат тарихында болмаған азабын көруіңізді тілеймін. Сіздер ХХ ғасырда өмір сүріп отырып, ХІІІ ғасырдағы Шыңғыс ханның жасаған зұлымдықтарынан да мың есе асып түстіңіздер. Мәдениетті халықпыз деп айтуға қақыларыңыз жоқ! — деп жазыпты Мұстафа Шоқай. Бұл хатты оқып шыққан неміс шендісі Алаш ардагері Мұстафаға: «Пікіріңізді өте ауыр айтыпсыз, бұл артықтау емес пе?» — деп сұрайды. Оған Мұстафа қаймықпастан: «Егер сіздер осыған байланысты маған ату немесе асу жазасын берсеңіздер де, қарсылығым жоқ. Мұндай қоғамда қызмет етіп, өмір сүргеннен гөрі өлгенім артық. Лагерьлердегі асқан зұлымдықтарды көріп жүріп, тіпті де өмір сүргім келмейді. Бір ғана мысал, өзіңнің аяғыңа екі-үш размері кем бәтеңке кигізіп жүргізсе, немесе ұсақталған шынының үстінде жалаңаяқ билетсе, ол аздай-ақ, газ камерада тірідей өртесе, одан асқан зұлымдық болады дер ме едің?» — деп жауап береді.
Фашизмді әшкерелеген мұндай хаттарын гитлершілердің басшылығына да жіберді, бір данасын сүйген жары Марияға да жолдаған екен. Ендеше, Сергей Кожамиякин, бір сәтке болса Мұстафа даңқына жөнсіз тиісуіңді, пасық пікіріңді миыңнан ысырып тастап, Мұстафаны Украинадағы Степан Бандерамен салыстырып, «Қазақ елі Украинаның кебін киеді» деген сөзіңді халықаралық сотқа берсек, обалың болмас еді. Егер жағың қарысып қалмаса, ежелден жерін жерлеп, суын сулап, бір үзім нанды бөліп жеп, тату- тәтті отырған Қазақ елінің саясатынан үйрен демейсің бе одан да, Сергей-ау? Байқа, өзіңе шовинистік жолды сызып алып, жөнсіз ұрыншақтықпен атағымды шығарамын деп, ар шыңынан құлдырап құлап жүрме, Сергей жолдас!.. Тағы да айтам, Мария Шоқайдың «Менің Мұстафам» романын оқысаң, Мұстафа Гитлермен сыбайлас болды ма, әлде соғыс тарихында фашизмді әшкерелеушінің бірі болды ма, түйсіксіз емес шығарсың, түсінуің әбден мүмкін. Түсінбесең, қазақ айтқан «күншілдің күні қараң, ұрымшақтың түрі жаман» дегенді түсін-түсінбе, өзің біл. Біз саған ескерттік, ертең арандап қалсаң, өз обалың өзіңе.
***
Алаш көсемдерінің бірі өлгенінше ұлтқа қызмет еткен Мұстафа Шоқайға тіл тигізуді Алла да кешірмес. Мұстафаның Гитлерге жазған оқтан өткір сөзі түсіңе еніп, есіңнен танып қалма, Сергей Кожемкин жолдас.
Табыл Құлияс